Ә.Бөкейхан ауданында жаңа Оқушылар сарайы салынады
Бұл туралы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
Аймақ басшысының айтуынша қазірдің өзінде жаңа ғимарат салынатын жер таңдалып, құрылысқа дайындалуда. Облыс әкімі алдағы 2025 жылы Ә.Бөкейхан ауданы мен қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігін дамыту үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын баса айтты.
– Біз Қарағандының тек орталығын ғана емес, барлық аудандарын дамыту үшін жұмыс атқарамыз. Келесі жылды Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты дамыту жылы деп жариялауды ұсынамын. Ә.Бөкейхан ауданында заманауи жаңа Оқушылар сарайы салынады. Оңтүстік-Шығыс та қарқынды дамып келеді. Мұнда тұрғын үйлерден басқа әлеуметтік нысандар да салынуда. Мәселен, биыл мұнда екі жаңа мектеп ашылды, оның бірі жайлы мектеп. Тағы бір жайлы мектептің құрылысы аяқталып жатыр. Оңтүстік-Шығыста бұдан бөлек ірі сауда және ойын-сауық орталығын салуға жер бөлінді. Бұл өңір үшін де маңызды, – деді облыс әкімі.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.