Бас тақырып

Бақшаға бармайтын балаға арналған

Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін Қарағанды облысында «SabiDamu» виртуалды ала­­ңы қосылды. Бұл ата- аналарға балаларын пайдалы іске бағыттап, сонымен қатар, ерте дамуға көмектесетін сапалы әдістемелік материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

0-ден 6 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына арналған әдіс­темелік нұсқаулық – «SabiDamu» балабақшаға бармайтын балаларға арналған. Платформадан әртүрлі білім және тәрбие беру материалдарын, атап айтсақ, ертегілер, ойындар, бейнелер, аудио, оқу сабақтарын, фотосуреттерді де кездестіруге болады.

Сондай-ақ, алаң – балаларды тәрбиелеу мен оқытуда виртуалды көмекші әрі жол нұсқаушы. Онда мамандар баланың дамуын дұрыс қадағалау керектігін кезең-кезеңімен түсіндіреді. Ата-аналар кез келген маманның кеңесіне жү­­гіне алады. Баланы өмірлік жағ­­дайларда барынша дамытып, әлеу­­меттендіреді.

– «SabiDamu» платформасының негізгі міндеті – ерте даму скринингі. Платформа балабақшаға бармайтын балаларға арналғандықтан, жүйе балалардың белгілі бір жасына сәйкес әртүрлі контент әзірледі. Балабақшаларда жинақталған тәжірибе онлайн форматқа ауысқандықтан, логопед, психологтардың жұмысы көрсетілген. Ата-аналар бала­ға қатысты өздерін мазалаған сұ­рақтарға жауап таба алады, – деді «SabiDamu» платформасын әзір­леу­мен айналысатын «Өрлеу» ком­паниясының басшысы Фарида Ақ­шолақова.

Мәселен, егер бала жыласа, нашар ұйықтаса немесе се­руендеу­ге қашан бару керектігін біл­месе, онда маман виртуалды ба­лабақша көмегімен отбасымен жұмыс істейді, көмек көрсетеді. Бала әрі қарай платформадан дамытушы мультфильмдерді көре алады.

Мамандардың айтуынша, жа­сы 3-4-тегі балалардың шығарма­шы­лық дамуындағы жас ерекшеліктері өзгеріске жылдам ұшы­райды.

– 3-4 жаста бала қалыптасуындағы маңызды сәтті жіберіп алмау және баланың нақты қандай таланты бар екенін түсіну – ата-ананың негізгі міндеті. Бұл жаста шығармашылықтың жоғары шыңы бала күнделікті бір іспен айтарлықтай жүйелі түрде шұғылданғанда пайда болады. Осы сәттен бастап, ата-аналардың назары баланың таланты мен қызығушылығын дамытуға және қолдауға бағытталуы тиіс.
Мысалы, 3-4 жас аралығындағы баланы тік және көлденең сызықтарды салуға, бірнеше жолдан тұратын заттарды салуға үйрету қажет. Әртүрлі формалардағы заттарды, мысалы, көкөністерді, жемістерді, ыдысты бейнелеуі қажет. Балаға сурет салу барысында негізгі түстер – қызыл, сары, көк, қара, жасыл, ақты пайдаланған дұрыс. Осындай ұсыныстар виртуалды платформада кеңінен айтылады, – дейді облыстық білім басқармасының мамандары.

Жалпы бұған дейін 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар саны 8 мыңнан асатын Қарағандыда жаңа орындарға қажеттілікті жою үшін үлгілік мемлекеттік балабақшалар салу талап етілген. Биыл осы мақсатта Қарағанды облысында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуда 1 107 орын ашылды.

– Өңірдің 404 мектепке дейінгі ұйымдарында 35 мыңнан астам бала дамуда. Мектепке дейінгі орындарды қамтамасыз ету көп жағдайда жеке инвестиция тарту есебінен шешіледі. Жаңа орындардың жалпы санының 72%-ын жеке ұйымдарда аштық, – дейді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

– Жақсы платформа. Баланы оқыту үшін қажеттінің барлығы бар. Бұл үйдегі сабақтарды әлдеқайда қызықты етеді, – дейді виртуалды платформаның алғашқы қолданушысы Жансұлу Талғатқызы.

Айта кеткен жөн, өңірдің 404 мектепке дейінгі ұйымдарына 35 мыңнан астам бала барады. INDIGO.kz ақпараттық жүйесі арқылы бүгінгі таңда балабақшаларға 5 мыңнан астам бала қабылданды. Алдағы уақытта облыс бойынша Қарағанды, Шахтинск қаласында, Қарқаралы және Шет аудандарында 505 орындық тоғыз мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарлануда.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button