Көкейкесті

Бағы тайған бақ

Жезқазған ботаникалық бағы – 1995 жылы Бас ботаникалық бақ пен Ботаника институтын біріктіргеннен кейінгі жаңа құрылым – Ботаника және өсімдік жерсіндіру республикалық институтының филиалы. Ол ғылым саласында шаруашылықөндірістік қызметпен айналысады. Дендрология, гүл мен жеміс, жергілікті өсімдік телімдері, сондай-ақ, жерсіндіру тәлімбағы бар. Бұдан он бес жыл бұрын Жезқазған ботаникалық бағына “Айрықша қорғаудағы табиғи аумақ туралы” ҚР Заңына сәйкес Үкімет қаулысымен “Республикалық маңызы бар айрықша қорғаудағы табиғи аумақ” мәртебесі берілді.

Тарихын тамырлатсақ…

КСРО -ға 1934 жылы Мәскеуде өткізген ғылыми конференцияда Жезқазған кен орнының мұқтаждығына назар аударылды. Онда өнеркәсіпті дамыту мәселелерімен қатар Үлкен Жезқазғанды көгалдандыру мен оның ауыл шаруашылық базасын құру мүмкіндігі де қарастырылды. Конференцияда қабылданған ұсыныстарға сәйкес 1936 жылы кешенді экспедиция құрылды. Аймақтың табиғи жағдайын үш жыл зерттеудің нәтижесінде кешенді экспедиция Үлкен Жезқазғанның төңірегінен картоп, көкөніс, тағы басқа дақылдар егетін жыртуға жарамды жерді анықтады.

1939 жылы тәжірибелік телімге арналған орын түпкілікті таңдалып, бірқатар көкөніс пен бау-бақша дақылын, сондай-ақ, ағаш пен тал-шілікті сынақтан өткізу бірден қолға алынды. Кеңгір су қоймасының бөгетінен 7 шақырым төменірек, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауынан тәжірибелік алқаптың негізі қаланып, ол 1941 жылы КСРО ҒА қазақстандық филиалының тәжірибе стансасына айналды. Сөйтіп, жерді игерудің тиімді тәсілдері мен суландыру әдістерін табуды егжей-тегжейлі зерттеу басталды.

Сол жылы суармалы жерде өсімдіктің ағашты-бұталы түрлерін, көкөніс-бақша дақылдарын, сондай-ақ, суарылмайтын жерде дәндік және азықтық дақылдар өсіруге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бұл мәселені ойдағыдай орындауға әртүрлі бағыттағы мамандар: агроном, орманшы, бағбан, су технигі, топырақ зерттеуші, агрохимик, тағы басқалар тартылды. Сөйтіп, ғылыми-зерттеу жұмысы кешенді сипатқа ие болды.

Үлкен Жезқазғанның құрылысы жаңа жүріп жатқанда, 1940 жылы оның орталық бөлігіндегі 7 га жерге саябақтың негізі қаланып, тәжірибе стансасымен тығыз байланыс орнатты. Сол ауыр жылдары Қаныш Сәтбаев көгалдандыруға қатты көңіл бөліп, саябақ отырғызуды керемет, қажетті, ең бастысы дер кезінде қолға алынған бастама деп бағалады. Жезқазғанды көгалдандыру осылай басталды.

Жергілікті климаттық жағдайға төзімді өсімдік түрлері таңдап алынғаннан кейін оларды өсірудің тиімді тәсілін табу бағытында жұмыс жүргізілді. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері Кеңгір және Талап сияқты көкөніс-сүт өндіретін шаруашылықты жобалау мен ұйымдастыруға, кен-металлургия комбинатының көгалдандыру цехын, баубақша бірлестігін, саяжай телімдерін қалыптастыруға негіз болды.

