Жаңалықтар

БАҚ-қа жемқорлық жат

БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының халықаралық-құқықтық құжатында 2003 жылдың 9 желтоқсаны – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп бекітілген. Мерекеге орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Денис ШАКЕНОВ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мен парасаттылық құндылықтарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады.

Мемлекет пен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әрекеттесуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы тұрғыда, Департамент пен Ішкі саясат басқармасы бірлесіп, Қарағанды облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің белсенді пайдаланушылары арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырып бойынша үздік жұмыстар байқауын ұйымдастырған болатын. Мереке қарсаңында байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.

– Қазір қоғамда пара беру, бюджеттен ақша жымқыру секілді жағдайлар кездесіп-ақ жатыр. Мұндай оқиғалар қашан да назарымызда. Жемқорлық – үлкен қылмыс. Сол қылмыстың алдын алу үшін ұйым құрылды. Жемқорлыққа қарсы ақпараттық тұрғыдан және басқа да шаралар өткізіп тұрамыз. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіне қарай жылда мереке қарсаңында үлес қосқан жандарды марапаттаймыз, – деді Денис Владимирович.

Аталмыш байқаудың «Үздік сюжет» аталымы бойынша «Saryarqa» телеарнасының журналисі Азиля Джумабекова жеңімпаз атанды. «Үздік пост» аталымы бойынша «Атамекен бизнес» медиахолдингі ақпараттық агенттігінің журналисі Олег Гусев, «Үздік мақала» аталымы бойынша облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Наталья Фомина, «Үздік әлеуметтік бейнеролик» аталымында «Saryarqa aqparat» медиахолдингіне қарасты LIFE09 ақпараттық порталының тілшісі Айдана Пернебай, «Үздік вайн форматындағы бейнеролик» аталымында әуесқой бейнеоператор Бекзат Оспанов топ жарды.

– Адамзат баласының адами қасиеттеріне балта шабатын дүние – сыбайлас жемқорлық. Бұл адам өлтіргеннен де азапты қылмыстың бірі деп айтуға болады. 9 желтоқсанды адамзат баласы парасатының биік, санасы жоғары екендігін дәлелдейтін күн дер едім. Сіздермен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан 2 жылдың ішінде біз осы қоғамның бір мүшесі ретінде өзімізді қайтадан тәрбиеледік деп айтар едім. Бір кезеңде өзімізге жақсылық жасаған азаматтарға рахмет айтып, сыйлық жасағымыз келіп тұратын. Бүгін біз сол сыйлықты алғысымыз ретінде жеткізгіміз келеді. Себебі, сыйлық алу-берудің өзі үлкен қылмыс екенін өзіміз ұғу арқылы өзгеге түсіндіріп келеміз, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Білім және мәдениет меценаты Бекзат Алтынбеков.

«Үздік вайн форматындағы бейнеролик» аталымында топ жарған Бекзат Еркінұлы – әуесқой бейнеоператор. Вайн форматындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты түсірген бейнеролигі үздік деп танылған Бекзаттың қуанышында шек жоқ.

– Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Оған тосқауыл бола алатын Үкіметтен бөлек, ақпарат көздерінде жарияланған дүниелер. Солардың ішінде қазір вайн кең таралып келеді. «Үздік вайн» аталымына қатысуымның себебі де сол. Бейнероликті түсіруіме достарым көмектесті. Олармен бірге отырып сюжетін құрастырдық. Бұған дейін мұндай байқауларға қатысып көрмеппін. Алдағы уақытта мұндай байқаулардан қалыс қалмаймын, – деді Бекзат Оспанов.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button