Жаңалықтар

Бақұл болыңыз, Нар Нағашым!

Сурет марқұмның жеке мұрағатынан

Сыр өңірінде іссапарда жүр едім. Елден жеткен суық хабар жүрегімді жаншып, қабырғамды қайыстырып жіберді.

Анамның төркініндегі төрдегі орын бос қалыпты. Қажыр­лы қайраткер, тұғырлы тұлға, Қарқаралының өзіндей, Би атаның (Сеңкібай бабасының) көзіндей болған Нар Нағашым Төлеутай аға дүние салыпты…
Төлеутай нағашыммен Арқаның абыз ақсақалы, Алаш көсемдерінің соңғы толқыны Қалкен аға Мәкенбайұлы таныстырып еді. Қалкен ақсақалдың шаңырағында өткен той-қызығынан қалмай, топырақты өлімде де Қалекеңнің жанынан табылатын ірі інісі, кең тынысы осы Төкең болатын.

Мен Қарағандыға көшіп келгенде де алдымнан шығып, ақыл-кеңесін аямаған, «жиенім» деп аялаған да осы Төкең еді. Газетке шыққан әр мақалама, телеарналарға берген әр сұхбат, сөйлеген сөзіме арнайы хабарласып, бірінші болып ой-пікір айтатын да осы Төкең нағашым еді.

Қарқаралының Қасым ауылы төңірегіндегі қара ормандай нағашыларыма таныстырып, ұлы жұртымның шапағатына бөлеген де осы Төкең нағашым болған. Еркелетіп, үнемі ақ тілеуімен аңқылдап жүретін асылым-ай!

Бойына да, жүрегіне де туған топырағы Қарқаралының қасиеті, бабасы Сеңкібай батырдың даналығы, қазақ жырының дауылпазы Қасымның қайсар рухы дарыған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің үлгісіне айналған мейірімді жүрек мәңгіге дамыл тапты. Қандай ауыр қаза! Елге тұтқа болған еңселі ер, қазыналы қариялардың қатары сиреп барады. Маған Төлеутай аға Арқадағы асқақ рухтың қамалындай, ұлылықтың ұшқынындай көрінетін.

Есімі қасиетті Қарқаралымен қатар аталатын қайран нағашыммен бірге тұтас бір дәуір көшіп бара жатқандай.
Ол елдің ұлы болды. Елін сүйді. Еліне адал қызмет етті.

Қыстың алғашқы күнінде Қыр­дан ескен ызғарлы желмен Сырға жеткен суық хабар Қарқаралыны қамықтырып, Қарағандының рухани қазынасын ортайтып кеткендей…

Асылын ажалға беріп, аңыраған Арқа жұртына, Қарқаралының қараорман халқына, барша нағашыларыма қайғыра көңіл айтамын. Жұбата алмаймын Сіздерді. Өйткені, өзім егіліп отырмын.
Бақұл болыңыз, Нар Нағашым!
Алла алдыңыздан жарылқап, иманыңызды жолдас етсін!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ

Басқа материалдар

Back to top button