Жаңалықтар

Бүгінгінің Атымтайы ақадырлық 18 отбасыға баспана сыйлады

Ертеден қазақ қоғамы байды екі топқа бөледі. Әуелгісі – жақсы ісімен жұртына жаққан. Кейінгісі – сараңдығымен аты шыққан. Тіпті, ертегінің кейіпкерлеріне де айналған бұлар. Қазіргі қоғамымыз да сол. Екі тобынан да мыңдап мысал келтіре аламыз. Мәселен, бірі – жиған-тергеніне Анадолыда зәулім сарай салады, екіншісі – Ақадырдан бұқараға арнап үй алады. Иә, бүгінгінің Атымтайы Нұрлан СМАҒҰЛОВ былтырдан бері ақадырлық 18 әулетке баспана сыйлады.

Біреудің қалтасына үңілгіміз жоқ. Өйткені, өртеп жіберсе де өзінің ақшасы, өзінің еркі. Тек, Ыстамбұлдағы бір сарайдың пұлы Ақадырдағы қанша үйдің құнына жететінін ойша есептеп көргенімізді айтайық. Біздің қарабайыр қисабымызша, теңіздің жағасындағы бір баспана – теміржол бойындағы он үйге парапар. Кәнігі экономистерге жүгінсек, шотқа салып, нақтысын лып еткізер еді. Бірақ, бізге қажеті бар ма оның?.. Әлгі Қара теңізге құмар байшыкештерге шарапат туралы жақ ашуды – босқа ауыз ауыртқан санаймыз. Себебі, мейірім – адамның жүрегіне туа бітетін қасиет. Шарапатын салмақтап, көлденең кісіні қайырымды іске үгіттеу – базарға барып, саудаласқанмен бірдей. Ал, Нұрлан Смағұлов – жүрек қалауымен жан-жағын жарылқап жүрген жан. Алдымен, Нұрлан Смағұловтың кім екенін айтайық. Шойынжол бойын жайлаған елден бөлек, отандық бизнес қауымдастық Нұрлан мырзаны жақын біледі.

Бизнес алпауыты ретінде танымал. «Астана Групп» компаниялар тобының, MEGA сауда-сауық желісінің негізін қалаушы және қожайыны. Қайырымдылығымен де атағы жайылған. Былтыр 1 млрд. теңге бюджеті бар кәсіпкер атындағы қор құрылды. Қор қаржысы әлеуметтік салаға, өнер және спорт саласындағы жобаларға жұмсалып келеді. Forbes Kazakhstan-ның хабарлауынша, былтыр коронавируске қарсы күрес үшін 176 млн. теңге қаржы аударған. Нұрлан Смағұлов Алматыда туған, өскен. Бірақ, тамыры Ақадырдан өнген. Бүгін теміржол жағалаған халықтың қажетін ашқан қаншылдығына риза боласыз. Және «Мал өрісін іздейді, Ер жігіт туысын іздейді» деген дана қазақтың алдында тағы бір мәрте бас имеске лажыңыз жоқ. Міне, бүгінге дейін қайырымдылық қоры Ақадыр халқына 18 үй алып берді. Былтыр – 11, биыл – 7. Әрбірінің құны – 5-8 млн. теңге арасында. Қоныс тойын тойлағандардың бәрі – көпбалалы отбасылар. Соңы бес бала бала бағып отырған әулеттер. Жалғыз өзі алты баламен қалған әке де бар арасында. Бұдан бөлек, қор кенттегі Иса молда атындағы мешіттің жөндеу жұмыстарына 8 млн. теңге бөлді. 1998 жылы бой көтерген ғимараттың сырты тозып, реңі кетіп тұрған-ды. Енді, «Ақадыр» қайырымдылық қорының төрағасы Мерей Қойшыбаев бастаған азаматтар қабырғасын әрлеп, күмбезін жаңартуға кірісті. Және бір сүйсінері – қор «балық берме, қармақ бер» принципін ұстанған. Баспанасыз, тұрмысы төмен жандарға бизнес ашып беруге ниетті. Қоғам белсендісі Алтын Бимақаева біраз жылдан бері осы игі істің басы-қасында жүр. Әлгі жағымды жаңалықты Алтын апайдың аузынан естідік.

