Бас тақырыпРесми

Мемлекет басшысы сипаттаған бейне – жас ұрпақпен үндес

Биылғы Жолдау – мазмұны мен бағыты жағынан алдыңғыларынан өзгеше. Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтарды айқындап, осы уақытқа дейін басталған стратегиялық бастамалардың сабақтастығын нақты көрсетті.

Сурет zhanaqorgan-tynysy.kz

Әсіресе, экономиканы орнықты дамыту және оны әртараптандыру – басты назарда болды. Президент бұл бағыттағы шешуші фактор – цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді енгізу керектігін атап өтті. Сәйкесінше, ЖИ негізінде экономиканы модернизациялау қажет екеніне тоқталып, алғашқы қадамды цифрлық кодекс қабылдаудан бастауға тапсырма берді. Қазіргі құзырлы министрлік негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды. Бұл – бүгінгі күннің маңызды жаңалығы. Әрі еліміздің цифрлық әлеуетін арттыру жолындағы нақты қадам. Бүгінде Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде цифрлық технологиялар саласында білікті мамандар даярлау ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта бұл жұмыс Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер негізінде жаңа қарқын алмақ. Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие, кәсіби құзыреттілігі жоғары, заманауи талаптарға сай маман дайындау.

Жолдауда айтылған тағы бір ауқымды өзгеріс – бір палаталы Парламент құру бастамасы. Әрине, мұндай жүйеге бірден бейімделу оңайға соқпауы мүмкін. Дегенмен, бұл қадам қоғамның сұранысына сай келетін, саяси жүйені жетілдіруге бағытталған маңызды реформа ретінде бағаланып отыр. Ең алдымен, бұл бастама саяси институттардың пәрменділігін арттырып, демократиялық үдерістерді жандандыруға жол ашады. Сонымен қатар, саяси партиялардың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне, олардың кәсіби және идеологиялық жағынан дамуына кең мүмкіндік береді.

Жолдауда айтылған тағы бір ауыз толтырып айтарлықтай маңызды жаңалық – Алатау қаласының іскерлік және инновациялық орталық ретінде айқындалуы. Бұл – еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа қаржы ағындары мен перспективалы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына жол ашатын тың бастама.

Мемлекет басшысы шетелдік және отандық инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталып, осы бағытта жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін нақтылап, тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, Жолдауда айтылған басымдықтар – еліміздің қай саласы болмасын жүйелі жаңғыруға бет алғанын, тиімді басқару, ашықтық және бәсекеге қабілеттілікті басты бағдар еткенін көрсетеді.

Жалпы, Жолдауда айтылған бастамалардың өзегі – адам капиталы. Президент өз сөзінде ел болашағы – отансүйгіш, білімді, жаңашыл азаматтардың қолында екенін ерекше атап өтті. Патриоттық рухпен қаруланған, жасампаздыққа ұмтылған жастар – жаңа Қазақстанның тірегі екенін нақты көрсетті. Мемлекет басшысы сипаттаған бейне – бүгінгі жас ұрпақпен үндес. Олар ғылым мен білімге ұмтылып, ел дамуына өз үлесін қосуға дайын. Ендігі міндет – осы әлеуетті дұрыс бағыттап, жүйелі қолдау көрсету. Бұл ретте жоғары оқу орындарының рөлі айрықша. Қазіргі таңда еліміздің жетекші оқу орындары осы үдерісті толық қабылдап, жастарды заман талабына сай даярлауға бар күшін жұмылдыруда. Бұл – мемлекеттің адами капиталға деген стратегиялық көзқарасының айғағы.

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры.

Басқа материалдар

Back to top button