Жаңалықтар

Бақ мекенім – Бақты

Арқадағы он екі қазылықтың екеуі: Кент қазылық пен Боқты қазылықтың нулы, сулы, шұрайлы өлкесін жайлаған Бақты ауылы биыл көктем туа үлкен бір шаруаны қолға алды. Ауыл іші күл-қоқыстан тазартылып, аруақтар мекені – ауыл мазараты маңайы мұқият тазаланды. Ауылдың ішкі жолдарына тас төселіп, ой-шұңқыры тегістеліп, жолымыз күрделі жөндеуден өткізілді. Осы бір ауқымды істің барлығы өндірісте жұмыс істейтін ауыл азаматтарының бастамасы арқылы жүзеге асты. Сол азаматтардың елім деп соққан аяулы сезімдерін, жүрек тебіреністерін қалай айтып өтпейміз?! Істеріңізге береке-бірлік берсін демекпін. Ауыл халқы бір үйдің баласындай жұмыла жұмыс істеп, бірігіп, бірлесіп, тұтасып кетті. Сөйтсек, ел бірлігі тектен-тек емес, ауылдың іргетасы қаланып, ел болып еңсесін тіктегеніне де 60 жыл толып отыр екен. Сол мерейлі межені тұтас ауыл болып атап өтіп, ауыл күнін тойласақ деген ізгі ойдың бастамасы екен.

Осындай жақсы істің жаршысы, бастамашысы – Серғазы Түйте, Әлфараби Стамқұлов, Теміржан Исин сынды атпал азаматтар. Білек сыбана кірісіп, игілікті іске қолдау көрсетілуін, халық болып жұмыла жүк көтеру қажеттігін түйсінген ауылдың белсенді азаматтары – Мейрам Жәбдік, Аманғазы Стамқұлов, Марал Орынбеков, Алдан Жақсылықов есімді азаматтар қолынан іс келетін жігерлі жастарды игілікті істерге тарта бастады.

Сонымен, 25 мамыр «Бақ мекенім – Бақты» ауыл күні болып белгіленіп, құрылғанына 60 жыл толған ауыл мерекесін өткізу бастамасы көтерілді. Туған өлкені көркейту, әлеуетін арттыру, мәдениетін дамыту сынды ізгі шаралар қолға алына бастады. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін ауылымыздың жан-жақта жүрген азаматтары үн қосып, қаржылай көмек көрсете бастады.

Той өткізу қамына кіріскен белсенді топ әп-сәтте той бағдарламасын жасап та тастады. Бірінші мәселе ауылдың ішкі-сыртқы тазалығы қолға алынды. «Кентөбе» кенішінде «Қазақмыс» корпорациясында еңбек ететін ауыл азаматтары «Қармыс», «Байбатыр» компанияларында еңбек ететін ауыл азаматтары бірігіп, жұмысқа жұдырықтай жұмылғанын атаған ләзім.

Айналасы аз уақыттың ішінде бірнеше миллионның ауқымды жұмысы атқарылды. Бәрінен бұрын айтарымыз – осы жұмыстарды азаматтар өз есебінен іске асырды. Туған жерді сүйе білу, отаншылдық сынды аяулы сезімдер осындай-ақ болар.

Әр жылдары мектеп бітірген түлектер ауылы үшін ізгі істерге бастамашы бола бастады. Атап айтсақ, ауыл қақпасы – мектептің 36-шы түлектерінің ұйымшылдығы мен ерен еңбектерінің арқасында тұрғызылды. Істің басы-қасында ауыл азаматы Нұрғалиев Мақсұт жүрді. Сондай-ақ, «Бақ мекенім – Бақты» әні жазылды. Оған демеушілік жасаған ауылдың тумасы Сарбасов Нұрлан (қазіргі күнде АҚШ-та тұрады). Ән – ауылдың ұраны, маршы десек те болатындай.

Әсіресе, той өткізу үшін безендіру ісімен айналысқан дизайнер ауылымыздың түлегі Жабдикова Баянның еңбегін атап өтсек дейміз. Жалпы алғанда, жұмысқа тартылмай қалған жан жоқ. Жастардың жан қияр еңбегімен қатар, оқудан тыс уақытта оқушылардың да тазалық жұмысына қатысты. Сөйтіп, асқан ұйымшылдықпен басталған той 25 – мамыр сағат 12 – де «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші әруақтарға құран бағышталып, жиналған жұртқа «ас беру» салтанатымен жалғасты. Ауыл қақпасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл әкімі А. Сейтхазин құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Т.Орынбеков бата беруді.

Қарқаралы аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері ауылымыздың тумасы Еркебұлан Қанатұлы жұбайы екеуі тойдың көркін қыздыра түсті. Әуелеген әсем ән, күмбірлеген қоңыр күй көңілді көтере түскені анық.

Ауылымыздың тумасы белгілі ақын Мирас Асанның сөзіне жазылған «Бақты мекенім» әнінің тұсауы кесілді. Әні белгілі сазгер, Балқантау өңірінің тумасы Амангелді Ахметжановтікі, орындаушысы Бақтыдан шыққан белгілі әнші Сәкен Омаров. Жұрт жылы қабылдап, шашу шашылды.

Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. «Арқан тарту» сайысы командалық жүйеде өткізіліп, жеңісті ауыл командасы жұлып алды. «Қой көтеру» сайысында бір-бірінен асып түсуге ұмтылған палуандар күш-қайрат, жігерін жани түсті. Нәтижесінде қойды 55 рет көтерген ауыл палуаны Әзімбаев Олжас жеңіске жетті.

Ұлдар және қыздар арасындағы жүгіруден жеңімпазды «Сарыарқа» телеарнасының журналисі, ауыл азаматы Мақсат Бейсенаев жеке өз атынан 50 мың теңге жүлдемен марапаттады. «Серке көтеруде» жеңімпазы да, қарағандылық жас палуан Дос Әбілмансұр ауылымыздың тумасы. Ел бір марқайып қалды.

Сонымен, ел асыға күткен ат жарысына да кезек келіп жетті. Бірінші «Тай жарысы» басталды. Бәйгеге 20 тай тіркеуден өтіп, халық бір ду ете түсті. Мәресі 4 шақырым. Бәйгеге 5 орын тағайындалған. Бас жүлде – мотоцикл. 9 шақырымдық «Құнан бәйгесіне» де 20 құнан тізімделіпті. Бәйгеге 5 орын белгіленген. Бас жүлдесі – мотоцикл.

Жұрттың делебесі қозып, көптен күткен «Аламанға» да кезек келіп жетті. Жер-жерден келген тұлпарлар саны – 28. Мәре 7 айналым – 21 шақырым. Бақ шаба ма, бап шаба ма демекші бағы да, бабы да келіскен Осакаров ауданының бәйгесі қара үзіп бірінші келіп, бас жүлде – мотоциклмен марапатталды. Жүлдені мектеп бітіргендеріне 45 жыл толған түлектер атынан осы жолдар авторы тапсырды.

Осылайша ұлан-асыр тойдың жүлде қорын ауыл халқы өздері жинап, бірлік-берекенің, пейілдің кеңдігін көрсетті. Ауыл тойына еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келді. Бірлігі жарасқан елдің келешегі келісті екенін ауылдағы ағайын дүйім елге паш етті.

Болат АСАН.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button