Бөрісырғақ
Менің туған нағашым Бітім КӨШМАҒАНБЕТҰЛЫ қазақы ұғымдағы аңшы еді. Еш уақытта қолына мылтық, автомат алмайтын. Еш уақытта «Джип», «вездеход», аэрошана мінбейтін. Атпен шығатын, қолына құрық та алмайтын, жалаңқат алатын. Сол нағашымның қасқырдың құтын аламын деп бөлтірік асыраған жылдары болды. Нағашы атам Көшмағанбет көшелі адам еді. Сол кісі баласының осы ісіне қарсы болды. Бала да болсам сол бөлтіріктің тәрбиесіне мен де қатыстым. Оның тәрбиесіне бүкіл ауыл болып жұмылған. Сол бөлтірік бәрібір құтын бермей кетті. Бұл әңгімелер менің құлағымда содан қалған. Әйтпесе, қасқыр тұрсын, киікке де шыққан адам емеспін.
Боран, болмаса аяз жөнінде әңгіме қозғала қалса, жадымызда Арқа жаңғырып қоя береді. Ал, менің жадым тітіреніп тұрады. Өйткені, менің бабам осы Арқаның алғашқы аязында ұшып өлген. Сол аязды Арқа жұрты күні бүгінге дейін Қырбастың қызыл шұнағы дейді. Қырбас деп отырғанымыз атақты Көкбөрі Жарылғап батырдың баласы, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың жиені.
Шұнақ деп қазақ баласы құлақ кемістігін айтады. Қырбас бабамыз аязға ұрынып, қамшымен қаққанда құлағы қолында қалған ғой…
Бұл – кәдімгі желтоқсан айының басы. Бұл Кәмел Жүністегі ағамыздың «Жыл он екі айында» бар. Кәмекең күнін де анықтай түседі. «Ақпан айының 4-5-і» деп. Қазіргіше айтсақ, ақпанымыз – желтоқсан айы.
Осыдан кейін өтетін боранды амалымыз – текебұрқылдақ. Ол – айтып отырған ақпан (желтоқсан) айының 17-22 аралығы.
Екінші аязымыз қаңтардың басына келген. Оны ауызекі тілде «бетжабар» дейді. Кәмел Жүністегі «күн таласы» деп жазады. Кәмел ағамыз оны қаңтардың 1-2-не келтіреді.
Үшінші аязымыз да осы қаңтарға келеді. Оны «сары аяз», болмаса «сарышұнақ аяз», болмаса «сарышұнақ» дейді.
Осы жерде еріксіз басыңызды шайқайсыз. «Қазақ жылқыны ғана емес, аяздың өзін де түстеген бе?» деп. Өйткені, «қоңыр аяз» дегені де бар.
Қазіргі жүріп жатқан амалымыз – осы сары аязымыз. Бұрындары бораны күндіз-түні көзіңді буып, аязы көтерілмесе, түсе қоймайтын. Бүгінде соның бораны қалып, аязы кеткен сынды. Оны қазіргі ғаламдық жылымықпен ғана түсіндіруге болар.
Осы сары аязымыз қаңтардың 17- 27-не келеді. Кешегі есепші шалдарымыз «өзекті жанды бұл аяздан сары алып қалатын» дейтін. Бұл не сары десек, май деуші еді жарықтықтар. Сонан барып бұл май соратын аяз дер еді.
Осы сары аязымызды жаңсақтықпен, болмаса білместікпен бөрісырғақ деушілер шығып жатыр. Осы жерде барынша жұмсартып айтқанымызбен надандығымыздың иісі шығып тұрғанын несіне жасырайық.
Ең алдымен мұның амал екеніне ден қояйық. Амал болған соң-ақ оның сакральды болғандығы. Адам баласы соны шешемін деп-ақ келеді. Содан да барып адасып жатқанымыз.
Сонымен, бөрісырғақ дегеніміз не?
Әуелі осы бөрімізді анықтап алайық. Әрине, ол қасқыр. Әрине, ол қасқырдың арланы. Әрине, ол арлан болғанда жалы. Әрине, ол жал болғанда бөрісі.
Жал деп қасқырдың арланын айтамыз. Қаншығы – шулан.
Қасқырдың үйірін әуек дейміз. Осы әуекте шамамен жиырма-отыз қасқыр болады. Орманды қасқырлы орыс жұрты әуекті «стая» дейді. Әуекті бастаушыны «вожак» дейді.
Қалай екенін қайдам, біздер осы «вожак» сөзінің калькасын жасап, көсем, көшбасшы деп жүрміз. Кешегі үлкендер оны әуекбасы деуші еді. Сондықтан, алдағы уақытта осы сөзге назар аударсақ деймін. Оның үстіне бізде басқұрт деп айтушылық бар ғой. Мына Ресейдегі башкирлер өздерін «башқұрт» дейді. Мұнысы «басқұрт» деген сөз.
Осы жерде көзі қарақты оқырманның «сонда абаданымыз не?» деуі әбден мүмкін. Абадан дегеніміз де әуекбасы деген сөз. Алайда…
Аңға қасқырлар әуек болып шықпайды. Олардың да қартайғаны, түрлі жарақаттан мүгедек болып қалғандары, аң қағуға жарамайтын көксеректері болады. Сондықтан, олардың күш кемістігі білінгенде олар бірігеді. Әуектер күш біріктіреді. Бірнеше әуек топтасып, үлкен бір әуекті құрайды. Соны басқаратын әуекбасыны «абадан» дейді.
