Руханият

Бұл – біздің тарих…

Орынбор. Нақтырағы, Орынбор облысы Петровское ауылы.

Уақыт межесі тым әрі болмағанымен, қызғылықты кезең-тін. Арғы ата-­әжелеріміз ғұмыр кешкен күндер кәдімгі қара жұмысқа жегілген «көнетоздау» сұрқай ғасыр айырығы болатын. Еңбек арзан, ақша аз кез. Күн көру үшін екі қолыңыздан өнер тамса, яки, құжатқа ақсауыттай қырағы болсаңыз, нан жей алар едіңіз.

Суреттер etoretro.ru, profile.ru, dzen.ru, 63.ru сайтынан алынды

Сол ауылда 1901 жылғы Мария Ивановна Карпенкова мен 1898 жылы туған Макар Александрович Мельников тұратын. Марияның әкесі – көпес. Орынбордан мата алып-сатқан оған ұлдары Петр, Дмитрий, Иван қолқанат болды. Мария Ивановнаның анасы үй шаруасындағы әйел болған, бала тәрбиелеген. Марияны земство кенттік мектебінің үш сыныбын бітірісімен, әкесі оны лапкеде сатушы болып жұмыс істеуге міндеттеді. Енді ше?! Бір-біріне көмектесіп, отбасына тамшыдай табыс әкелу ауадай қажет кез. Мұны қазіргі тілмен айтқанда «отбасылық бизнес» дейміз ғой. …Тұтқиылдан ұлы революция, азаматтық соғыс басталды да кетті… Ауыл-аймақты кенеттен ақ гвардияшылар басып алды. Ақ пен қызыл алма-кезек ауысқан алмағайып айлар болатын. «Ұлдарың қызыл армияға қызмет етті» деген желеумен Иван Карпенковты ақтар әскері сұраусыз атып тастады.

Мария Карпенкованың кенже інісі Сергей Макар Александрович Мельников та есепші болып қызмет ететін. Бірде Макар Сергейдің әпкесін көріп қап, ес-түссіз ғашық болады да, әулетке құда түседі. Маша балауса қыз кезін қимай көп дағдарды. Есесіне оны шешесі азғыра бастаған-тын. Өйткені, әлгі Макарыңыз келбетті әрі кәнігі есепші болыпты. Ал, оның отбасы жұртқа аса сыйлы, еңбекқорлығымен әйгілі еді. Әкесі май өңдейтін зауыт «ұстаған». Жекеменшік күнбағыс плантациясы болған. Одан май өндіріп, пияз өсіріп, шаһар барып сауда жасаған. Мельниковтар отбасында бала саны – жетеу. Келіндерін қоссаңыз, ұзын саны 13 адам. Мария Ивановна бұл қатарға 14 деген санмен еніп, кенже келін атанды. Ордалы отбасы мүшелерінің барлығына дерлік киім өлшеп, іс тікті. «Сабақты инені сәтімен» қолдана білген оның қос қолы расында «алтын» еді.

Бүгінде қарағандылық болып кеткен Макар Александровичтің қызы Елена Мельникова анасының қызғылықты әңгімелерінде әкесінің бума-бума мата тасып, ал, келіншегі келісті көйлек тігетінін сан мәрте естігенін тамылжытып баяндайды. Қайынатасы кенже келіні Мария Ивановнаны ерек құрметтейтініне ел куәгер еді ол замандағы. Ол оның ісмерлігін ғана емес, адамшылығын да байыппен бағалайтын. Әйтпесе, тұтас отбасының тапқан табысын соған ғана есептетіп қояр ма еді. Екі қызы мен Сергейге жеке үй мен бір сиыр сатып алды. Дәп осы кезде біртіндеп, совхоздар құрыла бастады. Ал, өз мүлкі бар адамдарға назар да әсіре ерекше еді. Бірде көршілердің бірі жергілікті билік тарапына Мельниковтар қарамағында май зауыты, сүтті сиыры бар екенін жеткізіпті. Зәуде зауыт болғанда қандай! Жай бөлме. Май шайқауға арналған жарым бөлме ғана! Сонымен, әлгі әулеттің басына қара бұлт үйіріледі. Макар Петровский ауылында анасы, әйелі мен балаларымен бірге отбасы, ошақ қасында қалған. Әлдебір жайсыздықты аңғарған ағалары болса, бірі Өзбекстанға, енді бірі Башқұртстанға қоныс аударып әзер үлгерген. Мельниковтар үйіне ат арбалы әлдекімдер суыт келіп, бір қап кепкен нан ұстата салған да шұғыл түрде Қазақстанға жер аударған. Мұнда Макарды еңбек армиясына жөнелтіп, теміржол құрылысына жегеді.

