Жаңалықтар

Бақылау күшейтіліп, бюрократия азайды

Өңірлік коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Нұркен Блялов өткен жыл­ғы жұмыс қорытынды­сын жариялады. Кездесу барысында әлеуметтік тө­лемдерді тағайындау, мүгедектікті белгілеу, мемлекеттік бақылау тетіктері мен цифрландыру бағытындағы өзгерістер кеңінен сөз болды.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Департамент басшысының айтуынша, халықты әлеуметтік қорғау – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Негізгі мақсат – азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, зейнетақы мен жәрдемақыларды уақытылы тағайындау және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру.

Нұркен Аманбайұлының мәлімдеуінше, әлеуметтік салаға Президент деңгейінде ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтыр «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған нақты шаралар қабылданды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, цифрлық шешімдерді енгізу, қызмет көрсету процестерін автоматтандыру және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыру басым бағыт болмақ.

Спикердің дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел бойынша 2 млн 9 мың тұрақты жұмыс орнын қалыптастыру қамтамасыз етілген. 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547 мыңнан астам азаматты еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі – жұмыспен қамту мен еңбек нарығын тұрақтандыру.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарды кешенді әлеуметтік қорғау мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Нұркен Бляловтың айтуынша, оларды жұмыспен қамту тәсілдерін қайта қарау, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру – өзекті міндеттердің бірі.
Департамент аумақтық орган ретінде мемлекеттік саясаттың өңірде нақты іске асырылуын қамтамасыз етеді. Жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау, медициналық-әлеуметтік сараптама және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау.

Медициналық-әлеуметтік сараптама бағыты бойынша департамент мүгедектік тобын белгілеу және ұзарту қызметін көрсетеді. Қазіргі таңда Қарағанды облысында 55 963 мүгедектігі бар адам тұрады, бұл өңір халқының 4,9 пайызын құрайды. 2024 жылмен салыстыр­ғанда бұл көрсеткіш 0,6 пайызға төмендеген. Әсіресе екінші топтағы мүгедектер саны 401 адамға, үшінші топ 186 адамға азайған.

Мүгедектікті проактивті (өтінішсіз көрсетілетін форматта), сырттай куәландыру тәжірибесі енгізілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде мұндай формат 40,9 пайызды немесе 6 364 адамды қамтыған. Спикердің айтуынша, бұл тәсіл азамат пен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге сеп болып, сараптама шешімдерінің ашықтығын арттырады. Әрі қызмет көрсету мерзімін қысқартады.

Зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау бағыты бойынша департамент 15 мемлекеттік және әлеуметтік төлем түрін жүзеге асырады. Оның 11-і проактивті форматта көрсетіледі. 2025 жылы барлығы 138 839 электрондық іс макеті тағайындалған. Соның ішінде 70 493-і – жаңа тағайындау. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 9,97 пайызға төмен. Департамент басшысы мұны автотаңбалау функциясының енгізілуімен түсіндірді.

Цифрландыру аясында мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, жерлеуге арналған біржолғы төлем, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар автоматты түрде тағайындалады. Бұл рәсімдер мерзімді қысқартып, әкімшілік кедергілерді жояды.

Сонымен бірге 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақылар 10 пайызға өсті. Басқа да жәрдемақы түрлері күнкөріс минимумының ұлғаюына байланысты қайта есептелген.

Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау бағыты бойынша 2025 жылы 75 тексеру жүргізіліп, 172 құқықбұзушылық анықталған. 35 нұсқама беріліп, 128 заңбұзушылық жойылған. 5,5 млн теңге сомасында 21 әкімшілік айыппұл салынған, қаражат толықтай қалпына келтірілген.

Брифинг қорытындысында Нұркен Блялов мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі түсінікті болуына басымдық беріліп отыр­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі міндет – қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту, процестерді толық цифрландыру және азаматтарға ыңғайлы формат қалыптастыру. Алдағы кезеңде бұл бағыттар цифрлық технологиялармен ұштаса отырып, жалғасын таппақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button