Бас тақырып

«Бақыт» қанша тұрады?

Статистика бойынша елдегі әр алтыншы отбасы бір перзентке зар болып жүр. Бұл ресми диагнозбен тіркелгендер ғана. Ал, тіркелмегеніне есеп жоқ. Өкінішке қарай, мұндай отбасылардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Олардың жалғыз мүмкіндігі – «ЭКО-да». Жаратқаннан үміт үзгеннен емес, дені сау баланы көтеріп, дүниеге әкелу уақытының өтіп бара жатқандығынан осы қадамға барады.

Сурет: www.mintrudkchr.ru

Негізінде, медицинада отбасы құрғаннан кейін бір жыл ішінде жүктілік болмаса, ерлі-зайыптыларда бедеулік мәселесі бар деп саналады. Биыл облыс бойынша жасанды ұрықтандыруға 270 квота бөлінді, құжат қабылдау жүріп жатыр. Құжат дегенде, тапсыратыны – медицина мамандарының анықтамасы, талдаулар нәтижесі. Квота алғысы келетін отбасылық жұп облыстық клиникалық аурухананың отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығында құрылған арнайы комиссияға жүгінуі тиіс. Орталықтың реп­родуктолог маманы Татьяна Сло­бодчикованың айтуынша, табиғи жүктіліктің пайда болуына кедергі келтіретін денсаулық кі­нәраты – процедуралар алуға бас­ты себеп.

– Жатырдың, жатыр түтікшелерінің, аналық жұмыртқаның туа немесе жүре келе пайда болған аурулары, сондай-ақ, ер адамның денсаулығындағы патологиялары экстракорпоральды әдіске көрсеткіш. Бүгінде ел бойынша 11 өңірде 31 орталық бар. Квота алған ерлі-зайыптылар оның кез келгеніне жүгіне алады, – дейді маман.

Қазақстанда жасанды ұрық­тандыру арқылы дүниеге келген алғашқы баланың жасының өзі отыз­ға жетіп қалды. Одан бері 40 мың сәби экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы жалғанның жарығын көрді. Оның ішінде, түрлі бағдарламалар мен квоталардың есебінен 12 500 бала дүние есігін ашты.

– Әйелдің де, ер адамның да бедеулігін емдеуге арналған жаңа репродуктивті технологиялар бүгінде кеңінен қолданылып жатыр, – дейді Татьяна Слободчикова. – Мәселен, эмбриондар мен ооциттерді криоконсервілеу, донорлық жасушалар бағдарламасы, суррогат ана, онкофертильділік бағдарламалары бойынша жұмыстар нәтижелі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында экстракорпоральды ұрықтандыруға квота кезегі айтарлықтай азайды. Бүгінде квотаны үш-алты ай аралығында күтеді. Оны алу үшін тіркелген емханасында әйел адамдар бірқатар гормондарға талдау, іш құрылысына ультрадыбыстық зерттеу жасатуы керек. Ал, ер адамдар да тиісті тест тапсыруы тиіс. Осылардың нәтижесіне қарап арнайы комиссия квота тағайындайды. Ол үшін арнайы көрсеткіштер бар. Барлық отбасына сәби сүю бақытын сыйлағымыз келгенімен, шын мәнінде, бала көтеруге және оны дүниеге әкелуге мүмкіндігі жоғары деген отбасылар таңдалады.

Өткен жылы 17 мыңнан астам репродуктивті процедуралар жасалыпты. Маманның айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасының тиімділігі – 45%. Бағдарламаның нәтижесі бедеулік себептеріне, ерлі-зайыптылардың жасы мен жалпы денсаулығына байланысты. Яғни, ешкім 100 пайыз кепілдік бермейді.

Мейрамгүл Ахметова (аты-жөні өзгертілген) жасанды ұрықтандырудың көмегіне екі рет жүгінгенін айтады. Біріншісінде өздері қаражат жинап, барыпты. Кейін квотаға қол жеткізіпті.

– Тұрмыс құрған бес жыл ішінде талай дәрігерге бардым, тіпті, қазақы емге де жүгіндім. Ақыры болмаған соң жасанды ұрықтандыруды бір рет Алматыда, екіншісін Астананың клиникаларында жасаттым. Алайда, нәтижесіз. Сақталған бірнеше жасуша бар. Биыл солар арқылы тағы бір тәуекел етсем, – дейді ол.

Бүгінде балалы болу бақыты 1 млн 200 мың мен 1 млн 700 мың теңге аралығында. Бұл бақытқа тегін де қол жеткізуге болады. Дәл осы шақта сол бақыт «үлестіріліп» жатыр. Миллион теңге тұратын процедуралар сәби иісін аңсағандар үшін тегін. Мемлекет жасаған мүмкіндік сеп болып, аңсаған арман орындалсын дейміз.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button