Орман қасқырлы орыс жұртында мұндай ұғым жоқ. Өйткені, орманда жемтік жеткілікті. Оларда бәрі «вожак». Сондықтан, абадан сөзіне құрметпен қарап, жөнімен қолданғанымыз дұрыс болады. Бабаларымыз «абадан байрақты» деп тегін айтпаса керек. Және оны сакральді сөз деп қабылдайды.
Тақырыбымыздан ауып барамыз-ау деймін. Қайтып оралайық…
Көкейімізге келіп тірелген сауал «әуек қайтіп көбейеді?» деген болса керек.
Шынымен, қайтіп? Жұптасып, әрине. Жұптасып деп текке айтып отырғанымыз жоқ. Қасқырлар бір-ақ рет жұп құрады. Және әуекте мұндай бір-ақ жұп болады! Міне, мәселе қайда?
Жұпқа түсетін қасқырдың арланын бөрі дейді. Арланның жал екенін білеміз, қарап отырсақ, жалдың барлығы бірдей бөрі бола алмайды екен. Моғал тілмен айтсақ, әуектегі қасқырлардың тұқым шашатыны біреу болады, сол біреуімізді бөрі дейді.
Тілімізде жиілігі жоғары бөрікөз, бөрімінез, басқа да бөрі сөзімен қатысты сөз тіркестері жеткілікті. Осы тіркестерден-ақ бөріде сакральдық қасиеттердің барлығы білінеді. Ол не қылған қасиеттер?
Ол ең алдымен әуектің иесі. Бүгін де! Ертең де! Ол әуекті құрайтын қасқырлардың аналығын таңдай білуі керек. Ол келешек ұрпағының жататын жерінен жаңылыспауы керек. Ол қаритын қаншығын жазбай тануы керек. Таңдау жеткілікті. Мың емес, жүз емес, алайда, жеткілікті. Таңдау жасалғанда оны «бөрте» дейді.
Осы жерде естеріңізге ештеңе түспей ме? Бөрте деген түп апамыз бар емес пе еді? Ол апамыз жаһанды тітіреткен Темужиннің таңдауы емес пе еді? Кешегі Абылай, кешегі Кенесарының… мамасы емес пе еді? Мама сөзіне де шекеден қарап жүрген жайымыз бар. Қазақ баласы әжеден кейінгі әжемізді мама деген. Салыстырыңыз: мамабие, мамақаз, мамақазық. Үйші қауымдар жалпы ағаштың ұрғашысын мама деген. Содан барып ағаштың барша ұрғашысын мамағаш дейді.
Бөрінің бөртені таңдауы өте маңызды. Өйткені, әуектің одан әрмен өсіп-өнуі осы бөртеге байланысты. Әуектің ертеңін осы бөрте шешеді.
Қандай жағдайда болсын, бөрте «қысыр» қалмайды. Бір жағдайда тоғыз, енді бір жағдайда жалқы табуы мүмкін. Неге?
Қасқырлар қалайда қоғамдасып өмір сүреді. Қоғам болған соң-ақ онда да кемістіктер болады. Кемел қоғам ешқашан да болған емес, болмайды да. Соның жарқын көрінісін осы әуектің мысалынан көруге болады.
Аңға топтасып шығады, түсірген олжаларын өзара бөліседі. Ол олжадан ешкім де сырт қалмайды. Әлі аңға жарамайтын қарақұлақтарын еш уақытта аш қалдырмайды. Әуекең алдымен соларды қоректендіреді. Содан кейін аңға шығуға жарамайтындарды… Сол аңға шығамын деп жарақат алып, мүгедек болып қалғандардың кезегі қарақұлақтардан кейін тұрады.
Осыдан кейін қасқырларды текті демей көріңіз!
Уау, сонда аңшылардың өздері қайда қалады?
Олар өздерін де ұмытпайды. Соны бөрте шешеді. Айналадағы қорек жеткілікті болғанда тоғыз табады! Қорек мардымсыз болғанда жалқы табады! Бірақ, ешқашанда жоғарыда айтқанымыздай қысыр қалмайды! Қасқыр ешуақытта құтын босқа шашпайды! Сондықтан да, бабаларымыз оны «тәңірқұт» деген. Ол жөнінде кейін жаза жатармыз. Әңгімемізге қайтып оралайық…
Қасқырдың тектілігіне көзіңіз енді жетеді!
Бөрі мен бөрте мойнына алған шаруаларын басқа мақұлықаттар сынды ашық, кез келген жерде жасамайды. Олар бұл жауапкершіліктерін жасырын жасайды! Әуектен бөлініп, көзден таса жерде. Бір Жаратушы ақпанның ақырған боранын осы бөрі мен бөрте үшін әдейі жіберген сынды көрінеді. Әуектің қалған көзінен жасырынуы үшін… Осы амалды бабаларымыз бөрісырғақ деген. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.
Қасқыр баласын 63 күн көтереді. Қарақұлақтарын сәуір айының аяғында әкеледі. Қыс ішінде қасқыр (бөрте) күшіктеді деген әңгімені естімедік.
Қоңыраязымызды ұмытып барады екенбіз. Ол – Үркер ауғанда түсетін шымшыма аяз. Ел ішінде «үтаяз» деп айтушылық бар. Өйткені, ақпан кіргенде үт түсетіні белгілі.
P/S: Әңгімеміздің аяғына шыққандықтан осы жерден қайырайық. Осы жерде «Орталықтың» жігіттеріне ризашылығымды білдіре кеткенді жөн көрдім. Сол азаматтар қолқа салды. Ақпан айы тусын дегендей болғанмын. Оған қаратпады. «Әлеуметтік желіде бауырларымыз адасып жатыр, өздері адасып қана қоймай, елді адастырып жатыр» деп. Уақыты келіңкіремей тұрса да бөрісырғақ жөнінде жазуымыздың басты себебі – осы.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф