Бүктемедегі үлбіреген үміт
Үшбұрыштап бүктелген майдан хаттарын парақтағанда көзге жас үйірілмей, көмейге өксік тығылмай оқу мүмкін емес. Бұл хаттар – тылда қалған ардақты ата-анаға, сағындырған жарға, әлі тілі шықпаған сәбиге, туған жерге деген шексіз сағыныштан туған шынайы сыр. Әлі күнге дейін көптеген отбасылар бұл хаттарды көзінің қарашығындай сақтап отыр.
Иә, конверт тапшы болған. «Сол себепті бүктеп жіберген шығар» деуге де болар. Алайда, майдан хаттарының үшбұрыш болып бүктелуінің де өзіндік мағынасы бар. Соғыс жылдары жіберілген 10 миллиард хаттың әрқайсысы – сенімге, үмітке, махаббатқа толы болған. Үшбұрыштың әр ұшы – осы үш ұлы ұғымның белгісіндей. Соғыс естелігін ұмытпау – ұрпақтың парызы. Ал оны мәңгілік сақтау – бейбіт болашақтың кепілі. Біз бүгін майдан даласынан жеткен бірқатар хаттармен бөлісуді жөн санадық. Ұмытпас үшін ғана емес – соғыс енді қайталанбасын деген үмітпен.

«Здравствуй, Оля!
С боевым приветом к тебе боевой друг Виктора Ляшко. Получил Ваше письмо, на которое спешу дать ответ. Вы просите чтобы подробно сообщить о смерти Вашего брата – Виктора Яковлевича Ляшко. 1 сентября 1944 года в не ровном бою Виктора ранили тяжело. Это было как раз в дождливый день. Когда его принесли, он истек кровью и сделался бледным.
Отправляя его в мед.сан.бат я ему крепко пожал руку и пожелал скорейшего выздоровления. но вечером сообщили что Виктор умер. Да, печально стало в сердцах его боевых друзей, с которым он кушал, шути, пел…
…Оля, сообщаю Вам эти подробности от полевой почты 28216 Сорокин Николай Николаевич.
Как получите мое письмо, слайте мне ответ».
Николай Сорокин жайлы дерек жоқтың қасы. Оның қайтыс болған жауынгер досы – Виктор Ляшконың туыстарына жазған осы хаты ғана облыстық мемлекеттік архив қорында сақтаулы.
Хатты В.Ляшконың туыстары тапсырған.
«Амандық қат!
Ардақты, артық көруші әкемізге, шешемізге, іні, апа, аға, қарындастарға мен, балаң Садықтан көп-көп сәлем. Ардақты әке! Біз Оралға соқпай Чкалоптан шығып Мордовский ССР-ға Розаевка қаласына келдік. Сол қалада жазып отырмын, картадан қарап көрерсің, оралып келеміз, барған жерде тағы жазармын.
Аманмын, денім сау, кетіп барамыз. Ауылда қалған қарындастарым, ағайларым, апайларым қалған болса, көп-көп сәлем бәріңе!
Аман-есен кетіп бара жатқанымды ескертерсің. Ардақты Шәріпжан, мені жоқтатпа. Әзірге көріп, көріскенше күн жақсы болсын. Қош, қош, ақ қағаз арқылы қолдарыңды алдым.
Балаң Садық».
16-8-42 адрес жоқ.
Садық Шарафиевтің әке-шешесіне жазған 44 хаты Ж.Бектұров атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана қорында сақтаулы.
Дайындаған Салтанат Ілияш