Бағыт айқын, жұмыс жүйелі
Қазақстанда қазына шығынының басым бөлігі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатына, яғни әлеуметтік дамуға бағытталған. Оның қатарында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мәдениет бар. 2022 жылы халықтың барлық әлеуметтік қорғалмаған топтарына кешенді қолдау көрсетілді.
Жұмыспен қамту
Облыста халықты жұмыспен қамту мәселелері 2022 жылға арналған Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары аясында шешіледі.
Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 701 адам жіберілді. Олардың барлығы оқудан өтті.
2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында грант мөлшері ұлғайтылды. Ол 400 АЕК немесе 1,2 млн. теңгеге дейін өсті. Өз ісін дамытуға грант халықтың әлеуметтік осал санатына берілді. Оған АӘК алатын аз қамтылған отбасылардың мүшелері, көпбалалы, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедек бала (балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар, мүгедектігі бар адамдар және жастар кіреді.
Айта кету керек, өңірдегі жастарды қолдау үшін «Жастар тәжірибесі» жобасы жүзеге асырылуда. Қатысу мерзімі – 12 ай. Бұл ретте төлем мөлшері кемінде 30 АЕК құрайды. Өткен жылы тәжірибеден 1 041 адам өтті.
Сондай-ақ, ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына 540 адам, қоғамдық жұмыстарға 6124 адам жіберілді.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы жастар арасында сұранысқа ие. Оған қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды, ал жалақысы – 30 АЕК-ке дейін. Бұл бағытта 313 адам жұмылдырылды.
Зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылуда. Оған қатысу мерзімі 6 айдан аспайды. Ай сайынғы табыс 30 АЕК мөлшерінде. Жобаға 106 адам қатысты. Сонымен қатар, «Күміс жас» жаңа жобасы іске асырылуда. Ол зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған. Айта кету керек, осы жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндеттенеді. Кепілдендірілген табыс адам зейнетке шыққанға дейін болуы керек. Мұнда субсидиялау мерзімі 12 айға дейін. Ай сайынғы субсидиялар мөлшері белгіленген жалақының 50%-ы, бірақ, 30 АЕК-тен аспайды. Былтыр оған барлығы 292 адам қатысты.
Бастау Бизнес жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 3432 адам оқытылды.
Жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылары бойынша онлайн оқытуға www.skills.enbek.kz 700 адам жіберілді. Бұл жоспардың 122%. Қабылданған шаралар жұмыссыздық деңгейін 2022 жылдың 3 тоқсанында 4,3% деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,6%-ға төмен.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау
Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – ерекше қажеттілігі бар адамдардың мәселесін шешу, олардың қоғамдағы жағдайын жақсарту. Облыста 55 мыңнан астам (55242) мүгедек адам тұрады. Бұл облыс халқының жалпы санының 4,8%-ы.
«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес мүгедектігі бар адамдар оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ЖОБ) негізінде оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Бағдарлама негізінде протездік-ортопедиялық құралдар, сурдо-тифлотехникалық құралдар, санаторлық-курорттық емдеу, гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ым-ишара тілі маманының қызметтері ұсынылады.
2022 жылы мүгедектерді әлеуметтік қолдауға облыс бюджетінен 1 млрд. теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта оңалту құралдары мен қызметтерін мүгедектігі бар адам өз бетінше әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдайды. Мемлекет кепілдік берген соманы өтеуді көздейді. Сондай-ақ, қызметтерді оңалту құралдарын кепілдік берілген сомадан артық сатып алу мүмкіндігі бар, қосымша төлемді алушы жүзеге асырады, бұл ретте кепілдік берілген соманы мемлекет төлейді.
Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 3 605 протездік-ортопедиялық құрал, 1 576 тифлотехникалық құрал, 871 сурдотехникалық құралын, 986 кресло-арба тапсырысын жүзеге асырды. Сондай-ақ, гигиеналық оңалту құралдарының 11 000 жуық тапсырысын жүзеге асырды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 2 590 адам жеке көмекшінің қызметін алды, 546 мүгедек адам ым-ишара тілі маманының қызметіне тапсырыс берді, 6130 адам санаторий-курорттық ем алды.
Инватакси қызметі облыстың 13 өңірінің 11-де (Қарағанды, Саран, Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалалары мен Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандары) бар. 58 автокөлікте тегін көлік қызметі көрсетеді, оның 22-сі арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Өткен жылы инватакси қызметтің 1100-ден астам адам пайдаланды, оның ішінде 238 мүгедек бала бар.
Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында мүгедектігі бар адамдардың ісі бойынша әкімдердің кеңесшілері тағайындалды.
2022 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынымына сәйкес облыстың қалалары мен аудандарының бюджетінен біржолғы материалдық төлем жасалды. Оның ішінде: ҰОС қатысушыларына 1 млн. теңге, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 100 мың теңге; жалдамалы құрамдағы адамдарға – 100 мың теңге; Ленинград блокада кезеңінде жұмыс істеген азаматтарға – 60 мың теңге; ҰОС жылдарында қаза тапқандардың (қайтыс болғандардың) жесірлері мен әйелдеріне – 30 мың теңге; тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңге. Былтырдан бері облыстық мәслихаттың бастамасы бойынша басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек мөлшері 150 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Өмір сапасын жақсарту
Облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдар үшін 1 күндік бөлімше, мүгедек балаларға арналған 1 күндік бөлімше, мүгедектерге арналған 1 оңалту орталығы, үйде 57 әлеуметтік көмек бөлімшесі, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру үшін 2 орталық ұсынады.
