Жаңалықтар

Бақұл бол, қимас бауырым!

Ажалдың арсыз, тойымсыз екеніне тағы көзім жетті. Күнде көрмесем де, сағынып жүретін, кездессек құшағымызды жаятын, сырымызды ақтаратын аяулы досымнан көз жазып қалдым. Анасы ұлынан, жұбайы ерінен, балалары әкесінен, туғандары бауырынан айырылып, қайғының қара бұлты торлаған күнде көз жасын төкті.

 

Бір кездегі Қарқаралының қара баласы Қазақ Елінің қарапайым жұртының жоғын жоқтайтын, мұң-зарына құлақ түретін, запыранын билікке естіртетін ел сүйетін азаматқа айналған еді. 15 жыл бойы «Хабардың» меншікті тілшісінің қызметін жып-жылы бөлмеде отырмай, алыс-алыс ауылдарға барып, қаймана қазағыңның хал-ахуалын таспаға түсірдің. Сенің эфирден айтқан сөзіңе ел-жұртың да, астанадағы шіренген шен-шекпенділер де сеніп тыңдайтын. Арқасына аяздай батқан мың-миллион мәселелерінің бір шешімін табатынына үміттенетін. Өйткені, журналистік миссияңды адал, таза, ерекше махаббатпен атқардың.

Аяулы досым, сенің кенеттен келген қазаң хас қаһарманның өліміндей неткен ауыр еді. Өзің өсіп-жетілген, томағаңды сыпырған Қарағандыңның да аспаны ерекше түнеріп, мәңгілік сапарға жиылған жұртыңның қабырғасы қайысып, есеңгіреп қалды. Бүгін Қабыхановтар әулеті ғана емес, Қарағандың мен Қарқаралың тұтас аза тұтып, аңырап тұр. Ажалдың бұлай келетінін кім білген? Амалымыз не, аяулы Ардағым! Иманың серігің болғай! Жаның жұмақтың төрінде шалқысын! Қош бол, аяулы дос! Сенің қысқа жіптей тез үзілген қас-қағым ғұмырыңды артыңда қалған жан жарың, балаларың жалғайды. Бақұл бол, қимас бауырым!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button