“Бұлантыдағы” бәсеке
Мына мәселені оңтайлы шешудің жолын ойластыршы” деген жігіт ағасын қалыптасқан жағдай қатты алаңдатады екен. Артынан әңгімеге тартқан бірнеше ауылдас та бұл үрдіс ұнамайтынын айқын аңғартты. Расында, бұдан 290 жыл бұрын жауға қарсы қазақтың басын біріктірген “Бұланты” ел аман, жұрт тынышта ағайын арасының ашылуына себепші бола ма?
Ендеше “ойластыратын” несі бар? Қолына қалам ұстаған адам жазуды, мән-жайды жамиғатқа жеткізуді біледі. Шешім қабылдайтын — елдің игі-жақсысы. Бірден айтайын, бұдан маған келер-кетер ештеңе жоқ.
Ағайын арасын
ашатын түрі бар
“Бұланты шайқасы” – ел мен жердiң тағдыры таразыға тартылған сындарлы сәтте сардар мен сарбаздың сағын сындырмай, елдің еңсесiн көтерiп кеткен, желiккен жоңғарға қайсар қазақтың қайтпас қайратын, керемет қуатын көрсеткен тарихи оқиға. 1727 жылы үш жүздiң ұланы Бұланты-Бiлеутi бойындағы “Қарасиыр” қырқасында жауды қанға бөктiрiп, артынша “Аңырақайда” ендi бетi берi қарамайтындай еттi.
“Бұлантыдағы” бұл қанды қасапқа Ұлы жүзден – 7 000, Орта жүзден – 10 000, Кiшi жүзден – 10 000 сарбаз қатысты деген дерек бар. Ендi бiр мәлiметте қазақ жасағының қалың санын қырық төрт мыңға тiреп қояды. Менiң ойымша, мәселе – оған қанша қазақ қатысқанында емес, “Бұланты шайқасының” тарихи маңызында. Ең бастысы, ол елдiң үмітін оятып, санасында серпiндi сiлкiнiс жасады.
“Қалмақ қырылған” шоқысына бұдан екі жыл бұрын ата-баба ерлiгiн айшықтайтын еңселi ескерткiш – “Бұланты шайқасы” тасбелгiсi қойылды. Мәрмәрдан сомдалған, төрт жағын қалқан қаусырған тұғырдағы көкке шаншылған “найзаның” биiктiгi жетi метрден асып жығылатын көрiнедi. Төңiрегiндегi төрт мәрмәр тасқа ру мен тайпа таңбасы, ерлiгiмен ерекшеленген бірнеше батырдың есiмi қашалған…
Енді ел не дейді?
“Тасбелгiнiң төңірегі белгілі-белгісіз батырға қойылған құлпытас “қорымына” айналып барады”.
“Мың балаға” қойған жетеді деді ме, сөзі өтімді біреу Сартай батырға қойылған белгіні алып тастап, орнына беймәлім батыр бабасына орнатты”.
“Руды қойып, бір атаның баласы бөліне бастады. “Пәлен жердегі ұрпақтарынан” қойылған құлпытас таңсық болмай қалды. Тіпті “Ұйымдастырушы” деп, аты-жөнін жазып қоятынын қайтерсің?!”.
“Биыл ас беру кезінде “Батыр бабаны кім көп насихаттап жүр?” деген сауал төңірегінде салғыласқан әйел мен еркек елді ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Осыдан кейін ағайын арасы қалай ашылмайды?”.
Міне, бір парасы осындай. Айтпағы әңгіме ауанынан аңғарылып тұр.
Тұғырын таппаған
тасбелгі
“Қалмақ қырылған” шоқысына “Бұланты шайқасы” тасбелгiсi қойылғанда барғанмын. Оған да екі жыл өтіпті. Әлі де жолым түспес пе еді, ел арасындағы алыпқашты әңгіме еріксіз апарған. Ауыл әкімдігі көлік жағынан көмектескені жақсы болды, әйтпесе барып-қайту әжептәуір әбігер екен. Айтылған әңгіменің негізсіз еместігіне көзім жетті. Расында, ыңғайсыз жағдайға қалады екенсің. Ойланатын шаруа!
Осы тасбелгінің ашылу салтанатына келген қонақтың бірі: “Қап, қазақ қалмақты “Күмiсбұлақтың” басында қырмаған екен!” дегені есімде қалыпты. Ол ненi тұспалдап тұрғанын түсiнгенмін. Өйткені, журналистер мiнген автокөлiк діттеген жерге жеткенше тасбелгі жолай талай әңгiмеге тамызық болған.
Жаңбырлы жазда шаңы шыққан жер мазасын кетiрген бiр әрiптесiм: “Күрежол салмаса, арнайы келген бiреу болмаса, мынау айдала адам аяқ басатын жер емес екен” деген. “Қарағым-ау, қайдағы күрежол? Айдала түгiлі, Қарсақбай мен Байқоңырдың арасындағы алпыс шақырымның сыйқын жаңа көрген жоқсың ба?” деген, егделеуi естиярлық танытып.
Сөздің шыны керек, “Бұланты шайқасы” – тұғырын таппаған тасбелгi. Оған осы жолы көзім одан әрі жете түсті. Мен пiкiрлескен бiраз ауылдастың ойы: “Байқоңырдың қос босағасындай болған “Егiзтөбе” лайық едi” дегенге орайласып жатты. Тура сол тұста сұрапыл соғыс өтпесе де “Бұлантыға” беттеген қалың қолдың құрығанда бiр қосыны қос төбеге қарауыл қойып, осы “Егiзтөбенiң” етегiндегi атшаптырым алаңқайға дамылдамағанына кiм кепiл?
Сол өңiрдiң тумасы болсам да қырық жылдан астам қолыма қалам ұстаған менiң өзiм “Бұланты” жақты екі-ақ рет көрдiм: біріншісі – тасбелгі қойылғанда, екіншісі – осы жолы. Ендi қашан келетiнiмдi бiр Құдай бiледi. Айдаладағы тасбелгiнi көру үшiн арнайы келмесiм анық. Қазақ айтады: “Ештен – кеш жақсы”. “Игіліктің ерте-кеші жоқ” дейтін де сол қандасымыз.
Ендеше, ойланайық! Елмен де есептесейік!
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Ұлытау ауданы.
Суреттерде:
“Бұланты шайқасы” тасбелгісі.
Құлпытас “қорымы”.
Суреттерді түсірген автор.