Бөкетов ұлттық университетінің бас оқу ғимараты ұлы тұлғалардың бейнелерімен толықты
Бөкетов ұлттық университетінің бас оқу ғимараты жаңа кейіпке енді. Білім ордасында ұлт тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың көркем бейнелері бедерленді.

Тек интерьер жаңарып қана қоймай, ұлттың ұстыны болған ұлы тұлғалары да ұлықталды.

Таныстырылым рәсіміне университет ректоры Нұрлан Дулатбеков, Филология және Тарих факультеттерінің зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, «Балауса» шығармашылық орталығы мен «Жас Алаш» зерттеу клубының белсенді студенттері қатысты.

Жиын барысында оқу орнының басшысы Нұрлан Орынбасарұлы ұсынылған әрбір тұлғаның мемлекет пен ұлт алдындағы өлшеусіз еңбегіне тоқталып, былайша ой толғады.

– Ұлттың тарихы тек кітаптар мен архив сөрелерінде ғана емес, біз білім алатын, еңбек ететін ортада да сайрап тұруы тиіс. Бұл бейнелер – өткеннің ұлылығы мен болашақтың асқақ арманы арасындағы алтын көпір. Жас буын осы жерлермен жүріп өткенде, ұлт зиялыларының өткір жанарын сезініп, олардың қайсарлығы мен парасатынан үлгі алуы керек. Біздің мақсатымыз – студенттеріміздің бойында елге деген адал қызмет етудің шынайы құндылығын қалыптастыру, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Салтанатты жиынның тізгінін ұстаған Азамат Дүйсенбаев бұл бастаманың эстетикалық әрі идеологиялық маңызын кеңінен тарқатты. Оның айтуынша, білім ордасының әрбір бұрышы адамға шабыт сыйлауы қажет.

– Университеттің әр қабырғасы келушілерге көрікті болып, менмұндалап тұруы тиіс. Біз үшін оқу орнының ішкі кеңістігі тек тас қабырға емес, ол – тәрбие мен тарихтың тірі мұражайы іспетті. Әрбір бейне, әрбір композиция студентке рух сыйлап, оның таным көкжиегін кеңейтуі керек. Келген қонақ та, білім іздеген жас та бұл жерден біліммен қоса, ұлттық мақтаныш сезімін арқалап шығуы қажет, – деп атап өтті Азамат Алдашұлы.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



