«Бөкетов көктемі»
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты гүлдер фестивалі өтті. Жалпы, университеттік «Бөкетов көктемі» фестивалінде университет ректоры Нұрлан Дулатбеков білім ордасының қызметкерлерін оқу орнының зерттеу университеті мәртебесін алуымен құттықтап, қатысушыларға көктемгі жылулық пен қуаныш сыйлағанын атап өтті.
Өнерлі жастар атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стилі, «Алтын адам, «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» көріністерінен сахналық қойылым ұсынды.
Фестивальге келгендер дарынды студенттердің қолынан шыққан композициялар мен түрлі әдіс-тәсілмен дайындалған гүл шоқтарын тамашалады. Көздің жауын алатын әр туынды өзіндік шығармашылығымен ерекшеленді.
Оқу орнының кербез қыздары ұлы даланың сұлулық символына айналған гүлдерден жасалған түрлі образда сән шеруін көрсетті. Ұшқыр қиялға ерік беріп дайындалған ерекше образдар құдды ертегілер әлеміне тап болғандай әсер қалдырып, жұртты тәнті етті. Факультет жастары фестивальге қатысқандарға гүл шоқтарын тарту етті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz