Білім

Бөкетов университетінде 14 мыңнан астам студент білім алуда

Қарағандыда көрнекті ғалым, жа­зушы әрі қоғам қайраткері, ака­демик Евней Бөкетовтің есімі атал­са, оның атындағы оқу орны да қатар аталады. 1972 жылы Қара­ғанды мемлекеттік университетін ұй­ымдас­тыруға қатысып, тұңғыш рек­торы болған ол сол кезден-ақ оқу орнын жаңа деңгейге көтерді. Белгілі ғалым әрі білгір басшы университеттің материалдық-техникалық базасын жасақтап, ғылыми инфрақұрылымын дамытты. Өлшеусіз еңбегін елейтін ел 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне Евней Бөкетовтің есімін берді.
Университеттің бүгінгі бейнесі Евней Бөкетовтің тұлғасындай ең­селі, беделді һәм даңқты. Оқу орны былтыр ғана «Зерттеу» мәртебесін иеленген еді. Ал, биыл академик Евней Бөкетовтің ғасырлық мерейтойы қарсаңында Президент Жарлығымен алғаш рет Қарағандыдағы өңірлік университетке «Ұлттық» мәртебе берілді. Осылайша айтулы білім ордасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу универ­ситетіне айналды. Ғалымның есімі уақытпен бірге жаңғыруда. Ал, елі­міздегі беделді жоғары оқу орнының біріне айналуының түп-төркінінде алғашқы ректордың ізі мен ерен еңбегі жатыр.

Суреттер университеттің баспасөз қызметінен

Қарағанды университетінің ұлттық мәртебе алуы – Қазақстан ғылымы мен жоғары білімінің даму тарихында айтулы оқиға болды. Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті – осындай деңгейге қол жеткізген өңірдегі алғашқы жоғары оқу орны. Ол республика бойынша 18 ұлттық университеттің қатарына жайғасты. Ал, бір жыл бұрын ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 5 сәуірдегі қаулысымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Соған сай ЖОО-ның 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілген болатын.

Жаңа мәртебе университетке академия­лық және ғылыми дербестікті кеңейтуге жол ашады. Ол жетекші ғалымдар мен қаржы тарту мүмкіндігін арттырып, халық­аралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтады.

Былтыр алғаш рет еліміздің 21 жоғары оқу орны (2019 жылы – 10) QS рейтингіне кірді. Бұл қатарда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті де бар. Қарағандының беделді университеті халықаралық QS рейтингінде 981-ші орында тұр.

Қазір оқу орнында 14 мыңнан астам студент, магистранттар мен докторанттар білім алуда. 12 факультет 200-ге жуық білім беру бағдарламасы бойынша оқытады. Университетте 13 диссертациялық кеңес жұмыс істейді және соңғы бір жарым жыл ішінде 41 PhD докторы дайындалған. Сондай-ақ, Бөкетов университеті 193 шетелдік жоғары оқу орнымен және 70 қазақстандық білім беру мекемелері мен ұйымдарымен серіктестік қатынас орнатқан. Қазіргі уақытта университет QS WUR әлемдік рейтингісінің ТОП-500 қатарына кіретін 14 университетпен ынтымақтастық байланыста.

Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті – 10 ғылыми журналдың иесі әрі баспагері, оның ішінде 3 журнал Web of Science деректер базасында, тағы 3 журнал Scopus деректер базасында индекстеледі. Бұл тұрғыда республика бойынша үшінші орынға ие. Университет ғалымдары 42 монография шығарған, Web of Science Clarivate Analytics және Scopus ақпараттық базаларындағы журналдарда 448 мақала жариялаған, 12 патент алды.

Бұл – бүгінгі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің ауыз толтырып айтарлық жетістігі. Ел ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер Евней Бөкетовтің өзіндей һәм көзіндей болған оқу орны еңселі қалпын тіктеп, әрдайым көш басында келе жатыр. Осылайша ғалым еккен дән мәңгілік жемісін беріп келеді.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button