Қарағанды

Бақыт деген не десем?

    Биыл №76 мектептің қазақ мектебі болып қалыптасып, Әлихан Бөкейханның атын алғанына – 25 жыл. Осы мектепте менің жұмыс істегеніме де он жылға жуық уақыт болды. Тіпті, қаншама ата-анамен, оқушылармен туыстай болып кеттім десем де болады…

Қазіргі таңда білім саласында жұмыс жасау бір жағынан жауапкершілікті талап етсе, бір жағынан өз ісіңе деген махаббатыңды оятатыны шындық. Мен Қарағанды қаласының алдыңғы қатарлы білім ошағының бірі – Әлихан Бөкейхан атындағы №76 жалпы білім беретін орта мектепте әлеуметтік педагог болып қызмет етемін. Оқушылармен бірге жұмыс жасау, олардың әрқайсысының ішкі жан-дүниесіне үңіле отырып, әлеуметтік жағдайымен танысу мен үшін қиындығы мен қызығы қатар жүретіндей сезіледі.

Әрбір ата-ананың өзінің пікірі, ойы бар және әр түрлі. Кейде ренжисің, кейде сол кісілермен бірге қуанасың. Бірақ, өз мамандығын сүйген адам қиындықтан қашпайды.

Мектептегі әріптестерім осы мектеп оқушыларын «Кенженің балалары» деп атайды. Расында да, оқушыларым мен үшін өз балаларым секілді. Кейде сырларын айтып, ойларын бөлісіп жатады. Мені өздеріне жақын тартып тұрады.

Әрбірінің әлеуметтік жағдайын зерттеп, отбасыларымен танысып, күнделікті жағдайларын сұрап отырамын. Өз жұмысымның оқушылармен байланысты болғанына, сонымен бірге, Әлихан атындағы мектепте жұмыс жасап жүргенім үшін бақыттымын деп есептеймін.

Кенже КӨПЖАНОВА,

Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ әлеуметтік педагогы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button