Жаңалықтар

БАҚ өкілдерінің бәсекесі

4 жылда бір келетін БАҚ қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиаданың жалауы биыл Қарағандыда желбіреді. Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген байрақты бәсекеге Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облысы мен Шымкент қаласының БАҚ өкілдерінен құралған құрама командалар қатысты.

2 күнге созылған спартакиадада спорттың 5 түрінен бәсекеге түсті. Атай кетсек, шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі мен бильярдтан бақ сынады. Ашылу салтанатында Темірхан Абылаев БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

– Әуелі, Арқа төсіне жиналған командаларға алғысымды айтамын. Келе жатқан төл мерекелеріңіз құтты болсын. Билік пен бұқараның арасында көпір болып, екі тарапты жақындастыратын – өздеріңіз. Бұл тұрғыда сіздердің еңбектеріңізді айта кетпеу жөн болмас. Еңбектеріңіз жана берсін. Жүгі батпан әрі ауыр мамандықпен қатар спортты жанға серік ету – үлкен іс деп білемін. Шын мықтылар жеңіске жетсін. Сайыс болған соң жеңіс пен жеңілу қатар жүреді. Бірақ, оған мойынсұнбай, көтеріңкі көңілде қайтуға жазсын. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді басқарма басшысы.

Шағын футболдан өткен турнирде Шымкент қаласының қомандасы жүзден жүйрік шықты. ІІ орынға Қарағанды облысының командасы табан тіресе, жүлделі ІІІ орыннан Түркістан облысының командасы көрінді.

Волейболдан өткен байқауда Шымкент қаласынан келген БАҚ өкілдерінен құралған команда топ жарды. ІІ орынды – Түркістан, ІІІ орынды – Қарағанды облыстарының командасы бөлісті.

Ал, қазақ күресінде палуандар 3 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. 74 келіге дейінгі салмақта қарағандылық палуан Медет Зекен қарсыластарын алып та, шалып та жығып, жеңімпаз атанды. Түркістандық Ердәулет Даханов – ІІ орынды, шымкенттік палуан Тағабай Қасымов ІІІ орынды иеленді. 90 келіге дейінгі салмақта шыққан шымкенттік Нұрболат Әмірдің жауырыны жерге тимеді. Түркістан облысының палуаны Игілік Айдос – ІІ орынды, Батыс қазақстандық Темірболат Тоқмамбетов жүлделі ІІІ орынды қанжығалады. 90 келіден жоғары салмақта бақ сынаған түркістандық Бауыржан Ерман қарсыластарын шаң қаптырып, өз салмағында чемпион атанды. Ал, ІІ орынды шымкенттік Алтай Дайыржанов, жүлделі ІІІ орынды қарағандылық Наримен Догалев еншіледі.

Үстел теннисінен қыздар арасында өткен байқауда шымкенттік Нұрсәуле Көпбаева үздік атанды. Түркістандық Рыскүл Досжанова – II орын иеленсе, қарағандылық Юлиана Чаус жарыстың қола жүлдегері атанды. Ұлдар арасында өткізілген байқауда түркістандық Дәурен Тлеухан топ жарды. ІІ орынды жерлесіміз Қайыргелді Сәбитов еншілесе, үздік үштікке батысқазақстандық Мұрат Айса табан тіреді. Аталмыш спорт түрінің қорытындысы бойынша командалық есепте Түркістан облысының командасы көш бастады. ІІ орынға қарағандылық, ІІІ орынға шымкенттік құрама команда табан тіреді.

Бильярдтан өткізілген турнирде Түркістан облысының құрама командасы үздік атанды. Батысқазақстандық құрама – ІІ орынды, шымкенттік құрама – ІІІ орын иеленді.

Ал, жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы алға шығып, спартакиада чемпионы атанды. ІІ орын – Шымкент қаласының, ІІІ орын – Қарағанды облысының құрамасына бұйырды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button