Қазақ даласы келімсек атаулысын жатырқамай қарсы алады. Сайын дала төсінде қарасуық қарашада саман кірпіш құйып, барақ үй соғуға тура келді. Саз балшықты аяғымен илеп, кептіріп там салды. Аядай ғана бір пештік үйге жеті отбасы қоныс тепті. Пеш аузын сексеуілдің шоғын үрлеп, отқа ұластыратын. Жейтін асы бие емшек пен түйетабан, жуа. Жедел жәрдем атымен жоқ. Дәрі де жоқ, дәрмек те жоқ. Тәнге дәрмен дәрі дейтіні – марганцовка ғана көрінеді. Бала әлжуаз болса, жантәсілім етеді дей беріңіз. Әредік қана Макарды ең керек деген құжаттарын реттеу үшін атамекеніне жібергенде, ол отбасымен қауышып қалатын. Қолдан келген көмегін қал-қадерінше жасап бағатын. Барақ ауылдарын Ресей мен Украинадан келген переселендер салғаны тарихтан аян. Мұндай жұмысқа бала, әйел, қарт адамдарға дейін талғамай, тіпті, науқас жандардың өзін қара жұмысқа аямай салатын. Дәретхана болмады. Әжетін өтеу үшін адам біткен қолына шелек ұстап, ауыл сыртындағы шұңқырға баратын еді. «Шұңқырға жетпегенді желкемнің шұқыры көрсін» деген желеумен сөзсіз жазалайтын еді. Бандералықтар мінез көрсететін. Мельниковтар қоныс тепкен поселке Макинка, яки, ауызша 9 ауыл деп аталатын ол уақта. Жылдар өткен сайын, бұл араға Осакаровка атауы берілді. 400 грамм нан үшін ұзақ-сонар кезекке тұратын едік. Кей-кейде баршасына нан жетпей қалып, әркім өз бетінше қорек іздеп сандалып кететін шақтар ғой бұл. Ана баласының аузына емізік ретінде матаға оралған, шайналған нан тосатын. Су жетіспейді. Болса, арық пен бұлақтан тасымалданатын. Талғажау етер тамақ, өзек жалғар қасық май жоқ. Аш балалар кейде кәмпит деп қателесіп, қой-ешкінің кептірілген қу сүйегіне қуанып, мәре-сәре болатын. Олардың көбісі аман қалмады, ал, аман қалғаны әлдірек бола түсуге барын да, жанын да салатын.

Сайын даланың шалқар төсінде қыран ұшатын биіктен көз тастар болсаңыз, қаракөз қазақ жұртының ақшаңқан кигіз үйлері қаздай тізілетін. Біз айтқан әлгі переселендер ондаған шақырымдарды артқа тастап, ауыл-ауылды жаяу аралап, әшекей бұйымдарын азық-түлік пен ұнға айырбас қылатын. 1955 жылдан бермен қарай барақ тамға қос отбасыдан қоныстандыра бастады. Әсте-әсте Компанейск деп аталатын елдімекен қанат жайып, балалар балабақша мен мектепке бара бастады. Нақақтан-нақақ жер аударылған жазықсыз жандардың бір парасы ақтала бастады. Бірақ, КОКП қатарына кіргендердің ата-аналарының шығу тегі мен олардың тарихи қуғын-сүргінге ұшыраған өткені қатаң бақыланатын. Хрущевтің жылымық жылдарында өмір бірқалыпты арнасына түсіп қалған.

Макардың қызы Елена Мельникова 1962 жылы мектеп бітіріп, Воронежге барды, бір жарым жыл технологиялық институтта оқыды. Елена Макаровнаға ағасы Мария Ивановнаның ұлы Сергей көп жәрдемдесті. Иә, жер аударылғандардың көбі ақталу құжатын әр уақыт аралығында алып жатты. Олардың шерлі жүзіне осы бір құжат парағы көпке дейін қуаныш ұялатқаны жасырын емес, әрине. Репрессияға ұшырағандарға бастапқыда, тіпті, әлдебір жеңілдіктер де ұсынылды. Есесіне ешбір оңалту мен жеңілдік амалы қаншалаған мүгедек тағдырларды сол бағзыдағы бақытты шағына жеткермес еді ғой. Күн артынан күн ұшқан құстай зымырай берді. Ұрпақ жалғасты. Ел жаңарды. Бірақ содан бері әр бала ата-анасына жәудірей қарап, «Біздің отбасы мұндай қасіретке неге ұшырасты?» деген мәңгілік сауалды ерікті-еріксіз қоятын кездерді есептеп түгендеу сірә да мүмкін емес. Сонда әкесі ұлына, анасы қызына қайырылып, «Бұл бір қилы тарих, әрі бұл біздің тарих!» дейтінін қайтерсіз…

Людмила МЕЛЬНИКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button