Бәрі де оралады
Елде Кәмендір Абақов деген ағамыз болды. Ел тізгінін ұстаған азаматтардың бірі еді. Сол кісі денсаушылығына байланысты қалаға көшетін болады. Содан баласына хабар жібереді. Көлік жібер деп. Баласы жібереді. Кешінде тосып алады. Бір КамАЗ кітап дейді. Амал жақ, тағы жібереді. Тағы да кітап келіп тұр дейді…
Бұл – кітапқа деген кешегі күннің құрметі.
Сол құрметіміз әлі үзілген жоқ.
Бала күніміздегі сыйлықтың үлкені кітап еді. Сегізінші мартта аналарымызға, әпке-қарындастарымызға кітап сыйлап жатушы едік. Кітап сыйлау бүгін де жалғасын табуда. Шақырған жерге кітаппен бару қазір үйреншікті көрініске айналды.
Кітапқа деген жаулық сонау тоқсаныншы жылдары келді. Ең масқарасы кітап, газет дегендер майлық орнына жүріп жатты. Одан да сорақысы кітап, газеттер кітапханаларда тұрғанның орнына дәретханаларда тұрды.
Тамызыққа қолданғандар еш қымсынбаушы еді. Одан кейінгі уақытта да кітаптың жайы мәз бола қойған жоқ. Ел артық кітаптарын қоқысқа шығарып жатты.
Ең құрығанда кітапханаларға сыйлауды да білмеді ғой…
Ауылдық кітапханалардың есігінде қара құлыптар тұрды.
Бірақ әр нәрсенің қайыры бар емес пе?!
Соның бірі – кітапқа деген құрметіміз оралып жатыр!
Оралғаны сол, ел кітапханаға баратын болды. Үйіне кітап алдырып оқитындар шықты. Кітапханаға өз кітабымен баратындарды да көрдік.
Бұрынғы жұрт көшіп-қонғанда жиһаздарын арқалап кетуші еді. Бүгінгі көшіп-қонушылар оларын тіпті, орындарынан қозғамайды.
Тегін кітап алмайтын қазақ баласы бүгінде сатып алатын болды. Кейінгі бір біз көрген жақсы үдеріс ел кітап іздеуді шығарды.. Жақсы кітапты, әрине…
Ал жақсы кітап қашанда кітапханаларда болады ғой…Мен өзім жақсы білетін кітапханам – В.Гоголь атындағы Орталық кітапханам. Жақсы көретінім соншалық, мені осы оқу ордасына мыңдап кітап сыйлап жүрмін. Сыйлыққа қашанда жақсы нәрсе жүреді ғой…
Жарты ғасырдан асып кетті – мен соның оқырманымын.
Түстеп айта алмай отырғаным атаулы нәмі жоқ. Осыған дейін Гоголь атындағы деп атаушы едік. Қазір ресми құжаттарда болмаса жұрт Гоголь атауын аузына алмайды. Қасым Аманжолов атындағы атау да түрлі себептермен орнықпай қойды. «Ақселеу Сейдімбек атын берсек қалай болады?» деушілер де бар…
Анық нәрсесі – Орталық кітапханамыз.
Сол кітапханамыз өзінің тоқсан жылдығын атап өтіп жатыр.
Той күнгі айтар сөзіміз…
Кітабы жарасқанымен, ғимараты жараспай тұр.
Кітап та тірі ағза сынды ерекше күтімді қажет етеді. Оқырман да бүгінде жаңа өріске шыққан. Шай ішіп отырып кітаппен сырласқысы келеді.
Сол қуанышты күніміз алыстамаса екен дейміз!
Жақсы күндерде кітапханаға деген мұнан да жоғары құрметіміз өз көрінісін табады деп ойлаймын.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы