Жаңалықтар

Бұлбұл есімі берілді

Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне жерлесіміз, аты аңызға айналған опера әншісі Күләш Байсейітованың есімі берілді. Бұл – Арқа жұртының мерейін тасытқан ортақ қуаныш.

Сурет kaztag.kz

Бұған дейін елордадағы аталған іргелі оқу орнына Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдағанын атап өткен жөн. Бұл туралы Президент былтыр мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде айтқан еді.

«Мемлекеттік қайта тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін оқу орнына «Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті» атауы ресми түрде берілді. Бұл маңызды оқиға Күләш Байсейітованың ұлттық мәдениет пен қазақ өнеріне қосқан зор үлесін айшықтап, оның мол мұрасын жас ұрпаққа дәріптеудің айқын көрінісі болды», – делінген Мәдениет және ақпарат минстрлігінің ресми хабарламасында.

Күләш Байсейітова – қасиетті Арқа топырағында Алтын бесік Ақтоғай өңірінің тумасы. Қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО Халық артисі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақ ән өнері мен театр өнерінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, бірқатар ірі қойылымдарда классикалық туындыларды шебер орындаған сирек кездесетін дауыс иесі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button