Жаңалықтар

Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих

Елімізде жалақысы көтерілмеген мамандық иелерінің бірі – архив қызметкерлері еді. Шан басқан құжаттармен жұмыс істейтін олардың алып отырған мардымсыз ақысы енді көтерілетін болды. Осы және басқа да құжат мәселелері туралы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғабидолла ӘБДІРАХМАНОВ Елордада өтіп жатқан «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция кезінде мәлім етті.

ҚҰЖАТТАР ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТТА САҚТАЛАДЫ

– Архивист мамандығына осы уақытқа дейін жіті көңіл бөлінбей келді. Оның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан да аз назар аударылды. Қазір біз «е-Архив» жаңа ақпараттық жүйесін енгізудеміз. Оның негізінде барлық мемлекеттік органдардан деректер базасы және электрондық архивпен жұмыс істей алатын жоғары білікті IT-технологияларды меңгерген мамандардың жұмыс істеуі талап етіледі. Себебі, Мемлекет басшысы Жолдауда архив қызметкерлерінің жалақысымен қоса біліктілігін де арттыруды міндеттеді. Жалпы, архив жұмысын заманауи түрде ілгерілетудегі маңызды бағыттың бірі оны цифрлық форматқа ауыстыру. Яғни, барлық құжаттарды электронды форматта сақтауымыз қажет, – деді Ғабидолла Әбдірахманов.

Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысы шет елдегі елімізге қатысты архив құжаттарын зерттеуді тапсырғанын айтты.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, арнайы кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында біздің мамандар шетелдік мұрағаттарға барып, ондағы құнды құжаттармен танысып жатыр, – деді ол.

АРХИВ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ АЙЛЫҒЫ ӨСЕДІ

Келесі жылдан бастап еліміздің архив саласында еңбек ететін қызметкерлердің төменгі жалақысы 20 пайызға дейін артпақ.

– Шынын айту керек, архив ісімен сол салаға берілген адам ғана айналысады. Себебі, өзіңіз ойлаңыз, жабық, қараңғы жерде көне қағаздарды қопарып, тазалап және оны қалыпқа келтіріп отыру керек. Сондықтан да, бұл іспен екінің бірі айналыспайды. Осы орайда архив ісі жолға қойылып, мамандарға жағдай жасау керек деп ойлаймыз. Қазіргі таңда архив саласындағы қарапайым маманның орташа жалақысы – 60 мың теңгенің айналасында. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың төменгі жалақысы 20 пайызға өседі, – деді Ғ.Әбдірахманов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20 пайызға дейін өсіру керектігін тапсырған еді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button