Бөкетовті бала күнімнен білетінмін
Биыл туғанына 100 жыл толған академик Евней Арыстанұлы Бөкетовті бала күнімнен білетінмін. Оған себеп болған анам Тұрымтайдың кенже бауыры, қазірде Евней Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, химия ғылымдарының докторы Кенжебек Түсіпұлы Рүстембеков еді.

Кенжебек нағашым өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында Қарағанды педагогикалық институтының химия факультетін үздік бітіріп, сол кездегі Қарағанды химия-металлургия институтына (қазір Жантөре Әбішев атында) жолдамамен барғанда, оның ғылыми жұмысына осы институт директоры, техника ғылымдарының докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1975 жылы академик атанған) Евней Арыстанұлының өзі жетекшілік жасаған. Содан басталған ұстаз бен шәкірт арасындағы ғылыми байланыс пен сыйластықтары қашан 1983 жылдың желтоқсанында Евекең небары 58 жасында дүниеден өткенше бір үзілмей, біздің туыстарымызбен де тонның ішкі бауындай араласты.
Әлі есімде, 1969 жылдың жазында Баянауылда отбасымен демалған Евней ағамыз Кенжекеңнің туыстарымен танысып-білісу үшін біздің ауылға арнайылап келді. Онда біз Ульянов (қазір Бұқар жырау – автор) ауданындағы Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың екінші бөлімшесі саналатын Үлгі ауылында тұратынбыз. Марқұм әкем Мәз Қарасартов сол кезде кеңшардың прорабы, ал, үлкен нағашым Қалиолла Рүстембеков осындағы сегізжылдық мектептің директоры, ал, шешемнің немере ағасы Тұрсын Қарашев (неге екені белгісіз, елдің бәрі оны «Доктор Қарашев» дейтін) осы бөлімшенің меңгерушісі болып істейтін. Үш үйіміз де Евекеңді бала-шағасымен бірге төбесінен тік тұрып қарсы алып, екі күн бойы қонақ қылып, риза қылып, шығарып салды.
Міне, сол уақыттан бері, әсіресе, Евней Арыстанұлы менің әке-шешем Мәз Имашұлы мен Тұрымтай Түсіпқызымен бірге туғандай болып кетті. Біздікіне әр келген сайын оның өзі «Мәке, мен өзіңе совхоздың прорабы екен деп үй салғызу үшін, не құрылыс материалына бола келмеймін. Қашан соқсам да, қанша адаммен келсем де асып-саспайтын, бір қалыптан танбайтын мінезіңе ризамын» деп айтудан жалықпайтын. Өйткені, менің білуімше, Евней аға адамның қызметіне емес, кісілігіне, ықылас-пейіліне қарап, қарапайым жандардың дастарқанынан дәм татқанды ұнатып, сол көңіліне жаққан кісіні қатты сыйлап, қадір тұтатын. Ал ата-анам болса, ертелі-кеш үйінен кісі аяғы үзілмейтін кеңпейіл, өте қонақжай адамдар болатын. Бірақ, әншейінде шешіліп көп сөйлей қоймайтын әкем Евекеңмен көсіле әңгімелесіп, әзіл-қалжыңдары жарасып отыратын. Ол менің әкемнен 6 жас үлкендігі болғанмен, құрдасындай көріп, ақтарыла сырласатын. Әсіресе, ол келгенде, Тұрсын нағашымды алдыртып (біз 1971 жылы кеңшар орталығы Үміткер ауылына көшкенбіз), оның айтқан неше түрлі күлдіргі әңгімелері жұрттың ішек-сілесін қатырып, дастарқан басы думанға айналушы еді.
