Бас тақырыпЖаңалықтар

Баға мониторингі аясында 1 қаңтардан бері 600-ден астам сауда нысаны тексерілді

Жыл басынан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп баға мониторингін белсенді түрде жүргізіп келеді. Мониторинг күн сайын, демалыс күндеріне қарамастан жүргізіліп жатыр. Бұл баға өзгерісін уақтылы анықтап, нарықты тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Суреттер ҚР Сауда және интеграция министрлігінен

Осылайша, 1 қаңтарда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елордадағы ірі сауда желілерін аралап, бағаларды тексерді.

1 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде баға мониторингі белсенді түрде жүргізілуде. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің басшылары әкімдіктермен бірлесіп 600-ден астам сауда нысанын тексерді.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің басшылығымен әкімдік  өкілдері мен Сауда және тұтынушылардың құқығын  қорғау департаменті «Самади» гипермаркетіне барды. Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, атап айтқанда ұн, нан, сүт, күнбағыс майы, қант, күріш және өзге де өнімдердің бағасы мен қолжетімділігі тексерілді. Сондай-ақ тауарлардың сөрелерде болуы мен қоймадағы қор көлеміне ерекше назар аударылды.

Қызылорда облысында  31 желтоқсан мен 2026 жылдың 1 қаңтар күндері азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен жүргізілді. Сауда және тұтынушылардың құқығын  қорғау департаменті, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, мемлекеттік кірістер департаменті, сондай-ақ «Байқоңыр» ӘКК» АҚ өкілдерінен құралған жұмыс тобы Қызылорда қаласындағы «Сыбаға», «Смолл» және «Қызылорда» сауда желілерінде тексеру жұмыстарын жүргізді.

1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығымен бірлесіп Орал қаласындағы ірі сауда желілерінде баға мониторингін өткізді.

6 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы ірі сауда нүктелерінде бірінші кезектегі азық-түлік тауарларының бағасын жеке өзі тексерді.

«Өңірде бағаның өсуін тежеу мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Өткен жылы оның қаржыландыру көлемі 2,9 млрд теңгені құрады, шамамен 13 мың тонна өнім сатып алынды. Бұл қала халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына тең. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қорлары шамамен 12 мың тоннаны құрайды», –  деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Маңғыстау облысында төрт ірі сауда желісінде, оннан астам үй маңындағы дүкенде, сондай-ақ төрт көтерме базарда баға мониторингі жүргізілді.

Сонымен қатар Сауда комитеті өткен жылдың қорытындысын шығарды. 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру деректері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабына сәйкес 2 796 әкімшілік қаулы шығарылды. Оның ішінде 55,7 млн теңгеден астам сомаға 1 625 айыппұл салынды.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button