Бәсте – IBF белбеуі
Халықаралық бокс федерациясы Мексикалық Сауль Альварестен IBF белбеуін алып қойды. Енді, бұл белбеудің жаңа қожайыны Геннадий Головкин мен Украин боксшысы Сергей Деревянченко жекпе-жегінде анықталады.
«Канело» мен Сергей Деревянченко арасында белбеуді қорғау бойынша міндетті айқас өтуі тиіс-ті. Алайда, қос тарап келіссөздері жарастық таппады.
Гена да осы уақытқа дейін «Канеломен» үшінші мәрте кездесуден үмітті болды. Қарымта матчта барын салып, бұрынғы атақ-даңқын қайтарып алуды ойлады. Алайда, «Канело» бұл кездесуден қашқақтады. Әлемдік сарапшылар да қарап отырмай, «Альварес Головкинмен енді кездессе, жеңілетінін жақсы біледі» деген ой тұжырды. Шынымен де, мексикалық шаршы алаңға қайта шықса, абыройы айрандай төгіліп қалуы да бек мүмкін ғой. Содан болар, бүгінге дейін нақты жауабын айтпай келеді.
Енді, рейтингтің көш басындағы Головкин мен Деревянченко белбеу үшін айқасады. Кейбір дерек көздері жекпе-жек 5 қазан күні Нью- Йорк қаласындағы (АҚШ) «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында өтетінін хабарлауда.
Украин боксшысы Генадан сәл жастау. 34 жаста. Бұған дейін 13 кездесу өткізіп, тек, соңғысында (27.10.2018 ж.) Дэниел Джейкобстан ұтылған. Естеріңізде болса, 2017 жылы 18 наурызда Гена осы Джейкобстан басым түскен еді.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.