Таным

Бағалай білмегенге бақ қонбайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен халқымыздың ежелгі Ұлттық Құрылтайын шақырып, ата дәстүрін қайта жаңғыртуы – еліміздің өркендеу жолында жасалып жатқан аса маңызды өзгерістерінің бірі.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Ұлттық Құрылтай қазіргі заманның, бүгінгі қазақстандық қоғамның даму барысына орай Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеологияны қалыптастырып, толықтырып, жаңалап отырудың ұлы мінбесіне айналғандығы мәлім. Жаңа Қазақстанның басты ұстанымы ретінде алға қойылған Адал да әділ Қазақстан идеясының тәуелсіздікті баян ету мақсатында жаңа құндылықтар мен талаптар аса қажетті және аса маңызды тарихи шешім болды деп санаймыз. Ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, адамды және қоғамды ұлт талабына сай жетілдіру, еңбекқор, болашаққа сеніммен қарайтын білімді де тәрбиелі ұрпақ өсіру, заң мен тәртіп үстемдігі сияқты аса күрделі де маңызды қағидаттарын Президентіміз Құрылтай отырыстарында үнемі айтып келеді.
Біздің негізгі мақсатымыз көзқарасы айқын, санасы сергек, дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу. Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық, Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс құндылықтарын Ұлттық идеология мен Ұлттық мүдде ретінде білім мен тәрбие беру шараларымен тығыз үйлестіре жүргізу ерекше мәнді. Данышпан Абай айтқан «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты адам баласының бес дұшпанына қосымша бұрын еш болмаған, осы заманда тағы бір жамандықтың қосылғаны бар, ол коррупция, жемқорлық. Осы орайда өмір көрген, жақсы мен жаманның не екенін танып, ой тоқтатқан аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағытбағдар беруі аса қажет.

Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп, солардың бойына асыл қасиеттерді сіңірте білгеніміз жөн. Халқымыздың бір-біріне өзара жанашыр болуы және аға ұрпақ өкілдерінің өсіп келе жатқан жастарымызға ақылшы болып, өнеге көрсетуі – елге деген жанашырлық, тәуелсіздікке қызмет ету деп білуіміз керек. Заманымыздың дана жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды», деген сөздерін естен шығармайық. Сондықтан, «бәріміз де болмағанымызды болдырамыз, толмағанымызды толтырамыз», деп адал еңбек етіп, адал табыс табуға ұмтылайық. Тарихымызға көз салсақ, қазақ деген халық өз алауыздығынан қасірет шеккен. Бұқар жырау бабамыздың: «бұл жалғанның жаманы – ағайынның аласы» деген ғибратын еске ала отырып,ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді нығайту  үшін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бағдары болуы тиіс. Тәуелсіздік – бағымыз да, байлығымыз да екенін естен шығармайық. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдірудің қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңғырған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Адал да әділ Қазақстанды құруға «ұлтты ұйыстыратын парасатты жаңа идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет. Жаңа Қазақстан құруда маңызы зор жалпыұлттық бірлікті нығайту – біріншісі, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру – екіншісі, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру – үшіншісі болатын. Жалпыұлттық бірлікті нығайту барлық қазақстандықтардың, әсіресе жастарымыздың бойындағы шынайы отаншылдық қасиетті қалыптастыруда тынбай жүргізіп жатқан жұмыстарды еліміздің бүгіні мен бола шағы үшін «түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидасын берік ұстану – аса маңызды міндетіміз.
Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, сонда жаңару жолына түсеміз. Осыны әрбір азамат терең түсінгені жөн. Реформалардың біреу үшін емес, өзіміз үшін жүргізіліп жатқандығын санаға терең сіңіру қажет. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның «қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтың мақсаты сонда ғана орындалады», деген сөздері жастар үшін аманат. Осы аманат санамызда әрдайым болғаны жөн. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі.
Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Әр санада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары – ел тірегі болатын егіз құндылықтар болып есептеледі. Әділетті Қазақстанды құру үшін Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Жастарды адалдыққа тәрбиелеудегі аға буынның жауапкершілігі мол. Ең әуелі аға буынның өздері еңбекқор, іскер болуы арқылы жастарымызды жағымпаздық, жалқаулық, масылдық сияқты теріс әдеттерден аулақ болуын үйретудің маңыздылығы өте зор. «Біреудің ала жібін аттама!». Халқымыздың жазылмаған осы заңымен өмір сүрген және қашан болсын басының амандығы мен асының адалдығын тілейтін біздің халқымыз үшін адалдық адами биік қасиеттің бірі болғанын естен шығармауымыз қажет. Заманауи құбылыстары мен даму шарттары биікте тұрған адами арды, санада тұрған адами арман мен ұятты өз орнынан төменге қарай сырғыта бастаған қазіргі кезеңде әділетті Қазақстанды ендігі жағдайда тек Адал азаматтар құрады деген ұстанымымыз айтылуы – уақытылы мәселе. Жас ұрпақты адал адам етіп тәрбиелеу мәселесі біздің қоғамның ғана емес, жалпы адамзаттың күрделі мәселесіне айналып отырғаны мәлім. Қазір еліміз бойынша жас буынның білімді де, тәрбиелі, әрі мәдениетті болуларына мемлекет тарапынан жағдай жасау жылдан-жылға жақсарып келеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сөзін
есте сақтап, жүзеге асыру қажет. Бұл еліміздің түбегейлі мақсатының бірі екендігі мәлім. Әр оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ерекше атап өтер едік. Жаңа Қазақстанның ұрпақ тағдырын – мемлекет тағдыры деп қарастыратынына қуанамыз.

Клара АЙМУРЗИНА,
республика мен облыстың Құрметті ардагері, облыстық
ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Аман ЖАНҒОЖИН, облыстық ардагерлер
кеңесінің жауапты хатшысы, «Парасат» орденінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button