Жаңалықтар

Бұл нөсер бұрынғыдан «бөлектеу»

Тамыз таусылып, қыркүйек кірген бетте табиғат күз келгенін күрт сездірген. Бір айдың мұғдары Қарағанды жауыннан көз аша алмады. Күздің қара суығы қойын-қонышты кеу­легені былай тұрсын, тас қабырғаларды тоңазытқан-ды. Бір айғы ара-тұра сіркіреген жаңбыр сәрсенбідегі нөсердің қасында бұйым болмай қалды. Алты ай жазда тамбаған жаңбыр алдыңгүні толассыз бір сағат ішінде шелектеп төкті. Қарағанды көшелерінде халық толарсақтан су кешті. Дегенмен, жергілікті билік барлық қызметті жұмылдыру арқылы жағдайды дереу түзеді. Бүгінде Қарағандыда жаңбырдан соңғы тыныштық…

Сонымен 38,6 мм жауын­-шашын бір сағатта түскен-ді. Ал «Қазгидромет» айтуынша, бір айлық норма – 21 мм. Яғни, екі сағатта бір жарым айдың жаңбырын табиғат төге салды. Соның салдарынан қала көшелерінде су тізеден келетін жағдайға жетті. Көліктер жүрісінен жаңылып, ішіне су кірді. Тіпті, Қарағанды техникалық университетінің бір оқу корпусында студенттер толарсақтан су кешкен бейнежазбалар жарияланды. Дегенмен, нөсерлік кәріздердің қақпағын ашу арқылы жағдай тұрақталды. Жаңбырдан соңғы жағдай хақында қала әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желіде бірнеше рет эфирге шықты. Ахуалды дүркін-дүркін баяндап отырды.

Оның мәлімдеуінше, нөсерлік кәріз жүйесі мұнша судың көлемін қабылдап үлгермеген. Сондықтан да нөсер кәріздері құдығының қақпағын ашу туралы шешім қабылданыпты.

– Бұл – қатардағы әдеттегі жаңбыр емес. Бұл – нөсер. Бұлт қала төбесінде бір сағат тұрып, жаңбыр толассыз жауды. Бір мез­гілде түскен жауынның мөлшерінің көптігінен нөсерлік кәріз жүйесі жиналған суды ағы­зып үлгермеді. Сол себепті ол кәріздердің қақпақтарын ашу жөнінде шешімге келдік. Оның үстіне, жаңбыр жапырақтарды да нөсер кәрізіне ағызып әкелген, – деді қала әкімі әлеуметтік желіде.

Су астында қалған көше қатарында Ерубаев, Нұркен Әбдіров көшелері, вокзал маңы алаңы бар. Қала әкімінің мәлімдеуінше, бұл үшеуі қаланың төменгі нүктелері. Яғни, барлық көшенің суы осында келеді. Бұларда нөсер кәріздері бар. Тек, жоғарыда айтқандай, олар судың осынша көп көлемін бірден қабылдай алмаған. Негізі, қаланың коммуналдық қызметі қапы қалмаған.

Ал, Қарағанды техникалық университетінің баспасөз қызметі оқу орнындағы келеңсіздік әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің күшімен жойылғанын хабарлады. Сабақ кестесі бұзылмаған.

Жалпы, кейінгі уақытта ша­һарлардың жауында «жүзіп» кетуі жиілеп жүр. Бұқара да мұны оқтын-оқтын айтып қояды. Ал кешегі жағдай ертеңді бүгіннен бастап ойлауды әдейі еске сал­ғандай.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button