Ботаникалық бақ жалпы 900 түрлі гүлді-сәндік өсімдікті, оның ішінде 751-і – ашық, 149-ы жабық топырақта, төтенше топырақтық-климаттық жағдайда сынақтан өткізді. Тынымсыз ізденістің арқасында 300ден астам төзімді сәндік ағаш пен бұта тапты. Жергілікті өсімдік әлемінің 200-ден астам емдік, азықтық, тағамдық, сәндік, көгалдық және топырақ қорғағыш түрін сынақтан сәтті өткізіп, оларды халық шаруашылығының әртүрлі саласына қолдануға ұсынды.

Тығырыққа тірелген тірлік

Күрделі климаттық жағдайда өсімдікті жерсіндіру бағытында батыл қадам жасап, бірқатар оң нәтижеге жеткен ботаникалық бақта кейінгі кезде ғылыми-зерттеу қызметі күрт төмендеп кетті. Басты қиындық – қалыпты материалдық-техникалық базаның болмауы. Ғылыми жұмыстар қолайсыз санитарлық аймақта жүргізіледі: жел соққанда іргесіндегі байыту фабрикасының өндірістік қалдық шаруашылығынан, жылу-электр орталығының көне күл жинақтағышынан, мыс қорыту зауытының шлак үйіндісінен шаң бораса, солтүстігі мен солтүстік-батысында жұмыс істеп тұрған жылу-электр орталығы мен зауыт түтінмен “тұншықтырады”.

Ауыз суды айтпай-ақ қояйық, суын қолданатын Қаракеңгір өзеніне тұрмыстық және өндірістік сарқынды су толассыз құйылып жатады. Соның салдарынан топырақтағы тамырға зиянды қоспа байланады, өсімдіктің зат алмасуы бұзылады, сарғайып кетеді, өсуі тежеледі, алқаағаш ұштары мезгілсіз құрғайды және жойылады. Ботаникалық бақтың аумағына шөккен мыс қорыту зауытынан шыққан пульпа мен күкіртті газдың, жылу-электр орталығының газды қосындысы бүртігінің зиянды әсері сондай, өсімдіктің жапырағы күйіп кетеді, бүлінген жерін қалпына келтіру баяу жүреді, кейде қурап қалады.

Санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сәйкеспейтін жағдай, ботаникалық бақты көшіру мәселесі сонау 1958 жылы-ақ көтерілген. ҚазКСР ҒА Төралқасының бюросы сол жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен Ботаника институты Жезқазған бөлімшесіне қарайтын ботаникалық бақ құрылысын салудың жобалық тапсырмасын бекітті. Оған қаланың солтүстікбатыс бөлігінен, Бекболат сайының төменгі сағасынан жер телімі бөлінді. Жер телімінің солтүстік-батысы мен солтүстігі Кеңгір су қоймасымен, оңтүстігі Кеңгір-Рудник су таратқышымен, батысы “Қазмысқұрылыс” тресінің ескі құм карьерімен шектесетін.

ҚазКСР Үкіметінің мемлекеттік ғылымитехникалық комитеті ботаникалық бақтың жобасын жасауды “Джезказгангипроцветмет” жобалау институтына жүктейді. Ол 1959 жылы қаңтарда қажетті материалдардың есепқисабы қамтылған жобалық тапсырманың бастапқы нұсқасын дайындайды. Оны ҚазКСР ҒА Ботаника институтының ғылыми кеңесі, сосын КСРО ботаникалық бақтар кеңесінің, КСРО ҒА Бас ботаникалық бағы ғылыми кеңесінің, сондай-ақ, жекелеген маман-ғалымдардың бірлескен отырысы жан-жақты талқылап, кеткен кемшілігін көрсетіп, нақты ұсыныстар жасайды.

“Джезказгангипроцветмет” мамандары көрсетілген кемшіліктерді жасалған ұсыныстарға сәйкес жедел түзетіп, 1960 жылы бірінші тоқсанда екінші нұсқасын тапсырады. Ол техникалық жобаны одан әрі жасауға жарамды деп табылады. Ал, ҚазКСР ҒА Төралқасы 1960 жылғы 9 қыркүйектегі өзінің өкімімен жобалық тапсырманы бекітеді. Бірақ, ҚазКСР ҒА-ның 1960-1964 жж. арналған күрделі құрылыс титулынан күтпеген жерден түсіп қалып, құрылысы кешеуілдейді. Сөйтіп, жолы болмаған жобаның “жыры” басталады.

