Жаңалықтар

БҚО-да «Қазавиақұтқару» тікұшағы апатты жағдайда қонды: 4 адам қаза тапты

Кеше, 23 ақпан күні сағат 15:38-де Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чапурино кентінің ашық аумағында «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан ТЖМ “Қазавиақұтқару” АҚ қонуға мәжбүр болған. Азаматтық авиация комитеті ТЖМ-ның құтқару тобы тікұшаққа келіп-жеткенін, қайғылы оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адамның зардап шеккенін хабарлаған.

Суреттер: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың мәліметінше, бортта болған 6 адамның бесеуі – экипаж мүшелері, бірі – «ҚазТрансОйл» АҚ өкілі. Қаза болған 4 адамның барлығы – экипаж мүшелері, ТЖМ-ге қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ қызметкерлері.

Оқиға Чапурино елді мекенінен 6 шақырым қашықтықта болған. Сағат 15.50-де «ҚазТрансОйл» АҚ тапсырысы бойынша құбырды әуеден шолу үшін ұшып шыққан «Қазавиақұтқару»АҚ  Ми-8 тікұшағы жерге қатты екпінмен қонған.

Тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жатқызылған.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, аталмыш оқиғадан 1961 және 1987 жылғы ер адамдар жарақат алды.

– Алдын ала мәлімет бойынша екеуі де бас пен мидың жабық жарақатын алып, милары шайқалған. Оған қоса бас төбесі соғылған. Екеуі де қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайлары тұрақты, деді Айнагүл Сақпосынова.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, авиациялық төтенше жағдай кезінде министрліктің төрт қызметкері көз жұмды. Олардың қатарында ұшқыш-нұсқаушы Дәулетбай Қанатов Сабырбайұлы, екінші пилот Владимир Афанасьев Константинович, аға борт механик-нұсқаушы Сиязбек Андосов Шажалиұлы және жетекші инженер Жәрдем Доскалиев Қуанышқалиұлы бар.

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button