Баһадүр баба – ұрпақ мақтаны
Тамыры терең тарихымызда торламалы сауыт киіп, туған жерінің тыныштығын күзеткен дулығалы дарабоздар, шүкіршілік, жетіп артылады. Алағай да бұлағай замандарда ел намысын еңкейтпеген ерлердің ат үстінде «аттан!» салып, ақ найзасына байрақ байлап, кейінгі буынға байтақ даланы басыбүтін аманаттағаны белгілі. Тарихын тасқа таңбалаған батыр бабалардың есімдері бодандықтың бұғауын бұзған елдің жадында жаңғырып жатуы – заңдылық. Бұл – егемендіктің жемісі, санадағы рухани серпілістің жеңісі. Жаңаарқа ауданына қарасты Қараағаш ауылының іргесінде Арғын – Алтай – Нұрбай батырдың рухына арналып берілген асты қара нөпір – қалың ел, міне, дәл осылай бағалады.
Жаңаарқа жазирасындағы жайлау төсінде өткізілген дүбірі мол думанның бағдарламалық іс-шаралар тізбегі мейлінше кең сипатты һәм мағыналы болғанын атап өткен жөн. Сәске түс мерзімі жеткенше басталып кеткен шаралар қызығы күн көкжиекке құлап, қас қарайғанша толас таппады.
Айтулы асқа алыс-жақыннан атбасын бұрған ағайын алғашқы кезекте Қараағаштан 13 шақырым қашықтықта, аудан орталығына бағыт алатын күрежол бойына орнатылған белгітастың ашылу рәсіміне қатысты. Асты ұйымдастыру алқасының мүшесі, батыр баба ұрпағы, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» КММ директоры Ғалым Қойшыбаевтың ғибратты лебізіне ықыласпен құлақ түріп, Астанадан арнайы келген мәртебелі мейман Рашид қажы Әбдуалиұлы оқыған Құран сүрелеріне ұйыды. Белгітастың шымылдығын түру құрметіне Нұрбай батырдың ұрпақтары – алматылық 86 жастағы абыз Жуасбай Ахметов пен Тараздан ат сабылтып жеткен қауымның көшбасшысы Ескендір Досбергенов ақсақал, сондай-ақ, жаңаарқалық қадірменді қариялар Жарулла Шайхин мен Қайрулла Әбеуов ие болды.
Жанға жағымды рәсім содан кейін ақшаңқан киіз үйлер ауылында құрылған заманауи үлгідегі сахна төрінде жарасымды жалғасын тапты. Дүйім ел Елордадағы «Әлжан ана» мешітінің найб-имамы Мерей қажы Қанатұлы өз дәуіріндегі дара тұлға рухына бағыштаған дұғаға қол жайып, бет сипасты. Аудан басшылығының атынан аудандық мәслихаттың хатшысы, баһадүр баба ұрпағы Қуат Имантүсіпов көшелі сөз қозғады. Жылы лебіздер легін Қараағаштың тумалары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР еңбек сіңірген дәрігері Әбдухакім Ақмурзин мен ұзақ жылдар биліктің бишігін парасатпен ұстай білген мемлекеттік қызмет ардагері Сағынтай Жұмажанов ұтымды өрбіте білді. Жиынды жүргізуші жұртшылықты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов жолдаған құттықтау жеделхатының мәтінімен таныстырды. Жергілікті ақын Болат Асановтың еңселі ер рухына арнау жырын жағалай жұрт аса жылы қабылдады. Шалғайдан келген батыр ұрпағы Ескендір Досбергенов сартап болған сағынышты сезімдерімен бөлісіп, ескірмес есті естеліктерге ден қойды.
Астың салтанатты ашылу рәсімінің түйінін жауға найза білеген батырдың ұлағатты ұрпағы, Жезқазған қаласындағы аймақтық «Дидар» телерадио дирекциясының директоры, белгілі қаламгер Базарбай Әлеуханұлы түйдектелген кестелі сөзі мен жасындай жарқылдаған жасампаз жыры арқылы қойып берді. Арқалы ақынның сиясы дегдіп үлгермеген «Нұрбай батыр» поэмасының толық нұсқасын өлеңге іңкәр өрелі ел тапжылмай тұрып тыңдады. Лайықты қошеметін, өз кезегінде, «нөсерлеткен» қол шапалағы арқылы білдірді.
Ас беру кезіндегі көне күндерден жеткен көнермес дәстүрдің ең қызықты сәттерінің бірі – аламан бәйге мен балуандар белдесуі. Бұл жолы да солай болды. Қомақты жүлдеден, қалаберді, абырой мен атақтан үміткер бура санды, білекті жігіттер облыстың әр аумағынан дүмеп келген екен. Алғашқы іріктеу кезеңі, әдеттегідей, тым тартысты өтті. Күйініш пен сүйініш астасқан белдесулер нәтижесінде бабы келісіп, бағы жанғандар екінші кезеңге сұрыпталып шықты. 60 келі салмақ бойынша өткен ақтық сында жасындай жарқылдаған Қылыш Еренғайып (Қаражал қаласы) қарсыластарының бәрінен басым түсті. 74 келі салмақ дәрежесінде қараағаштық балуан Нұрбек Төлеубаев ешкімге дес бермеді. Ал, 74 келіден жоғары салмақтағы атан жілікті азаматтар арасында Арыстан Сағындықовтың (Ақтүбек ауылы) жұлдызы жанды. Осы орайда, балуандарға дем берушілер қатарында Жаңаарқадағы қазақ күресінің Алты Алашты адақтап, жалпы Әлемге танымал болуына бірден-бір дәнекерлік етуші тұлға – айтулы бапкер Диқанбай Биткөзовтің болғанын айрықша атап өту ләзім.
Алқалаған ағайын алабөтен асыға күткен 30 шақырымдық аламан бәйгеде 50-ге тарта сәйгүлік жарыс жолына шықты. Берісі – облыстың аудан-қалаларынан, әрісі – Астана мен Алматы және Жамбыл облыстарынан келген кіл жүйріктердің қай-қайсысы болса да, жеңістен үмітті еді. Қомақты жүлделер алдыңғы бес атқа тігілген. Тұлпарлардың тұяғынан көтерілген қалың шаңға жанкүйерлер ысқырығы мен қышқыруы қосылғанда ешкімде дегбір қалмаған… Алғашқы айналымда елдің көз алдынан іркес-тіркес өткен аттардың ара-жігі көп ұзамай-ақ ашыла бастады… Алдағы шоғырдан оқ бойы оза шауып, мәре сызығын дара қиған сәйгүлік астаналық атбегі Мирас Нұрдәулеттің «Бақторы» атты жүйрігі болып шықты.
Ілкімді іс-шараның ажарын енгізушілер қатарында Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин жетекшілік ететін «Ән – көңілдің ажары» ансамблі құрамындағы өнерлі қыз-жігіттер болды. Олардан жергілікті өнерпаздар да қалыспады.
Тойтарқар жиында батыр баба ұрпақтары – асты ұйымдастыру алқасының төрағасы Әлім Қуатов пен алқа мүшесі Болат Күзембаев және басқалары кіршіксіз пейілдері үшін жалпы жұртқа риясыз алғыстарын айтып, бақытты ғұмыр тіледі. Аламан бәйгеде топ жарған сәйгүліктің иесіне «Nexia R3-Ravon» жеңіл автокөлігінің кілтін табыс етті. Екінші орынның жүлдесі – мотоциклді Қараағаш ауылының мерейін өсірген «Қаракер» тұлпарды баптаушы Аманкелді Ержанов еншіледі. Үшінші орынды өзара бөліскен қос жүйріктің иелеріне (Астана; Түгіскен ауылы) аттың құны берілді. Төртінші және бесінші орындарды алған жүйріктердің атбегілеріне (Қараағаш ауылы; Шет ауданы) тиісінше, тоңазытқыш және теледидар табыс етілді.
Жеңімпаз балуандардың әрқайсысының еншісіне тоңазытқыш бұйырды. Екінші және үшінші орындарға табан тіреген білекті жігіттерге теледидар мен шаңсорғыштар тапсырылды. Ұйымдастыру алқасы, сондай-ақ, жергілікті мешітке шаңсорғыш сыйлады.
…Ас тарқады, алайда, одан алған әсердің әзірге тарқай қоймасы айнымас ақиқат.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
P.S. Мемлекет басшысы ұсынған Рухани жаңғыру мәселесіндегі «Ұлттық код» ұғымы Ұлы Даланың бірегей иесі болған бабаларымыздан бастау алса керек. Бабалар және олардың ұстанымдары – біздің бағдаршамымыз. Мәңгілік Ел болу – мыңжылдық мұраларды түгендеуден тұратынын ескеру – қажеттілік. Қалың қауым Нұрбай батыр рухына арналып берілген асты осындай ізгі жолға түсудің ілкі бір қадамы ретінде қабылдады. Біздің көңілді көрген қызық, ішілген ас емес, дәл осынау жайт тоғайтты. Ел ниеті қабыл болғай, лайым!