Өткен жылы мемлекеттік секторда 8 937 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Оның ішінде, 854 мүгедек бала, 18-ден асқан, психоневрологиялық аурулары бар 2287 адам, 4569 жалғызбасты қарт пен мүгедек адам бар.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталықтарында – 306 адам қамтылды. Қарқаралы ауданының оңалту орталығы былтыр 921 адамды арнайы әлеуметтік қызметтер қамтыды.
Сонымен қатар, басқарма үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі жобалар жыл сайын іске асырылады. Бұл жобалар әлеуметтік маңызды. Өткен жылы жалпы сомасы 79 271 мың теңгеге сегіз үкіметтік емес ұйым жобасы іске асырылып, 244 адам қамтылды.
Атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 898,6 млн. теңге қарастырылған. Оның 699,7 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, 198,9 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен аударылды.
Биылғы жыл басындағы дерек бойынша атаулы әлеуметтік көмек 2 672 отбасына (оның ішінде 932 көпбалалы отбасына), 12 243 адамға тағайындалды. АӘК төлеуге 897,7 млн. теңге бағытталды. Төленген көмектің орташа мөлшері 6 649 теңгені құрады.
Материалдық қолдау
2022 жылдың 4-тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі облыста 44 957 теңгені құрады (ҚР – 46 671 теңге). Кедейлік шегі – 31 470 теңге (ҚР – 32 670 теңге). Әлеуметтік пакет шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ағымдағы жылы 177,0 млн. теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 145,1 млн. теңге және жергілікті бюджеттен – 31,9 млн. теңге).
Бүгінгі таңда 3 289 балаға (2 630 отбасы) тағайындалды, оның ішінде 1 жастан 3 жасқа дейін – 1 665 бала, 3 жастан 6 жасқа дейін – 1 634 бала. МӘК төлеуге 145,0 млн. теңге бағытталды.
Бүгінгі таңда тұрғын үй көмегі 2 055 отбасына жалпы сомасы 61,9 млн. теңгеге көрсетілді. Былтыр бұл мақсатта 84,3 млн. теңге бөлінді.
Аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз ету шеңберінде Бұқар жырау ауданында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 97,5 мың теңге сомаға 5 отбасы телевизиялық абоненттік приставкалармен қамтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде отбасының Цифрлық картасы енгізілді. Карта – мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті форматының жаңа құралы. Онда азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқығы туралы «электрондық хабарлама» функциясы қарастырылған. Бұл жүйеде облыстың 200 мыңға жуық отбасы (1.1 млн. тұрғын) туралы мәлімет бар. Олардың әрқайсының «отбасы портреті» жасалды.
Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларды пысықтау шеңберінде Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында жұмыс топтары құрылды, олардың күшімен отбасының цифрлық картасы негізінде мәліметтерді «тексеру» ұйымдастырылды.
Бүгінде АӘК алуға 22 087 үміткердің 22 048-імен немесе 99,91% тиісті жұмыс жүргізілді. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығын айқындау кезінде әлеуетті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі.
Көші-қон саясаты
Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде 2022 жылы Қарағанды облысы үшін 747 бірлік көлемінде шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгіленді, 634 рұқсат берілді.
Қарағанды облысында 2022 жылы қандас мәртебесін 440 адам немесе 267 отбасы алды.
Өзбекстаннан 326 адам, 202 отбасы, Моңғолиядан 89 адам, 43 отбасы, Ресейден 18 адам, 17 отбасы, Қырғызстаннан 3 адам, 2 отбасы, Қытайдан 2 адам, 2 отбасы, Түрікменстаннан 2 адам, бір отбасы келді. Олардың көбісі Теміртау, Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Бұқар жырау, Осакаров аудандарында қоныстанды.
Қарағанды облысында биылғы жыл басындағы жағдай бойынша баспана іздеуші мәртебесі бар 32 адам, яғни, 27 отбасы тіркелген. Оның ішінде, 12 Ауғанстан азаматы, 20 адам Украинадан.
Әлеуметтік серіктестік
Облыс өңірлердің әкімдері әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияларды басқарады. Былтыр облыстық үшжақты комиссияның 18 отырысы өтті. Оларда 90-нан астам мәселе қаралды. Оның ішінде АТК отырыстарында 28 мәселе, олардың басым көпшілігі әлеуметтік-еңбек сипатында. Өткен жылдың қараша айында Қарағанды облысының әкімі, кәсіподақтар (қызметкерлер) бірлестіктері, кәсіпкерлер қауымдастығы және облыстың жұмыс берушілері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған келісімге толықтыру енгізілді.
АТК отырыстарында қабылданатын шешімдердің орындалуы тараптар мен жұмыс тобы өкілдерінің бақылауында болады. Әр жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыс тобына шешімдердің орындалу барысы туралы ақпарат беріледі.
Жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық жұмыс берушілер палатасымен, Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша республикалық конкурс өткізеді. Бұл конкурс жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға және арттыруға бағытталған. «Парыз-2022» конкурсына қатысуға Қарағанды облысынан 34 ұйым өтінім берді. Қорытындысы бойынша «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» – «Қоңырат мыс компаниясы» ЖШС (бірінші орын), «Экологияға қосқан үлесі үшін» – «Шұбаркөл Көмір» АҚ (екінші орын), «Экологияға қосқан үлесі үшін» – «Рапид» фирмасы» ЖШС (үшінші орын).
Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айрықша белгілер (мүсіншелер) табыс етілді. Сондай-ақ, лауреаттар конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта осы атақ берілгеннен кейін үш жыл ішінде пайдалану құқығын алады.
Басқарма өткен жылды қорытындылады, келген жылға міндеттер қойды. Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде барлық белгіленген бағыттар бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.
Әсем ЖҮНІСПЕКОВА,
облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы