Спорт

Бүгінгі өзгеріс – ертеңгі жеңіс

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы өткен маусымда ел чемпионатында төмен нәтиже көрсеткен жоқ. Команда шебер ойын өрнегімен көзге түсіп, жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Бұл – жеңіс жолындағы тұрақтылықтың белгісі. Енді, жаңа маусым қарсаңында команда өз құрамын күшейтуге кірісті. Маусым аяқталысымен клуб басшылығы білек сыбанып, бірқатар тәжірибелі ойыншылармен келісімшарт жасасты. Бұл жолы өзбекстандық «Хумо» клубында өнер көрсеткен қорғаушы Эдгарс Сиксна мен Ивана Степаненко, шабуылшы Артём Лихотников пен Данила Карабан «Сарыарқамен» келісімге келді.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Латвиялық Эдгарс Сикснаның есімі жанкүйерлер үшін бөтен емес. Өткен маусымда «Хума» клубының сапында 47 матч өткізген. Нәтижесінде, 6 шайба салып, 28 нәтижелі пасс беріпті. Ал, оның алдында «Арлан» жейдесінде ойнаған. Бірақ, 2015-2023 жыл аралығын осы қарағандылық клубтың сапында өткізген. Тіпті, команда капитаны ретінде де мұз айдынында өнер көрсетті. Сол уақытта жанкүйер есінде керемет ойынымен қалған. Бүгінде сол тәжірибелі қорғаушы клубқа қайта оралды.

Отандасымыз Иван Степаненко да өткен маусымын осы өзбекстандық клубтың сапында ойнаған. Физикалық әрі тактикалық тұрғыдан сауаттылығымен жанкүйерлер есіндегі ойыншы. Өткен маусымда 33 матч өткізіп, екі шайба салған. Әрі екі нәтижелі пасс та шығарыпты. Ал, 2022-2024 жылғы екі маусымын «Арланда» ойнаған. Одан бөлек, «Бейбарыс», «Снежные Барсы» команда құрамасының да жейдесінде айдынға шыққан. Биыл Ұлттық құрама сапына шақыртылып, Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті.

Шабуылшы Артем Лихотниковты да жанкүйерлер жылдам әрі епті ойыншы ретінде жақсы біледі. Әрі қарсылас қақпасына қауіп төндіре алатын шеберлігі де басым. Өткен маусымда 45 ойын өткізіп, 5 шайба, 16 голдық пасс берген. Клуб басшылығы 31 жастағы тәжірибелі ойыншыға зор үміт артып отыр. Сонымен қатар, Ұлттық құрамада да жаман ойнап жүрген жоқ. Осы маусымда Азия кубогында ұлттық құрама сапында 6 ойын өткізіп, 4 шайба, 16 голдық пасс берген.

«Хумоға» былтырғы маусымда «Арлан» сапынан ауысып келген беларусиялық Данила Карабанға «сарыарқалықтардың» көзі түсті. Өткен маусымда сол клубта 49 ойын өткізіп, 15 шайба, 20 голдық пасс шығарған. Оның алдында үш маусым қатарынан «Арланда» да керемет ойын өткізген ойыншы. Биыл «сарыарқалықтар» клубтың шабуылын күшейту мақсатында осы шабуылшыны арнайы ал- дыр­т­қан.

Жаңа ойыншылардың келуі – тек құрамның жаңаруы ғана емес, жеңіске деген жігердің белгісі. Демек, клубтың алдында тек үздіктер қатарынан табылу міндеті тұр. Ал, бұл – бапкерлер штабы мен ойыншыларға жүктелген сенімнің салмағы ауыр деген сөз.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button