Бас тақырыпТаным

Бөрітон

Тілімізде бөрітон/ды деген сөз бар. Мәшекең (Мәшһүр Жүсіп) Жидебай батырды суреттегенде бөрітонды деп жазады. Осы сөзді алғаусыз қолданатынымыз байқалады. Оны өзіміз аңғара бермейміз. Содан да барып қасқыр ішік мағынасында түсініп, сол мағынада қолданып жүрміз.

Шын мәнінде бөрітон да қазақтың тонына, оның ішінде сыртаңына (сырттон) жатады. Бөрітон деген сөз – бөрі киім деген сөз.

Қасқырішік те қазақ баласының сыртаңы. Қасқыр ішікті екінің бірі киді десек те бөрітон жөнінде олай деп айта алмаймыз.

Бөрітонды екінің бірі кимеген. Ондай мүмкіндік бола да бермеген. Өйткені, қасқырдың бәрі бөрі емес.

Бөрі дегеніміз жұпқа түсетін қасқырдың жалы. Ал қазақ аңшылары ешқашанда бөрі соқпаған.

Сонда қазақ баласы қайтіп бөрітон киіп жүр?

Бір әуекте жалы бар, шуланы бар отызға тарта қасқыр болады. Соның біреуі ғана бөрі. Жұпқа түсетіні.

Қалған жалдардың барлығы да бөріден үміткерлер.

Сол жалдарың бөрі болуы мүмкін бе? Мүмкін болса, ол қалай өтеді?

Бөріден үміткер жал өзінің шешесімен (бөрте), қарындасымен (шулан), не апасымен (шулан) еш уақытта жұпқа түспейді. Қасқыр баласының тектілігін осыдан-ақ аңдауға болар.

Олай болса, бөріден үміткер әуектен шығуға мәжбүр болады. Бөріден үміткер деген сөз – өз ал дына әуек құрушы деген сөз. Әуек құру үшін бөрте керек. Оны қайдан алады?

Басқа әуектен!

Жалпы, тіршілік дүниесінде нәпсісін қанағаттандыруға келгенде еркегі ұрғашысына қарағанда осал келеді. Бұл адам баласына да қатысты. Бұл қасқыр баласына да қатысты.

Содан барып, әуектегі жалдардың барлығы бірдей болмаса да, өз алдына әуек құруға ұмтылушылар ішінара болады. Мұндай жағдайда әуектің қатал заңы бойынша ол әуектен шығып қалады.

Енді ол әуектің шапағатына бөлене алмайды. Ортақ қазаннан үлес тимейді. Бір сөзбен айтқанда, өз күнін өзі көретін болады.

Әуектен шығып қалған мұндай жалды бұралқы дейді!

Бөрі болғанша, бұралқы бастан талай сынақты өткереді.

Соның бастысы – қорегін тауып жеуі. Ең алдымен, оның аң аулау аймағы болмайды. Аңға бірігіп шығатын әріптесі болмайды. Қасқыр ешқашанда жалғыз аң ауламаған.

Бірақ, сондай күн туған. Бұралқының басына. Өз алдына әуек құрам, бөрі болам деушілердің барлығы да осындай сынақтан өткен.

Әуектен шығып қалған мұндай бұралқылар аң аулау аймағы болмағандықтан, ауылды торуылдайды.

Қазіргі уақытта БАҚ беттерінде «қалаға қасқыр кіріп кетті» деген байбалам мақалалар өріп жүр. Оның өзінде елді қорқытып құтырғаны дейді.

Шын мәнінде, олар – бұралқылар!

 Қазақ баласы итқұс деп қасқырға қаратып айтса да, негізінен, осы бұралқыға қаратып айтқан. Әйтпесе, әуек ауылға шабуыл жасамайды.

Ал бұралқылар шабуыл жасайды. Ауылға. Қойқораға. Тауыққораға…

Мүмкіндік болып жатса, ит дауысына салып, итті ауылдан шығарып алып жәукемдеп кетеді. Құс дауысына салып, құсты да, оның ішінде дуадақ пен құрларды баудай түсіреді.

Осының бәрін істейтіндер – бұралқылар.

Неге бұралқылар?

Әуектен шығып қалған бұралқылар да бірігеді. Бірақ, бұларға әуек заңы жүрмейді. Содан барып, олардың бөріге ұмтылған ғұмыры ұзаққа бара бермейді.

Әуектегі жалдар ешқашанда бірін бірі тастап кетпейді. Ал бұралқыларға бұл заң жүрмейді. Сондықтан да, олар қилы жайттарға ұшырап жатады. Қорек қамымен бас қосқан бұралқылар қауіп төнгенде өз бастарын сауғалайды. Осыдан барып, олардың ғұмыры қиылып жатады.

Бөрітонымыздың шикізаты, тоны – осы бұралқылар, бөрі болам деп талпынған жалдар.

«Бұралқыға бар өлім бөріге жоқ» деген сөз содан қалған. Қасқырішік деп сөйлейтін қазақ баласы қасқыртон деп сөйлемейді. Және керісінше, бөрітон деп сөйлейтін бабаларымыз бөрі ішік деп айтпаған.

 Демек, бұл жерде де бір кілтипанның болғаны.

Қасқырішік ең алдымен, сыртаң, сырт киім. Сырт киім болғанда қысқы киім. Адам жанының қорғаны. Қалай дегенде, боранды-шашындыдан бір адамның жанын алып қалады. Одан қалса, салтанат киімі. Қасқырішікті жанның айбары асып тұрады. Оны үлкен де, кіші де кие береді.

Бөрітонның жөні басқа. Оны кез келген адам кие бермейді. «Бөріұлтарақтының жеті жерде үйі» бар деген сөз де тегін айтылмаған. Қырықтан асқан ер-азаматтардың барлығының ұлтарақтары осы бөрі пұшпағынан сырылған. Өйткені, ондай ұлтарақ суыққа алдырмайды.

Ал бөрітонды қырыққа дейінгі ер-азаматтарына кигізбеген. Қандай жағдайда болсын.

Себеп – біреу, еркек шауқатын жасытқан…

Бөрітонды азамат серігін суыққа алдырғанда, болмаса, боранды күнде жолда қалдырғанда оған кесікті құн белгілеген. Оның айбанасына толық құн төлеген.

Ал қасқырішіктіге ондай құн белгіленбеген.

Қазақтың Сексенбай, Тоқсанбайларының әкелері осы себептен бөрітонды болған.

Қазақ ішінде бөрітонды қалау, болмаса, бұйымтайға шығару болмаған.

Ал тон иесі өзінің қалауына қарай бөрітонын сыйлай алған.

Тонды болыңыз! Бөрітонды…

Төрехан МАЙБАС,

жазушы-этнограф.

Басқа материалдар

Back to top button