Бұрқасын. Тұман. Көктайғақ.
Қыс өзінің қарлы пейзаждар қуанышымен бірге қала тұрғындарын аз-кем әбігерге салатыны да таңсық жайт емес. Ауа райының күрт нашарлауының салдары, әлбетте, қала билігі мен қоғамды тиімді шешімдер іздеуге ынталандырады.
Қарағанды көшелері қыста қауіпсіз емес. Аяз. Қалың қар. Көктайғақ. Әсіресе, тайғақ жаяу жүргінші жолында құлап, жарақат алу оңайдың оңайы. Кейде, тіпті, арнайы аяқ киім де құтқармайды. Сауалнама барысында қала тұрғындары жиекжолдағы мұзтайғақтың жаяу жүргіншінің шырқын алатынын жасырмайды. «Иә, табанымыз тайып, құлап жататын кезіміз болады. Әсіресе, күн райы күрт бұзылғанда қиын», «Көктайғақ. Боран. Қар қалың. Кейде жүру мүмкін болмайды. Омбылап діттеген жерімізге жетіп жығыламыз»; «Жиек жолдың бар аумағы толық тазаланбайды!», «Гоголь көшесін алайық. Орталық көше ғой. Бірақ, тиісінше назар аударылмайтын сынды. Көктайғақ көзге ұрып тұр!», «Жиек жолға тұз сепкендер көрінбейді» деген рәуішті тұрғындар пікірлері еріксіз ойға шомдырардай.
Байыптап қарасаңыз, тұрғындар пікірі сан алуан. Оның үстіне кейінде жеткен бұрқасын, қалың қар, тұман қозғалысты мүлде тежеп тастағандай. Қаладағы көктайғақ жазатайым оқиға мен тосын апатқа ұшыратуы мүмкін. Тұрғындар мен жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолы мен жолдарда сырғанау қаупіне тап болады. Мұндай оқиғаларды азайту үшін көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалануды, жолдарды жинау бойынша неғұрлым белсенді шараларды, сондай-ақ, халық үшін белсенді ақпараттық науқанды қоса алғанда, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдау аса маңызды.
Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың ахуалдық орталығының басшысы Ерік Шонбаев тек жыл соңында ғана Қарағанды облысының медициналық ұйымына 150-ге жуық адам жүгінгенін айтады.
– Емханаға жүгінгендер саны көбейді. Көктайғақ салдарынан жарадар болғандар аз емес. Жылдан-жылға қауіпсіздік ережесіне жете мән берген маңызды. Қыс келді, бұған дайын болу керек. Сапалы аяқ киім сақтайды, – деп кеңес береді Ерік Шонбаев.
Өңірдегі көлік инфрақұрылымы көктайғаққа байланысты сын-қатерлерге мезгіл сайын тап болады. Жолдардың жабылуы, трафиктің кешігуі және апаттар қысқы кезеңнің ажырамас бөлігіне айналады. Жолдардағы мұзбен күресудің заманауи технологиялар жүйесін дамыту және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету – қыста қамдайтын әрі дамыта алатын маңызды бағыттар.
Бұл орайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауа райының күрт нашарлауына байланысты өңір тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады.
– Сіздерге бұл мезгілде үйде болуды, сондай-ақ, қала мен елдімекеннен тыс жерге сапар шегуден бас тартуыңызды сұраймын! Ауа райының қолайсыздығына байланысты, республикалық және облыстық жолдар жабылды. Облыс бойынша электр желілерінің үзілу жағдайлары бар. Сондықтан, кей жерлерде электр қуаты мен жылу беру тоқтауы мүмкін. Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде, қажетті шаралар қабылдануда. Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылды. Жедел желі телефоны жұмысын бастады, – делінген үндеуде.
Сөз соңында әр оқырман қаперіне қыстағы қауіпсіздік ережесіне мән беріп, ауа райын бақылауын еске саламыз. Бұл уақыт – қауіпсіздікті бірінші орынға шығарар кезең.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz