Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының соңғы аптасы да тәмам. Шет ауданының тұрғындары екі айлық және бес апталық акция аясында аудан бойынша 4 555 ағаш егіп, 10 мың тонна қоқыс қалдықтарын шығарыпты. Акция басталғалы бері жеті мыңнан астам адам сенбілікке шығып, аудан тазалығына үлес қосқан.
Аталған акцияның соңғы, яғни, «Мөлдір бұлақ» апталығынан да аудан тұрғындары қалыс қалмады. Бұл жолы қоғам белсенділері, мекеме және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер бірлесе аудан орталығындағы «Жанқұтты би» бұлағының маңайын қоқыстан тазартты. Бұлақтың көзін ашып, сырлау және әрлеу жұмыстарын жүргізген.
– Ауыл тұрғындары осы бұлақтан үнемі су алып жүреді. Осы апталық аясында тұрғындар сенбілікке шығып, бұлақтың маңайын жиыстырды. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөз бар. Осы бұлақтан бәріміз су алып отырған соң тазалықты да қаперден шығармауымыз қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсенбаев.
«Жанқұтты би» бұлағы 2015 жылы қайта қалпына келтірілген. Халықтың тұтынуына жағдай жасалып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Осы сенбілік аясында 30-ға жуық адам тазалық жұмыстарына ат салысты.
– Күллі ел сенбілікке шыққанда біз де қарап отыра алмадық. Республикалық акция басталғалы бері аудан тұрғындары сенбіліктен қалмады. Акцияның соңғы апталығында бәріміз су алып жүрген осы бұлақтың көзін аштық. Тазалық жұмыстарын жүргіздік. Жер астынан шығып жатқан бұлақтың қадірін білуіміз қажет, – деді аудандық археологиялық-этнографиялық музейдің басшысы Салтанат Қамытбаева.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Шет ауданы.
Ortalyq.kz