«Бәйтеректің» белесі

      Бейбітшілік пен татулықты жалау еткен Елбасы саясаты халық үмітін жігерлей түсті. Қарыштап дамып келе жатқан қазақ еліне балбөбек шақтан заман ағысына төтеп бере алатын жеке тұлға қалыптастыруға Бәйтерек балабақшасы үлкен үлес қосты.

    Елбасы Н. Назарбаев халыққа Жолдауында «2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жердегі балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады. Балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиелеумен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасы әзірленіп, іске асыруға кірісуді тапсырдым», – деген күннен еліміздегі халқы көп шоғырланған, баланың мемлекеттік балабақшаға кезекке тіркелу жағынан жоғары көрсеткішке ие ауылдар мен аудандар және қалаларда арнайы бала санына шақталған балабақшалар бой көтере бастады.

    «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданына қарасты Астана шағын ықшам ауданында 2011 жылы 480 балаға арналған үш қабатты «Бәйтерек» балабақшасы салтанатты түрде ашылды. Балабақшаның іші кең, соңғы үлгідегі заман талабына сәйкес жабдықталды. Жаңа үлгіде салынған білім беру ордасының басқару кілті Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, балабақша директоры Рашида Тебайға ұсынылды.

    Білікті басшының бастамасымен әрбір топ қазақша нақышта аталып (12 қазақ, 4 орыс) құрылды. Бүлдіршіндерді қарсы алатын қабылдау бөлмесі, ойнайтын, тамақтанатын, жуынатын, жатын бөлме барлығы баланың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жабдықталған. Ата-аналар балаларын заман талабына сай білім мен тәрбие беретін ошаққа қуанышпен, үлкен сеніммен білікті тәрбиеші мамандарға тапсырады. Бүгінгі таңда бүлдіршіндердің күлкісіне, қуанышына толған «Бәйтерек» балабақшасына бес жыл толды. Балабақша ашылған күннен бастап оқыту мен тәрбие беру үрдісінде атаулы іс-шаралар атқарылып, педагогтар мен бүлдіршіндердің жетістіктерімен әйгілі. Бүлдіршіндеріміз халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық зияткерлік «Үркер», «Пони», «Зерде», «Өркен», «Алғашқы қадам» байқауларынан жүлделі орындар иеленіп жүр. Сонымен қатар балабақшада үш тұғырлық білім беруді міндетті жүзеге асыруда тілдер кабинеті ашылды.

    Тәуелсіздіктің 25 жылдығында «Бәйтерек» балабақшасы бес жылдың ішінде биік жетістіктерге жетті. Ұжымдағы білімді әрі білікті мамандардың бөбектерге білім мен тәрбие беру жұмысында тынбай жұмыс жүргізуінің арқасында «Бәйтерек» балабақшасы Қарағанды қаласының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту рейтинг көрсеткіші бойынша 2015-2016 оқу жылында бірінші орында болды. Балабақша Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Қарағанды қаласының кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған «Тәуелсіз елім–Қазақстан!» атты байқаудан гран-при ұтып алды. Ендеше, ел ертеңінің өркендеуіне себепкер «Бәйтеректің» мерейі үстем болып, ұжымының бірлігі артсын.

З. НЫҒЫМЕТОВА,

«Бәйтерек» балабақшасы кәсіподақ ұйымының

төрайымы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.