Жаңалықтар

Бұл сыйлық – бұрынғы сыйдан өзгерек

Арқа журналистикасының бүгінгі күні мерейі үстем. Әріптестеріміз түрлі беделді сыйлықтарды да, марапаттарды да қанжығаларына байлады. Оның бірқатарын газеттің алғашқы бетінен сүйіншіледік. Дегенмен, жыл сайын табысталатын облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының сыйы да, орны да ерекше. Биыл да дәстүр бойынша қалам ұстаған қауымның бірқатар өкілі марапатталды. Арнайы сыйлықты «Saryarqa aqparat» медиахолдингі иеленгенін тағы да мақтанышпен айтсақ артық болмас…

Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек журналистердің қоғамдағы орнына тоқталып, аймақ журналистикасына айшықты баға берді.

Бүгінде журналистердің көмегіне жүгінбейтін бірде-бір сала жоқ. Сіздер жұмыс істеуге, ойлануға, жанашырлық танытуға, шындықты әр түрлі тұрғыдан көруге көмектесесіздер. Қарағанды журналистика мектебі өзінің ерекше шеберлігімен, қайталанбас бірегейлігімен ерекшеленеді. Қарағанды – журналист кадрларының нағыз ұстаханасы деп бекер айтпайды. Сіздердің көпшіліктеріңіз осы қиын-қыстау кезеңде жұртшылықты өңірдегі ахуал туралы жедел әрі шынайы хабардар ете отырып, пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде еңбек етіп келесіздер, – деп ақжарма тілегін білдірді облыс әкімі.

«Алтын сұңқар» сыйлығын табыстамас бұрын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары берілді. Белгілі журналист Екатерина Кузнецова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ардагер журналист Сағат Батырханова, «5 арна» редакторы Рушан Бараев, «ТВ-АРТ» компаниясының директоры Руслан Никонович және «Индустриальная Караганда» газеті Бас редакторының орынбасары Станислав Песнев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, бірқатар БАҚ басшылары мен қызметкерлеріне министрліктің грамоталары табысталды.

Биыл «Алтын сұңқар» байқауы 15-ші рет өтіп отыр. Бүгінгі күнге дейін 202 журналист пен 6 БАҚ ұжымының еңбегі еленіпті. Биылғы байқауға 104 өтінім келіп түсіп, комиссия қорытындысымен 10 номинант іріктеліпті. Атап өтетін жайт, игілікті шараны ұйымдастырушылар қаржылай сыйлық көлемін 250 000 теңгеден 500 000 теңгеге ұлғайтты. Демек, бұл сыйлық бұрынғы сыйлықтан өзгерек. Және келесі жылғы байқауда «Блогосфераның үздік өкілі» атты жаңа аталым қосатындарын айтып қуантты.

«Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығына «Saryarqa aqparat» медиахолдинг ұжымы ие болғанын жоғарыда сүйіншіледік. Медиахолдинг құрамындағы қос аға басылымның биыл – 90 жылдық торқалы тойы. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» мен «Индустриальная Караганда» газеті 1 миллион теңгеден сертификат алды.

Біз комиссия мүшелері мен облыс әкіміне жұмысымызды жоғары бағалағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл біздің үлкен ұжымның жеңісі, оның құрамына тек екі облыстық газет – мерейтой иелері ғана емес, сонымен қатар, Life09 порталы, интернет-редакция да кіреді. Біз алдағы уақытта да өңірдің барлық басты жаңалықтарын объективті түрде жариялауға және халыққа пайдалы ақпаратты жеткізуге тырысамыз, – дейді «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет.

Сонымен, аймақ журналистикасының абыройы үшін айтарлықтай қызмет атқарып, мереке қарсаңында мерейлері тасыған әріптестерімізді еңбектері еленгенімен шын жүректен құттықтап, жеңімпаздардың тізімін ұсынамыз.

«Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы – ҚР Құрметті журналисі Төрехан Майбас, «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» номинациясы – «Арқа ақшамы» газетінің Бас редакторы Жанат Жанқашұлы мен блогер Айсұлтан Жақыпов, «Объектив шебері» номинациясы – «5 арна» телеарнасының операторы Рустам Бараев, «Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясына – «Ұлытау» газетінің Бас редакторы Ахат Құрмансейітов, «Өндірістік тақырыпты үздік жариялау» номинациясы – «Atameken Business» республикалық телеарнасының тілшісі Айман Сағатай, «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» номинациясы – «Еkaraganda. kz» ақпараттық агенттігінің Бас редакторы Нина Вербовая, «Алғашқы жетістіктері үшін» номинациясы – «Курсив» республикалық іскерлік басылымының тілшісі Ксения Безкоровайная, «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясына – республикалық Qazaqstan телеарнасының облыстық филиалының аға режиссері Мерхат Иманқұлов, «Мәнер мен атқарымдылық үшін» номинациясы – республикалық «Хабар» және «Хабар-24» телеарналарының бейнеинженері Аслан Демесбаев, «Еңбек адамы тақырыбын үздік жариялағаны және насихаттағаны үшін» номинациясы – Жезқазған аймақтық «Подробности» газетінің Бас редакторы Нина Барбутькоға табысталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button