Сөйтіп, үйімізге жыл аралатпай келіп жүретін академик ағамыз 1979 жылдың маусым айының бір күнінде классик жазушы Ғабит Мүсіреповпен, тағы да басқа елге белгілі тұлғалармен біздің үйімізге қонаққа келетінін хабарлап, «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, оған ел болып дүрлікті. Атағы Алатаудай жазушыны жақсылап күтіп алу үшін Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Саламатов пен Ульянов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Босенок жұмсаған «шапқыншылар» алдын ала жетіп, қонақ күту қамы мен даярлығын қадағалап жүр. Өмірінде асып-сасуды білмейтін әке-шешемнің олармен шаруасы жоқ, қашандағыдай дастарқанын жайып, әдейілеп сойған 3 қойының етін асқызып, еш қаперсіз.
Сонымен, асыға күткен қонақтарды Керней мен Үміткер ауылдарының арасындағы қыр басынан күтіп алған облыс, аудан мен кеңшар басшылары түске қарай 6 «Волгамен» сау ете түсті.
Ағыл-тегіл қымыз бен қойдың балғын етінен сүйсіне жеген қонақтар шай ішкен соң тоқ басуға ауыл сыртында ағып жатқан Шат өзенінің кеңдеу бір арнасының жағасына барып жайғасып, суға шомылып, күнге қыздырынды. Оларға күтуші болған кісілермен бірге ағам Мейрам екеуміз де жүрміз. Сол кезде ол ҚарМУ-дың физика факультетінің III курсын, мен филология факультетінің II курсын бітіргенбіз. Негізі, тек осы жолы ғана емес, Евекең келген сайын онымен сан рет бір дастарқанда отырғанбыз. Себебі, өзі «Мәке, ұлдар үлкендермен бірге отырып, ұлағатты сөздерін тыңдап, құлағына құйып, зердесіне тоқып алсын» деп жиі айтатын.
Бұл жолы Ғабекеңмен бірге еріп келген сыйлы қонақтардың арасында кімдер жоқ дейсіз?! Олардың арасында академиктер Лұқпан Қылышев, Сәдуақас Ерматов, Өмірзақ Айтбаев, жұбайы Ғазиза мен оның туған бауыры, Қазақстан Композиторлар Одағының төрағасы Базарбай Жұманиязов, тағы басқа адамдар бар. Дастарқан үстінде, одан кейін өзен жағасында қаншама ойлы, ғибратты сөздер айтылды. Мен тамақ арасында Ғабеңнің бізбен аталас туысымыз Жүсіпбек Аймауытов жайлы сөйлесіп, біраз мағлұмат алғанымды кезінде газетімізде жазғанмын да. Әсіресе, сол күні сыйлы меймандарды тағы да ағаш арасында шығарып салу сәтінде академик Өмірзақ Айтбаев шырқаған Біржан салдың «Теміртас» әні әлі құлағымнан кетпейді. Естеріңізде болар, бұл әнді қырғыз кинорежиссері Төломуш Өкеев өзінің «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильмінде Қарабалта деген кейіпкерінің аузына салып, Өмірзақ ағамыздың даусымен айтқызушы еді ғой.
Ғабит Махмутұлымен бұдан кейін 1981 жылдың жазында тағы да дидарласып, әңгімелесудің орайы келді. Ол Қарқаралының «Шахтер» санаторийіне Евекеңмен бірге демалуға келген екен. Осы хабар тиісімен әке-шешем бір қойын сойып алып, бал қымызы, қыстан қалған қазы-қартасымен жанына Мейрам екеумізді қосып алып, үйге келе қалған Баянауылдың Октябрьдің 40 жылдығы атындағы кеңшар ауруханасының бас дәрігері болып істейтін тағы бір туған нағашым Жағалтай Түсіпұлының судай жаңа қызыл «Жигулиімен» жолға шықтық. Зымыраған жүрдек көлікпен «Шахтерге» әне-міне дегенше жетіп, оның есігінің алдында Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Махмет Бекшинмен әңгілесіп отырған Ғабең мен Евекеңе сәлем беріп, бәріміз олар тоқтаған бөлмеге кіріп, дастарқан жайылып, кешке дейін мәжіліс құрдық. Бұдан соң Ұлы жазушымен жолығуды жазбады. Алайда, 1986 жылдың қысында өзімнің туған ауылым Үлгінің сегізжылдық мектебінде директор болып істеп жүргенімде Ғабит Мүсіреповтің қайтыс болғанын естісімен Тұрсын нағашым жетіп келіп, оның қалауымен мектепте қаралы митинг өткізгенім де бар. Өйткені, Ғабең марқұм бір көргеннен-ақ Тұрсекеңнің сөзі мен мінез-құлқына қатты риза болып, көңілі құлаған-ды.
