Жаңалықтар

Қарағанды тамақтану және сервис колледжі буллингке қарсы тұру жолдарын қарастырды

Ел болашағы саналатын жас буынды зиянды әдеттерден, құқық бұзушылықтардан, психологиялық қысымнан сақтау – мемлекет үшін стратегиялық міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жас ұрпақтың тәрбиесіне, олардың қауіпсіз ортада білім алуы мен дамуына айрықша назар аударды. Осы тапсырманы іске асыру аясында Қарағанды қаласының екі бірдей колледжінде жастардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар кездесулер өтті. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде нашақорлықтың алдын алу тақырыбы көтерілсе, Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде буллинг пен кибербуллингке қарсы тұру жолдары қарастырылды.

Сурет forbes.ru

Денсаулық пен болашаққа қатер

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде өткен кездесу «Жаңа түрдегі есірткілер және жастар арасындағы нашақорлық проблемасы» тақырыбына арналды. Екі шараны да Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Қарағанды облысы Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырған.

Кездесу синтетикалық есірткілердің түрлері мен олардың зияны туралы нақты ақпарат беру, құқықтық жауапкершілік мәселелерін түсіндіру мақсатын көздеді.

Кездесу барасында жастарға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін әсері – жүйке жүйесінің бұзылуы, когнитивтік қабілеттердің төмендеуі, созылмалы аурулар мен өлімге алып келу қаупі ғылыми және медициналық деректерге сүйене отырып түсіндірілді.

Спикер ретінде сөз алған Қарағанды облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Мұстафаев жастарға нақты мысалдар арқылы есірткінің адам өміріне келтіретін залалын және қылмыстық жауапкершілік салдарын нақты мысалдармен жеткізді.

– Колледж студенттеріне нашақорлықтың денсаулыққа да, тағдырға да қатер екенін жеткізуге тырыстық. Жастардың шарада белсенділік танытуының өзі бұл мәселенің өзектілігін аңғартады. Осылай ашық диалогтар арқылы зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыруды көздейміз, – деп атап өтті Бақытжан Қожахметұлы.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 108 мыңнан астам адам психоактивті заттарды қолдану салдарынан динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде, 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді ретінде тіркелген.
Жастар мен жасөспірімдердің есірткі қолдану көрсеткіші соңғы жылдары өсе түскен. Зерттеулер нәтижесінде әрбір бесінші жастың кемінде бір рет есірткіні тұтынып көргені анықталған.

Шара барысында жастарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстеріне сәйкес есірткі заттарын сақтау, тарату, тұтыну жағдайларында туындайтын заңдық салдары толық түсіндірілді.

Буллингке жол жоқ

Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде өткен «Стоп буллинг: құрмет, қолдау, сенім» атты кездесу де жастар арасындағы буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, психологиялық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.

Кездесу барысында орталықтың психологы Әлия Асқамбаева Төлегенқызы студенттермен ашық диалог орнатып, буллинг жағдайларына психологиялық тұрғыда қарсы тұру жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Жастар ашық диологқа белсене қатысып, интерактивті жаттығулар арқылы топтық жұмыс дағдыларын шыңдап, өмірлік мысалдарды талдап, қиын жағдайлардан шығу жолдарын іздестірді.

– Буллинг – адамның ішкі жан дүниесінде терең із қалдыратын психологиялық қысым. Жастарға оларды қолдайтын, жақсы көретін, қамқоршы жандардың бара екенін, көмек қажет бола қалса, сұраудан қорықпау керектігін ұғындырғымыз келеді, – деді Әлия Төлегенқызы.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, балалардың 17,5%-ы мектепте немесе колледжде буллингке ұшырайды. Ал, 11-15 жастағы оқушылардың 6,8%-ы айына кемінде 2-3 рет қорлау немесе қудалауға тап болатын көрінеді. Сонымен қатар, кибербуллингке әрбір 8-ші оқушы ұшыраған.

Буллингтің алдын алу – алдымен жастардың өз-өзіне деген сенімін күшейту, психологиялық қауіпсіздік пен бір-біріне деген құрметті қалыптастырудың жолы. Мұндай кездесулер оқушылар мен студенттер қауымдастығы арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты нығайтуға, эмоционалдық сауаттылықты арттыруға оң әсерін тигізеді.

Бүгінгі күні Еліміздің болашағы саналатын жастарға зиянды әдеттердің салдарын түсіндіру, қиын жағдайда жалғыз қалмай, қолдау сұрауға болатынын жеткізу – аса маңызды. Мамандар сананы сауықтыру шараларын осындай профилактикалық жұмыс барасында дәрістермен шектелмей, интерактивті тәсілдермен, ашық диалогпен, шынайы өмірлік мысалдармен жүзеге асырып келеді.

Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта осындай кездесулердің санын арттырып, шалғай аудандар мен ауыл колледждерін де қамту, жастарға арналған психологиялық кеңес беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдарының үйлесімді жұмысын жалғастыру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар ауқымын кеңейту сынды маңызды жұмыстарды кезең-кезеңімен атқару көзделіп отыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button