Баһадүр баба жайлы бағалы еңбек
Қазақ деген халықтан шыққан аяулы тұлғалардың көптігі соншалық – әлі де зерттеу нысандары болатын есімдердің қаншасы тарих шаңында көміліп жатыр десеңізші?! Бұларды аршып алып, есімдерін қазіргі әрі кейінгі ұрпаққа ұсыну, бар болмысымен таныстыру – шығармашылық адамдарының асыл міндеті.
Осылардың ішінде бірінен бірі өткен тұлғалар баршылық десек, Ағыбай батыр есімінің шоқтығы, тіпті, биік тұратыны сөзсіз. Өйткені, ол – Кенесары бастаған ұлт-азаттық соғысының бас батыры болған адам. Ағыбай батыр туралы елуінші-алпысыншы жылдары ес біле бастаған балалар үлкендерден естіген едік. Ол – осы «Шұбыртпалы Ағыбай» еді. Сонда Ұлы Отан соғысында көп ерлік жасағандар айтылмай, Ағыбай есімі айтылуының өзі – оның халық санасында әбден орнап қалғандығынан еді. Ағыбай батыр жөнінде көп жазылғаны да рас. Өйткені, оның есімі – Кенесары-Науырызбай есімімен қатар жүреді. Қарап отырсақ, қысқа дүниелер көп жазылыпты да іргелі еңбек жоқ екен. Таяуда осы олқылықтың орнын толтырған аяулы еңбек дүниеге келді. Ол «Ақжолтайдың ақ жолы» деп аталады. Еңбек болғанда, автор ондаған жылдар уақытын сарп етіп, көз майын тауысып, түрлі кедергілерді жеңіп шығарған Ағыбай Қоңырбайұлы жөніндегі энциклопедия десек болады. Осы үлкен еңбектің авторы Жұмағұл Шөженов үлкен ізденіспен Ағыбай туралы деректерді Петербург, Мәскеу, Омбы мұрағаттарынан іздеп тапқан. Әрине, сол уақытта орыс империясына қарсы күрескен Кенесары қозғалысы жөнінде орыс мұрағаттарында сақталған деректер біраз бар екендігін айтады автор. Жұмағұл Шөженовтің мамандығы сот қызметкері. Кәдімгі кәсіпқой судья. Жасынан халқының ән-жырын, домбырасын тыңдап өскен Жұмағұл халқының қасиеттерін бір адамдай сүйіп өсті. Оның Ағыбай туралы алғашқы кітабы жаңылмасақ, осыдан он бес жыл бұрын жарық көріп еді. Қазақ халқының би, шешендері туралы көптеген еңбектері бар. Біразын атап айтсақ, «Ағыбай батыр», «Ағыбай батырдың биліктері», «Аңызға айналған ақиқат» атты кітаптары мен деректі зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Академик С.Зимановтың басқаруымен шыққан «Қазақтың ата заңдары» жинағының екі томына Ж.Шөженовтың аса құнды деп сараптамадан өткен көлемді екі еңбегі кірген. Автордың «Ақжолтайдың ақ жолы» туындысы – терең зерттеулер мен пайымдаулар нәтижесі. Сыни көзбен қарасақ та, жанашырлық сезіммен қарасақ та, дос түгілі дұшпанға да өзін мойындататын айтулы еңбек. Бірыңғай Ағыбай батырдың жасаған ерліктерін қуып кетпейді. Сол жөнінде баяндай отырып, сол кездегі қазақ қоғамының саяси, этнографиялық ахуалы мен жете таныстыра алған бірегей дүние. Оның басты құндылығы бұл ғана емес. Сол кезеңдегі бодандыққа ендеп кірген қазақ халқының аймақтық ерекшеліктері: көшіпқону, өмір сүру жағдайлары және халықтың саны, неше болысқа бөлінгені, қанша ауыл, қай ру-тайпалар қай жерлерді мекендегені туралы тарихшыларға, деректанушыларға қажетті көптеген құнды деректер кітап мазмұнын аса байыта түскенін айту қажет. Әсіресе, Қарағанды аймағы туралы. Сондай-ақ, Кенесары көтерілісіне қатысқан көп батырлардың, би-болыстардың нақты есімдері, аса маңызды ақпараттар легі кітапта ыждаһатпен келтірілген.
Кітапта Ағыбай батырдың тек қолбасшы ғана емес, шешен адам болғаны да айтылады. Осы тұрғыда оның айтқан биліктері, суырып салған өлең шумақтары батыр бабаның бейнесін одан әрі аша түседі. Біздің ойымызша бұл еңбек көлемділігіне қарамастан (елу алты баспа табақ), тек Ағыбайды оқыпбілем деушілердің ғана емес, тіпті, зерттеушілердің, тілші-ғалымдардың сүйікті кітабына айналары сөзсіз. Кітап Ағыбай бас батыры болған Кенесарының ұлт-азаттық қозғалысының саяси себептерін де құқықтық тұрғыда ашып көрсетеді.
Бұрынғы мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықованың қолы қойылған қатынас хатта «Халық батырының ерлігін айғақтайтын осы шығармаңыз тиісті сараптаудан өтіп, бес мың данамен шығарылуына мемлекеттік дәрежеде тиісті нұсқау берілді» деп хабарлауы аса қуантарлық оқиға. Көлемді кітап осы жылдың жоспарында жарыққа шығатын маңызды кітаптардың қатарында тұрғанын айтқан жөн. Халқымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа керекті дүниенің мемлекеттік сараптамадан өтіп мойындалуы – айта қаларлық оқиға. Аты бұрыннан бүгінге дейін аңыз болып кеткен Ағыбай Қоңырбайұлын жас ұрпақ енді бар болмысымен біліп тани алмақ.
Мұхамедқали БАЙМҰҚАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі. ҚР Мәдениет қайраткері.