Бағдарлама бар – «күрек» жоқ
Елімізде бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жұмыссыздықты жою, яғни тұрғындарға жұмыс тауып беру, кәсіпкерлікке тарту үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған. Мысалы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы мыңдаған адам кәсіпкер атанды. Бірақ, арнайы курста оқығандардың көбісі әлі күнге «екі қолға – бір күрек» таба алмай жүр. Неге?
Ашығын айту керек, әлі күнге дейін бірнәрсе анық емес, бүгінгі бөлінген ақша ертең нәтиже беріп, қазынаға қайта ма? Әлде, ауаға ұша ма? Берілген шәкіртақы мен оқуға бөлінген қаржының орны тола ма? Әлде, тағы да сол қаржы құмға сіңгендей жоқ бола ма? Мысалы, керек емес кәсіпті оқығандар да бар. Қолға қармақ ұстауды үйреткендер, шәкірттерінің көлде емес, шөлде тұратынын ескермей ме, әлде? «Олай болса, неге басқа тәсілін таппайды?» деген де сұрақ туындайды.
Бір көшеде төрт дүкен
Мемлекеттік грант ұтып алып, өз бизнесін бастап кеткендер жетерлік. Бірақ, жұмысты бастап, қолынан келмей тастап кеткендер де бар. Жақында Жарық ауылына бардым, сол жерде біраз олқылықты көріп, миға түйіп қайттық. Бағдарламамен облыс орталығына барып, курста оқып, грант ұтқан әрі пайызы аз деп несие рәсімдеген бір жігіт азық-түлік дүкенін ашыпты. Мұндайда «Бәрекелді!» деу керек қой, дерсіз. Солай шығар. Бірақ, мен соның «шыжығын» айтайын сізге. Жаңағы жігіт ашқан дүкен бір көше бойындағы 15 үйге қызмет қылмақ. Ал, бұған дейін осы көше бойында төрт дүкен болған екен. Оның екеуі нарық заңына сай, жабылып қалған. Есігін ашпай қойғандарына да көп бола қоймаған. Ал, енді тауарын өткізе алмай дүкендер жабылып жатса, бұл жігітіміздің басқа саланы оқымай, үйінің бір бұрышынан есік шығарып, маңдайына «Азық-түлік дүкені» деп жазып қойып, қалғандарына бәсекелес болғанына «Бәрекелді!» деп қалай айтарсың!
Бұл бір ғана жағдай. Ашығына көшсек бағдарламамен оқып, жұмыссыз жүрген «шаштараз», «аспаз», «сатушылар» ауылдарда баршылық. «Қалаға барып, оқып келдік» дегенге ғана мәз, әйтеуір. Осындайда, «Ауылға керек мамандықты неге оқымайды?» деген ой мазалайды.
«Талаптыға нұр жауар»
Иә, әркім өз икеміне, «қолымнан келеді-ау» деген мамандығына қарай оқыса құп. Мысалы, «Бастау Бизнес» арқылы өзіне лайықты жұмыс тапқан жерлесіміз Валерия Руссу кәсібін дөңгелетіп отыр. – Пандемия салдарынан оқу кейінге шегеріле берді. Шын айтсам, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты күдерімді де үздім. Алайда, маусым айында бізді шақырып, кәсіпкерлік негіздерімен таныстырды, салық қызметіне есеп тапсыру, жеңілдікті кезеңдер, мерзімдер туралы ақпарат берді. Кураторымыз болды, бизнес-жоспар жазуға көмектесті. Бір-екі аптадан соң комиссия идеямды қолдады. Сәтті қорғап, 555 мың теңге грантын алдым. Өте қуаныштымын! Өзімнің кәсіп бастауыма мүмкіндік берді. Қанат бітірді, – дейді жас кәсіпкер.
Кейіпкеріміз бала кезінен мотоциклды тізгіндеп, оған басқаларды үйретуді армандаған екен. Сол арманы орындалды. Ол – А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледждің түлегі. Жеке мотомектепті Валерия Руссу өткен жылы тамыз айында ашты. Қысқа мерзімде мотоцикл, арнайы жабдықтары жеткізілген. Қарағандыда қажетті орынжай да тез табыла кетіпті. Кәсіпкер Саранда да бөлімше ашып тастады. Алғашқы оқушылары да бар. Қатысушылар жасы 16-35 жас аралығында. Оларға жүргізу негіздері оқытылады, ережелерді қатаң ұстану үйретіледі.
– Жуырда тәлімгеріммен сөйлестім, маған жаңа бағдарламаларды қолдану арқылы бизнесті кеңейтуді ұсынды. Жақсы ұсыныс, басқа жобамен грант немесе жеңілдікпен несие алуға болады. Жоспарым көп, – дейді мектеп жетекшісі.
Берері көп бағдарлама – берекелі болсашы
Екі мысал, екі түрлі жағдай. Біреуі алға жылжимын десе, екіншісі кері тартады. Біздің қоғамға әлі нақтылық жетпей тұр. «Балық берме, қармақ бер» дегенді ұға алмай келеміз. «Үкімет асырайды» деген масылдық пиғылдан арылмадық, әлі. Нарық жолын түсінсек, қолға алынып жатқан бағдарламалардан тиімді нәтиже шығар еді. Қолға қармақ бергені емей немене? 2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла- масының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартты. Үкімет басшысы А.Мамин: «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында 24 мыңға жуық шағын несие берілді. Нәтижесінде, 22 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 жыл ішінде бизнес жүргізу негіздеріне 88 мыңнан аса адам оқытылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қосымша 300 мыңға жуық адам қамтылатын болады», – деген болатын. Сол уақытта «Үкімет Қазақстанда бизнес жүргізу үшін ең қолайлы жағдайлардың жасалуы үшін барлық мүмкіндіктерді жасайды. Біз бизнес-ортаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз»,– деді. Иә, Қазақстанда ауыз толтырып айтарлықтай бағдарлама жетерлік, қолға алған істеріміз берекелі болсын десек, «шайнап бергенді» дұрыс жұтуды үйрену керек-ау!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