Уағында отар соңына ілескен Желдіаяқтар желдей қаулап, бүгінде назарды өзіне ілестірерлік кейіп шығарды. Тіпті, қаңғыбас иттің қанды ауызына түскен бала айқайын естісек, иығымызды қиқаң еткізе, жүре тыңдайтынымызды қайтерміз?! Сонда мемлекет миллиондары неге құрдымға кетті? Жауаптылар неге жалтарады? «Көксеректер» неге көбейді? Бар кінә өзімізде сынды.

Шығандаған шығыршықты шиыр республикалық сипат ала бастады. Алжыған тазыдай есірік күйдегі ит пен мысық қала көшесін көлегейлеп жүретініне екі көз әбден үйренген. Жат көріністі жатырқамас болдық. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданғалы қашан. Әйткенмен, заң бар да, оны іске асыратын жүйе жоқ тәрізді. Сүлесоқ жүйеде тәртіп те, жауапкершілік те болмайтыны аян. Базынамыздың босаң тұсы тек бұл емес. Жауапкершіліктен жалтару жайттары да жетіп артылады. Әр ведомство кінәні өзінен алыстатып, бір-біріне сілтеп әлек. Салдарынан қаңғып жүрген мыңдаған ит пен мысық, үрей құшағындағы бала мен үміті үзілген қаншама тұрғын бекерден-бекер сарсаңға түсті.
Салық төлеушінің құзыретті тарапқа қояр бір ғана пифагорлық сауалы бар. «Ақша қайда кетті?» деген. Былтыр аймақта қаңғыбас жануарлар санын «реттеуге» 173 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ресми есепке сенсек, 3 282 ит ауланып, оның 2 933-і стерилизацияланып, вакциналанып, чиптеліп, қайтадан көшеге жіберілген. Тағы 349 ит «агрессивті» деп танылып, жойылған. Алайда, «Senim109» орталығына 3 463 азамат өтініш білдірген. Атаулы жүйе неге жемісін бермей тұр? Осы миллиондар Қарағандыны қауіпсіз етті ме? Жоқ. Көше бұралқы иттен аласталды ма? Жоқ. Қаңғыбас ит саны азайды ма? Жоқ. Керісінше, жағдай ушығып барады. Қаражат бар, нәтиже тағы да жоқ!
Дігерлеген дәтті сұрауымызға Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жакетаев гәп «бюджеттік рәсімдерде» екендігін аңдатты.
АЗВҚ («Аулау – зарарсыздандыру (стерилизация) – вакцинациялау – тіршілік ортасына қайта жіберу») бағдарламасын іске асыру жоспары аясындағы негізгі мәселе – бюджеттік бағдарламалар рәсімдерінің шамадан тыс күрделілігі. Яғни, бір бағдарлама төрт бөлікке бөлініп кеткен. Бұл мемлекеттік сатып алулар конкурстарын өткізу кезінде сан түрлі кедергілер туғызып, соның салдарынан бағдарламаның жүзеге асырылуының кешеуілдеуіне әкелуде, – деп атап өтті спикер.
Бір қарағанда, бәрі – орнында. Мемлекет тарабы қаржы бөліп отыр, заң бар, тапсырма берілген. Ал, тасталған тақия жерге түспей тұр. Демек, мәселе қағазда емес, орындау барысында. Қатер тұтас қоғамға төнуде. Қарағанды облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі Татьяна Савицкая болса, түйткілдің әлеуметтік салдарына назар аударады. Айтуынша, қатыгездікті қалыпты құбылысқа айналдыру – қоғамды моральдық тұрғыдан құлдыратудың төте жолы екен.
Кешенді тәсіл болмаса, біз мәселені шеше алмаймыз. Менің ойымша, біз адамдардың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, қандай шаралар жұмыс істеп жатқанын, қайсысы жұмыс істемейтінін анық көре білуіміз керек. Парламент Мәжілісі деңгейінде де жануарлармен қарым-қатынасты қатаңдату шаралары қоса талқылануда., – деп бөлісті Татьяна Савицкая.
Байыптай бастасақ, жүйесіз, бақылаусыз, жауапсыз ортада үстірт қаталдық тәртіп орната қоймас. Тек бейберекетсіздікті күшейтеді. «Ал, мен кінәлімін бе?» дейтін шолақ сөйлем – жауапсыздық пәлсапасы. Есесіне ең өткір сұрақ: «Егер ит баланы қапса, кім жауап бермек?». Мұны кім, қайдан білсін?!
«Қорғау» қоғамдық қорының өкілі және «Котокафе» басшысы Инна Радченко аталған заңның неге қауқарсыз сипат алғанын өзінше пайым қылды. Кінәні жеке адамнан іздеудеден түк өнбейді. Мәселе – иттерді көшеге тастауға мүмкіндік беріп отырған жүйеде. Иесі жазасыз, бақылау жоқ, тіркеу формалды сипат алған. Демек, қаңғыбас ит – дағдарған қоғамның тікелей өз өнімі.
