АймақҚарағанды

Бағдарлама барысы бақылауда

Облыста Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасында 137 іс-шара бар. Олар – негізінен, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар. Жоспардың көп бөлігі орындалып та үлгерген. Бүгінде 16 проблемалық мәселе партияның бақылауында. Сол өзекті мәселелерді шешу жолдары аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың, басқарма басшыларының қатысуымен өткен партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысында талқыланды.

Қазіргі таңда облыс аумағында 44 партиялық бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Биыл олардың санын ұлғайту көзделуде. Бұл – өз кезегінде қоғамдық мониторингті күшейтуге және нысандардағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, маңызды жобалардың іске асырылуына мәслихат депутаттары да мониторинг жүргізетінін атап өту керек. Соның ішінде, мектептер, спорт кешендері және медициналық нысандардың құрылысы бар.
Атап айтсақ, облыстық мәслихат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова мектеп құрылысы, оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмысының да назарда екенін атап айтты.

Дерекке сүйенсек, қазір Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы мектептің құрылысы бақылауда тұр. Ескі ғимарат апатты деп танылып, жаңасының құрылысы созылып кеткен. Нысанды биыл пайдалануға беру қажет екені айтылды.

Ал, Абай ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонының құрылысын аяқтау маңызды.

Одан бөлек, кеңейтілген отырыста Теміртаудағы экологияға қатысты жағдай да ортаға салынды. Жол картасы тармақтарының бірі – Qarmet компаниясынан атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын азайту.

Атап өтілгендей, меткомбинаттың табиғи газға көшуі де экологияны жақсартуға оң әсер етпек.

– Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге, биыл жеке тұрғын үй секторын газдандыру аяқталмақ. Тағы бір мәселе – өнеркәсіптік қалдықтар. Кәсіпкерлікті қолдау аясында металлургиялық кластермен байланысты, оның ішінде, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі жобаларды субсидиялайтын боламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков бірлескен күш-жігер арқылы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын, ал, проблемалық мәселелер үнемі биліктің назарында екенін баса айтты.

– Жол картасы – әлеуметтік әлеуетті жақсартуға бағытталған. Оның әрбір тармағы – халықтың болашағы, тұрғындардың әл-­ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге арналған нақты жобалар, – деді Бекзат Алтынбеков.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button