Бақұл бол, досым!
Темкеңнің қырқы да келіп қалыпты. Көз ілеспейтін жылдамдықпен өтіп жатқан уақыт. Жақсы көрген жолдасыңды өлімге қимайсың, өлді деген суық сөз бойыңды қарып өткенде ғана, бұл жалғанның баянсыз екенін түсінеді екенсің. «Жас кеттің-ау» демеймін. Қимаған соң айтқан пендешілік қой.
Темке, бар болғаны екі-ақ жас үлкен болсаң да, ағамдай сыйлап өткен едім. Жымиып қана тұрғанда жүзіңнен нұр тамып тұрушы еді. Екеуміз кезігіп қалғанда сағынысып, өмір бойы бірге жүргендей сырласқымыз келіп тұратын. Сонда не айтатынымыз есімде қалмапты, әйтеуір, дүние шаруасы емес, саясат та емес, қазағымның ұсақ-түйек шаруасы-ау деймін. Сөзіміз жарасып, тілек-мұңымыз бір жерден шығушы еді.
Қолымыздан не келді, не келмеді, тырбанған болып, қазақтың атын аспанға шығармасам да, ұясын бүтіндеуге тұмсығымен бір шөкім топырақ тасыған торғайдай еліме үлес қоссам, деуші едің. Қостың. Ұрпақтарың сені тірі кезіңде таныды, тірі кезіңде бағаңды берді. Сол үшін сый-құрметке бөлендің. Соған шүкіршілік қыламыз. Сенің бір ауыз тілек-батаңды естуге құмар едім. Бір немеремнің тұсауын кестіріп, екінші немеремнің қызығында өзіңді таба алмай қалып, өкінген едім.
Бақұл бол, деуге де келіп қалдық. Иманың жолдас болсын, бауырым.
Соңыңнан жоқтау арнап жатқан, өзіңнің Зәкең.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.