Экономика

Бағдарлама шапағаты

Шахтинск қаласы аумағында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 37 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның екеуі – облыстық маңызға ие. Нәтижесінде білім беру мекемелеріне, мәдени нысандарға, жергілікті әкімдіктердің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіледі және балалар ойын алаңдары ашылады.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында біз мектептердің қасбетін және спорт залдарын жөндеуді бастадық. Осы орайда, спорт залдарына ерекше тоқталып өтуге болады. Олардың көлемі үлкен болғандықтан, бұрын жеткілікті деңгейде қаржы бөлінбей келген еді. Сәйкесінше, заманауи талаптарға сай болмады.

«Жол картасы» бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жергілікті колледждің шатырын ауыстыруға және мемлекеттік архив ғимаратын жөндеуге де қаржы бөлінді, – дейді қалалық жұмыспен қамту бөлімінің директоры Гүлжахан Сыдықова. «Жол картасының» игілігін Шахтинск қаласы әкімшілік аумағына кіретін елді мекендер де көреді. Мәселен, Шахан поселкесінде балаларға арналған ойын алаңдарын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру мәселелері де назарға алынып, тозған су құбырлары ауыстырылады.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының дерегінше, жобаларды жүзеге асыру барысында 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 331-не қалалық жұмыспен қамту орталығы жолдама береді.

– Жобалардың жүзеге асу мерзімдері – әртүрлі. Мамыр айында 17 нысанда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Олар қажетті мамандармен 95%-ға қамтылды. Жалпы алғанда, бүгінге дейін 160- тан астам азамат біздің жолдамамызбен жұмысқа орналасты. Өзге жобалар бойынша мердігерлер анықталуда, – деді Гүлжахан Сыдықова.

 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button