“Жырға” айналған жоба

ҚазКСР ҒА Төралқасы титулдан түсіп қалған жобаны Жезқазған кен-металлургия комбинатының қаржысы есебінен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады. Содан ҚазКСР ҒА мен Қарағанды халық шаруашылығы кеңесі, Қазақстан халық шаруашылығы кеңесі, республика Үкіметі арасында әрі-бері жазысқан қатынас қағазы қарша борайды. 1964 жылы комбинат басшылығы сметалық құны 400 мың рубльдік тәжірибелік телімі бар орман тәлімбағының (ботаникалық бақ) құрылысын өзінің титулына енгізеді. Техникалық кеңесте оны бұрын ботаникалық баққа таңдалған жерге салмақшы болады.

Бірақ, одан әрі жобалық тапсырманы жасау кезінде және “Казгипрокомстрой” жобалау институты мамандары топырағын егжейтегжейлі тексеру барысында ол телім жарамсыз деп табылады. Сосын 1965 жылы көктемде комбинат, ботаникалық бақ және жобалау институты өкілдері мен қала сәулеткерінің қатысуымен жалпы ауданы 100 га жаңа телім таңдалады. Қалалық Кеңестің атқару комитеті сол жылғы 28 сәуірдегі шешімімен бекітеді. “Казгипрокомстрой” жобалау институты іздестіру жұмысын бастап жібереді.

Сол кезде қалалық Кеңестің тапсырмасымен “Казгорстройпроект” институты мәскеулік “Горстройпроект” институтымен бірлесіп, Жезқазғанның Бас жоспарын жасауға кірісіп жатады. 1965 жылдың аяғында бекітілген Бас жоспарда тәлімбақ жерінің жартысы қала құрылысының пайдасына шешіледі. Сондықтан, қалалық Кеңестің атқару комитеті 1966 жылы 15 ақпандағы шешімімен оған қосымша 50 га жер телімін бөледі.

1968 жылы “Казгипрокомстрой” жобалау институты техникалық жоба жасады. Сол жылы Жезқазған кен-металлургия комбинаты, ҚазКСР Түсті металлургия министрлігі, ҚазКСР ҒА жобаны қарап, кейінгі екеуі бекітті. Алайда, кен-металлургия комбинаты әртүрлі себептің салдарынан құрылысты титулға кіргізбеді. Жоғарғы және жергілікті биліктің араласуымен тапсырыс беруші комбинат 1984-1985 жж. 10-20 мың рубльден қаражат бөлгенімен, мердігер үй құрылысы комбинаты жобаның ескіргенін, ондағы кейбір кемшілікті алға тартып, құрылысқа кірісе қоймады.

Ботаникалық бақ салуға байланысты мәселе одан кейін де талай рет көтерілді, бірақ, түбегейлі шешімін таппады. Тоқсаныншы жылдары кен-металлургия комбинатының шаруашылық есепке көшуі мен күрделі қаржылық жағдайына байланысты тәжірибелік телімі бар орман тәлімбағының (ботаникалық бақ) құрылысы туралы әңгіме саябырлап, 1996 жылдан кейін таза тыншыды. Бәрінен күдерін үзген ботаникалық бақтың басшылығы ескі жұртта өз күшімен ішінара жаңғырту жұмысын жүргізуге кірісті.

Тәжірибелік телімі бар орман тәлімбағын (ботаникалық бақ) салу туралы әңгіме қозғалғаннан кейінгі отыз жылда құрылыс жобасы мен бөлінген телім үш рет өзгерді, бес басшы ауысты. Соңғы рет, ширек ғасырдан кейін ботаникалық бақтың басындағы қиындық пен оны көшіру мәселесі 2019 жылы 17 шілдеде Жезқазған қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында көтерілді. Әзірге басынан бағы тайған ботаникалық бақтың “маңдайынан сипайтын” қара көрінбейді…

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button