– Біз заңды енгізу тұрғысындағы жұмысты әуел баста тәп-тәуір бастадық. Жол картасы жасалды, бағдарлама тұжырымдалды, қоғамдық инспекторлар тағайындалды, жануарларды уақытша ұстау орталығы да салына бастады. Арада екі жыл өтті. Жол картасы құжатына әлі күнге дейін қол қойылмаған, жауапты басшылар кеңес жиынына қатыспаған, жұмыс кідірген, қаңғыбас жануарлар саны артқан. Қос үрей кеп арқалаған мерзімде қаңғыбас жануарлардың санымен бірге тұрғындар наразылығы қатар өсті. 332 миллионнан астам бюджет қаражаты ысырап болды, – деді Инна Радченко.
«Сонда бағдарлама бюджетті «жеп қою» есебі ме?» дерлік шиесі ағытылмас тосын ойға ораламыз. Ең сорақысы – стерилизацияланған деп есептелетін иттердің күшіктеуі. «Сырғасы» бар иттің тоғыз күшік тууы –техникалық ақау емес шығар. Бюджет бүйіріндегі қыруар қаржы осылай «игеріліп» жатқандай әсер бар. Бір итке екі реттен қаржы бөлінеді. Бірде болса, «стерилизацияланады», кейін сол ит «агрессивті» деп атылып кетеді. Жүйе жүйке жұқартып тұр. Заң бар, жаза жоқтың қасы.
Диірмен тасын кері тартып көрелік. Осыған дейін жекелеген азаматтардан жануарларға қатыгездік көрсету жайты бойынша 3 463 өтініш түскен. Бар болғаны 19 адам ғана жауапқа тартылған. Полиция өкілдері бұған тұщымды жауап беруге асығар емес. 735 айыппұл – көрсеткіш үшін ғана жасалған әрекет секілді. Ит етін жеуге, ит төбелесіне тыйым салынғанымен, жықпыл-жықпылына үңілген жанды кезіктірмедік. Үнсіздік – қылмысқа тең. Қоғам белсенділері нақты ұсыныстар айтып бағуда. Орталықтандырылған үйлестіру, әкім орынбасарының жеке бақылауы, тоқсан сайынғы есеп, мектептер мен ауруханалар маңында тыйым салынған аймақтар, рейдтер, түсіндіру жұмыстары… Қабақ астынан сынай қарағанымызбен, саяси ерік-жігер кімде болсын. Заңды бюрократия, немқұрайлылық және жауапсыздық солқылдақ еткен. Көре-көре көр болған көзіміз, өре-өре сор болған сөзімізден жан шықты. Асылы, үміт кесілмес! Жақсылыққа үміт те, үгіт те етеміз!
Өзге ел проблеманы әлдеқашан тиімді жолмен шешіп қойған. Ең қызығы, көп мемлекет жаппай атуға немесе басқа да қатыгез тәсілдерге сүйенбейді. Мысал ретінде Нидерландыны алайық. Осы ел – қаңғыбас иттер мәселесін бірде-бір жануарды өлтірмей толықтай шешкен әлемдегі алғашқы мемлекет. XIX ғасырда мұнда дүкендер мен питомниктерден ит сатып алуға өте жоғары салық енгізіліп, халықты жануарларды панажайлардан асырап алуға ынталандырды. Бұған қоса, CNVR бағдарламасы (Catch-Neuter-Vaccinate–Return – ұстау, стерилизациялау, вакцинациялау және қайта жіберу), барлық үй жануарларын міндетті түрде чиптеу және жануарды тастап кеткендерге қатаң айыппұлдар енгізуге мәжбүр етті. Бүгінде Нидерландыда қаңғыбас иттер іс жүзінде тіркелмеген. Есесіне жауапты иелік мәдениеті қоғамның қалыпты нормасына айналды. Ит иелері арнайы курстардан өтеді. Қоғам жануарларға жауапкершілікпен қарау бойынша ақпараттық науқандарға белсенді қатысады.
Германияда талаптар одан да қатаң. Швейцария мен Данияда иттерді жаппай стерилизациялау жүргізілмейді. Бірақ, қатаң тіркеу, көбейюді бақылау және жыл сайынғы салық жүйесі шамадан тыс көбеюдің алдын алады. Билік, ветеринарлар және FOUR PAWS сияқты ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастық жоғалған иттерді тез тауып, көшеге кетуіне жол бермейді. Ұлыбритания тепе-теңдіктің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. 2015 жылдан бері иттерді чиптеу міндетті, ал, жергілікті билік қаңғыбас жануарларды ұстап, жеті күн бойы иесін іздейді. Егер иесі табылмаса, иттер панажайларға беріледі. Үй табылмаған жағдайда гумандық эвтаназия қолданылуы мүмкін. Бұл – ең соңғы шара.
Жапония технология мен дәстүрді ұштастыра білді. Мұнда ұсталған иттер карантиннен өтіп, вакцинацияланып, арзан ветеринарлық клиникаларда стерилизацияланады. Үкімет асырап алуды арнайы қосымшалар мен ақпараттық науқандар арқылы кеңінен насихаттайды. Бұрынғыға қарағанда эвтаназия сирек қолданылады. Бастысы – мәдени өзгеріс: жапон қоғамы итті «қалдық» емес, серік ретінде қабылдайды.
Мағыналы мысалдар нені көрсетеді? Табыс кілті тек қаржыда емес (әрине, бюджет бар), ең бастысы, тұнжыратпас кешенді тәсілде. Біз үшін бұл – айқын сабақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