– Нұрлан Смағұлов Ақадыр кентіне көптеп көмек жасап келеді. Бұрынырақта денешынықтыру-сауықтыру кешенін салып берді. Одан беріде үйсіз адамдарға мына үйлерді тапсырды. Бұл үйлер жалғызбасты, кезекте тұруға құжаты жоқ немесе санаты сәйкес келмейтін, апатты үйлерде тұратын азаматтарға, көпбалалы отбасыларға берілді. Енді, қор өз ісін ашамын дегендерге қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы да сүйінші сұрайтын боламыз деп ойлаймын, – деді Алтын Асанханқызы.

Баспаналы болғандардың қатарында Алмаз Мұқанов та бар. Алмазға қор үймен бірге есігінің алдындағы шағын наубайхананы сатып әперді. Сөйтіп, үйсіз-күйсіз, бес баласымен босаға сағалап жүрген Алмаз аяқ астынан кәсіпкерге айналып шыға келді. Қазір наубайшының күнделікті жабатын наны төңіректегі жұрттың сүйікті асына айналды.

– Бұл үйге қыркүйекте кірдік. Бұрыннан салынған наубайханасы бар. Кірген бетте іске кірістім. Қазір күніне 500 бөлке пісіремін. Сұраныс жоғары. Кәсібім жеңіл жүріп кетсе, кеңейткім де келеді. Уақыт көрсетер. Бізге қамқорлық жасап, қолдау білдірген Нұрлан мырзаға алғысымыз шексіз, – деді наубайшы.

Сәрсенбі күні жеті үйдің кілті салтанатты түрде тапсырылды. Рәсімге аудан әкімі Мұхит Мұхтаров, қор директоры Айдын Сұлтанов қатысты. Алдымен сөз алған Мұхит Сайлауұлы Нұрлан Еркебұланұлына ризашылығын білдіріп, қор өкіліне Алғыс хатты тапсыруды аманаттады. Және қазақы салтпен Айдын Қуанышұлының иығына шапан жапты.

– Нұрлан Еркебұланұлы Ақадырды туған жерім деп біледі. Себебі, мұнда кәсіпкердің бабалары жатыр. Әрдайым Ақадыр халқына көмектесуге дайын тұрады. Келешекте де қамқорлық шаралары күшейеді. Кәсіпкерлік жобаларын дамытуға күш саламыз, – деді өз кезегінде қор директоры.

Үй кілтіне ие болғандар арасында бес балалы Саяхат Төлежанова жомарт жанға деген ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, қоғамдық істің бел ортасында жүретін жеке кәсіпкері Елена Переметина Нұрлан Еркебұланұлының бастамасы әрбір қалталы жанға өнеге екенін айтып өтті. Салтанаттан кейін қонақтар Алмаз Мұқановтың шаңырағына барды. Наубайхананың жұмысымен танысты. Жас жігіттің талабын байқаған қор өкілдері болашақта бизнес жоспар құрып, кәсібін өркендетуге көмек бермек. Кәсіпкердің қамқор пейіліне ақадырлықтар сүйініп, сүйсініп отыр. «Ауылына қарап, азаматын таны». Атымтай жігіттер тұрғанда ауыл тозбайтынына кәміл сенеміз.

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Кәсіпкер Нұрлан СМАҒҰЛОВ. 2. Қор директоры Айдын СҰЛТАНОВ пен Шет ауданының әкімі Мұхит МҰХТАРОВ баспана кілттерін тапсыру рәсімінде. 3. Наубайшы Алмаз МҰҚАНОВ күніне 500 бөлке нан жабады.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.  

Басқа материалдар

Back to top button