Бағаны негізсіз көтермеуге шақырамыз – облыс кәсіпкерлері
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағаның өсуі қоғамның барлық саласына әсер етті. Шикізат құнының қымбаттауы, логистикалық шығындардың артуы, жалдау ақысы мен салық жүктемесінің өсуі кәсіпкерлерді өз өнімдері мен қызметтерінің бағасын қайта қарауға мәжбүр етті. Бұл – нарықтағы объективті және баршаға түсінікті жағдай.

Алайда соңғы кезде барша халықты алаңдататын жағдайлар байқалуда. Кейбір кәсіпкерлер нарықтағы жалпы өсімді алға тартып, бағаны экономикалық тұрғыдан негізделмеген, шамадан тыс деңгейде көтеруге жол беріп отыр. Мұндай әрекеттер қысқа мерзімді табыс әкелуі мүмкін болғанымен, ұзақ мерзімді перспективада тұтынушылардың сеніміне нұқсан келтіретіні анық.
Осыған байланысты бірқатар кәсіпкерлер саналы баға саясатын қолдау жөніндегі бастамамен шықты. Бастаманың негізгі мақсаты – адал бәсекені сақтау, тұтынушыға деген құрметті арттыру және нарықтағы тұрақтылыққа үлес қосу.
– Өкінішке қарай, бүгінде нарықтағы жалпы өсімді сылтау етіп, кейбір кәсіпкерлер бағаны ақылға қонымсыз әрі негізсіз деңгейде көтеріп жатқанын көріп отырмыз. Біз саналы баға саясатын ұстануға, қысқа мерзімді пайдаға емес, ұзақ мерзімді мақсаттарға сүйенуге шақырамыз. Тұрақты бизнес – бұл ең алдымен сенім, бедел және тұтынушыға деген құрмет. Дәл осы қағидаттар ғана қиын кезеңдерде де компанияның өсіп, дамуына мүмкіндік береді, – дейді қарағандылық кәсіпкер, Web Trade компаниясының тең құрылтайшысы Вячеслав Цой.
Кәсіпкерлер баға қалыптастыруда шынайы шығындар мен экономикалық негіздерді басшылыққа алып, қысқа мерзімді пайдаға емес, ұзақ мерзімді дамуға мән беру қажеттігін атап өтеді. Өйткені тұрақты бизнес сенімге, беделге және ашықтыққа сүйенеді. Ал бұл құндылықтар тек тұтынушымен өзара құрметке негізделген қарым-қатынас арқылы қалыптасады.
Бизнес қауымдастық өкілдері тұтынушылардың бәрін көріп, бәрін есте сақтайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан қазіргі күрделі кезеңде әлеуметтік жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын сақтау – тек моральдық міндет қана емес, сонымен қатар стратегиялық тұрғыдан дұрыс қадам.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



