Ресми

Бәсеке бәсі – жоғары

Облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан отырыс өтті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысқан жиында маңызды саяси шараға дайындық барысы пысықталып, сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

863 сайлау комиссиясында 5 589 адам жұмыс істейді

Сайлау заңнамасына сәйкес, барлық процесті сайлау комиссиялары жүзеге асыратыны белгілі. Қайрат Қаршығаұлы ол үшін 863 сайлау комиссиясы құрылғанын айтады. Тарқатып айтар болсақ, комиссия құрамындағы 5 589 адам 1 облыстық, 13 аумақтық, 195 округтік, 654 учаскелік комиссияларда жұмыс жасаса, одан бөлек, 33 жабық учаске тағы бар.

Одан бөлек, 21 учаске денсаулық сақтау мекемелерінде, 8-і – әскери бөлімдерде, 2-уі – уақытша ұстау тергеу изоляторларында және 2-еуі – қарттар үйінде. Облыс орталығынан 413 шақырымда орналасқан ең шалғай сайлау учаскесі Шет ауданының Жамбыл кентінде. Аталған учаскеде небары 10 сайлаушы ғана дауыс беретінін айту керек.

Бір мандатқа – 3 үміткер

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйе бойынша өткізіледі. Депутаттық мандатқа үміткер саяси партиялар саны алтау екенін айтады Қайрат Нұркенов. Олар, облыста тіркелген AMANAT, «Ақ жол» Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Respublica партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Одан бөлек, өзін-өзі ұсынушылар бар.

– Сонымен, облысымызда алғаш рет облыс мәслихаттарына 214 депутат және Парламент Мәжілісіне 2 депутат сайланады. 2004 жылдан бері алғаш рет кандидаттар партиялардан ғана емес, өзін-өзі де ұсына алады. Яғни, биылғы сайлаудың өзге сайлаулардан өзгешелігі де осы, – дейді Қайрат Қаршығаұлы.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, өкілетті билік органдарына депутат боламын дегендердің қарасы қалың. Саяси партия өкілдері мен өзін-өзі ұсынушылар арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Осыған сәйкес, Қайрат Нұркенов сайлаушылардың белсенділігі де жоғары болады деген ойда екенін жасырмады. Атап айтқанда, облыс бойынша тіркеу күні аяқталғанда 793 кандидат ұсынылып, 665 кандидат тіркелген. Оның ішінде 31-і бір мандатты округтер бойынша Мәжіліске, ал, 762-і облыс мәслихаттарына ұсынылған. Ал, аудандық комиссиялар 644 кандидатты тіркеген. Осылайша, бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік – 3,4 үміткерден.

Парламент Мәжілісінің бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелген кандидаттардың 15-і – ер адам, 4-еуі – әйел. Ал, облыс мәслихаттарына бір мандатты аумақтық округтер бойынша тіркелген кандидаттардың 455-і – ер адам болса, 189-ы – әйел.

Үгіт-насихат – маңызды кезең

Бүгінде тіркелген барлық кандидат үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кеткен. Сенімді адамдарын аудандық комиссияларда тіркеп, сайлаушылармен кездесу кестесі де бекітілді. Одан бөлек, баспа материалдары орналасатын 262 орын, кездесу өткізетін 204 орын белгіленген.

– Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына тіркелген 663 кандидат сайлауалды бағдарламаларын ұсынды және сайлау заңнамасы шеңберінде сайлаушылардың дауысы үшін әділ бәсекелеседі деп үміттенемін. Алайда, кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт мерзімін, тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік көзделгенін айту керек. Сондай-ақ, тегін тауар таратуға, өзге де қызметтер көрсетуге, ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынатынын есте ұстауы тиіс, – дейді Қайрат Қаршығаұлы.

Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, оның ішінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына және халықаралық ұйымдарға үгіт-насихат жүргізуге және үгіт материалдарын таратуға тыйым салынатынын айту керек. Сондай-ақ, саяси партиялар мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттардың сенімді өкілдерін тіркеу жалғасуда. Бүгінде 2111 өтініш тіркелген.

Сайлаудың әділ өтуі – байқаушыға байланысты

Демек, сайлау процесіне қызығушылық танытушылардың қарасы қалың болуы – заңдылық. Биылғы сайлау қатысушылардың да, байқаушылардың да, оның ішінде шетелдік тараптың да жіті назарында. Облыста сайлауға дайындық және өткізу шеңберінде халықаралық байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін ақпараттық қолдау орталығы ашылғанын айту керек.

– Облысқа халықаралық ұйымдардың ұзақмерзімді байқаушылары келді. Олардың міндеті – облыс өңірлеріндегі сайлау процесімен танысу және барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына бару. Осыған байланысты, сайлау комиссиялары сайлау заңнамасын қатаң сақтауы, оны сайлаудың барлық кезеңдеріне қатысты іс-әрекеттерде дұрыс қолдана білуі қажет. Шетелдік сарапшылардан басқа, алдағы сайлауда тәуелсіз бақылауды отандық үкіметтік емес ұйымдар да жүргізеді. Сондықтан, сайлауға қатысатын саяси партиялар мен кандидаттар, сондай-ақ олардың сайлауалды штабтары мен сенімді адамдары адал күрес жүргізуі керек, – дейді Қайрат Нұркенов.

Сайлаушылар бес бюллетень алады

4 наурыздан сайлаушылар тіркелген сайлау учаскелерінен өз деректерін тексере алады. Одан бөлек, мәтіндік форматта да, бейне форматында да тұрғындар senim109 арқылы және sailau09.kz. сайтынан сайлаушылар тізімінде өздерін қалай тексеруге болатындығы туралы түсініктемелер беріледі. Қазіргі таңда тіркелген сайлаушылар тізімі – 761 471. Оның ішінде 13 001 адам саяси науқанға бірінші рет қатыспақ.

Ал, 19 наурызда конституциялық құқығын пайдаланып, сайлау учаскесіне дауыс беруге келгендер әр түрлі түстегі бес бюллетень алады. Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер бойынша таңдау үшін – көк, ал бір мандатты округтер бойынша – жасыл. Облыстық мәслихатқа дауыс беру үшін күлгін және қызғылт сары түсті бюллетеньдер, қалалық және аудандық мәслихаттарға – сұр түсті. Әр бюллетеньде «барлығына қарсы» деген баған болады.

Облыстағы мүгедектігі бар 4 786 сайлаушыға да таңдау жасауға жағдай қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың 1610-ы – кресло-арба қолданады, 1784-і – мүлдем көрмейтіндер мен нашар көретіндер, ал, 1392-і – естімейтін және нашар еститіндер. Сайлау күні Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында және Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандарына қарасты 10 елді мекенде инвотакси қызметі ұйымдастырылады.

– Заңнамаға сәйкес әкімдіктер сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімін берді. Бұған дейін сайлаушылар базасына адамдардың жекелеген санаттарын енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Олар студенттер, вахта бойыншы жұмыс істейтін қызметкерлер, әскери қызметшілер. Азаматтарды сайлау құқығын іске асыру мүмкіндіктері туралы хабардар етуді қамтамасыз ету маңызды. Түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету ерекше назарда, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Одан бөлек, аймақ басшысы сайлау күні қоғамдық көліктерде тегін жүруді қамтамасыз ету үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына автопарктермен бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button