Евней Арыстанұлының арқасында қазақтың қаншама игі жақсыларымен табақтас болып, дәмді де құнарлы әңгімелерін көкейіме тоқып өскеніме ризамын. Мәселен, Евней Арыстанұлының өзі қайтыс болғаннан кейін 2024 жылы Алматының «Отбасы» баспа үйінен жарық көрген «Жас Қаныш» атты кітабын жазу барысында Қанағанмен бірге өсіп, біте қайнасқан бала күнгі достарымен 1982 жылдың жазында біздің үйге келгені де есімде. Олардың арасында Бұқар жыраудың тікелей ұрпағы Қабылбек Зәкәрияұлы, Кенесарының сенімді серігі болған Сейтен батырдың немересі Кәрібоз Сүлейменұлы, атақты Шорманның жұрағаты Дінше Зындаұлы, ауылдас құрдасы Жұмаш Шәдетұлы мен ұлы нағашым Көшек Айтқожаұлы сияқты көненің көзіндей шежіре қарттар болды. Сән-салтанаты жарасқан отырыста дуалы ауыз осынау ақсақалдардың түстеніп аттанғанша айтқан ескілікті әңгімелері мен Қанағаң жайлы естеліктері күні бүгінге көкірегімде сайрап тұр.
Біздің әкей мен Евекең арасындағы достық ешқандай есепке құрылмаған, риясыз шынайы достық еді. Оған сан мәрте көзім жеткен де. Бізден кейін КарМУ-ге оқуға түсуге барып, бірінші жылында қабылдау емтиханынан өте алмаған туған інім Сержан мен жалғыз қарындасы Ғайнидің баласы Ербол үшін күйінген шешем мен қарындасына «Мен Бөкетов келгенде сойып берген қара қойымның қанын сатпаймын да, балалар үшін сұранып бармаймын да. Құласа, екі қолға бір күрек, жұмыс істеп, таңдайына татығанда түседі» деп шорт кесіп тастаған.
Кейіннен мен университет бітіріп, бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Комсомол орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жүргенімде, 1983 жылдың күзінде Евней Арыстанұлының шақыртуымен Мейрам екеуміз Қарағандының Ботаника бағы аумағындағы оның екіқабатты үйіне барғанбыз. Сонда мені бала күнімнен білетін және университетті жақсы аяқтағанымнан хабардар Евекең Зүбайра жеңгеміз әзірлеген ас үстінде менің ғылыммен айналысуыма кеңес беріп, сол кездегі Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдаровқа өз атынан хат жазды.
Соны қалтама салып алған мен салып ұрып Алматыға жетіп барып, Әбекеңнің өзіне жолықтым. Ол мені жақсы қарсы алып, институттың ғылыми хатшысы Ерден Қажыбековті шақырып алып, «Қазақ ру-тайпалары атауларының этимологиясы» деген ғылыми жұмысымның тақырыбын да бекітіп, қараша айындағы каникулымда өздеріндегі аспирантураға келіп, оқуға түсуімді ескертті. Алайда, дәл сол каникул уақытында ойда жоқта омыртқамнан мертігіп, Мақажанов ауруханасына жатып қалдым да, артынша көп ұзамай желтоқсан айының аяғында халқымыздың асыл ұлы, заңғар тұлға Евней Арыстанұлы Бөкетов те кенеттен өмірден озды.
Сүйікті ұстазым Евекеңнің қалауымен ғалым болмасам да, осындай біртуар азаматтың шәкірті болып, ақылын тыңдап, ұлағаты мен тәрбие-өнегесін көргенімді осы күнге дейін мақтан тұтып, аруағы алдында бас ием!
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



