Білім

Бүгінгі дарын – ертеңгі дана

Аймақтың дарынды оқушылары биылғы оқу жылын табысты аяқтады. Халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жоба қорғауда алтын, күміс және қола медальдарды қанжығаға байлады. Осы орайда талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың бастамасымен дарынды оқушыларды марапаттау қолға алынған болатын. Дәстүрлі шара биыл да жалғасын тауып, облыс әкімі өңір мақтанышына айналған жүлдегерлермен бейресми кездесу өткізді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жас дарындармен кездесу жуырда ғана есігін айқара ашқан Пришахтинскідегі жаңа Оқушылар сарайында өтті. Басқосуда халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың 58 медаль иегері, сондай-ақ, олардың ұстаздары марапатталды. Бірінші орын – 200 мың теңге, екінші орын – 150 мың теңге, үшінші орын – 100 мың теңгеге ие болған дарынды оқушылардың ұстаздарына Алғыс хаттар табысталды.

 

– Облыстың мақтанышына айналған, республикалық, халықаралық олимпиадалар және ғылыми жоба сайыстарының жүлдегерлерімен кездесу дәстүрге айналды. Мен үшін мұндай кездесулердің мәні басқа, мағынасы бөлек. Біз, үлкендер, баламыздың өмірлік жолына қызығушылық танытып, әр жетістігіне қуанамыз. Сіздер өздеріңіздің білімдеріңіздің арқасында ерекшеленіп қана қоймай, мектеп беделін көтеріп, облыс­тың, еліміздің мерейін үстем еттіңіздер. Жетістіктеріңізді естіп, бір жасап қаламыз. Сол себепті, бұл кездесу ерекше жылулық пен қуаныш сыйлайды. Облыста балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Халықаралық, республикалық олимпиадалардан жүлдегер атанған Сіздерді көріп, болашағымыздың жарқын екеніне сенім артамыз. Сіздер лайықты білім алып, елімізді көркейтеді деген сенімдемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Балалар аймақ басшысының мектепте қалай оқығанын, бос уақытын қалай өткізетінін, хоббиін сұрап, қызығушылық танытты. Ермағанбет Бөлекпаев уақытының басым бөлігі жұмысқа кететінін, бірақ, соған қарамастан, отбасына көңіл бөлуге тырысатынын, кітап оқитынын да атап өтті. Оқушылар әкімнің Уинстон Черчилльдің «Екінші дүниежүзілік соғыс» шығармасын сүйіп оқитынын білді.

Облыс әкімі ұстаздарын еске алып, өмірін мектепте бала оқыту ісіне арнаған анасы жайлы естелікпен бөлісті.

– Мұғалімдерге үлкен құрметпен қараймын. Жұмысын жақсы білемін. Менің анам – 35 жылдан астам өмірін мектепке арнаған жан, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Оқушылар кездесу барысында болашақ жоспарларымен бөлісті. Мәселен, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының 11 сынып оқушысы Айдана Төлеген география пәнінен үздік нәтижелерге қол жеткізіп, республикалық олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған. Оның айтуынша, пәнге деген сүйіспеншілік география пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін әкесінен дарыған. Айдана «менеджмент және басқару» мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлапты.

Ал, Қарағандыдағы №30 мектептің түлегі, Ульяна Радионова орыс тілі мен әдебиеті бойынша республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Болашақта ол өмірін филология саласымен байланыстырмақшы.

Әртүрлі пәндер бойынша жеңімпаз атанған оқушылар аймақ басшысымен кездесуде көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандық таңдауда ақыл-кеңес алды.

Кездесуге Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасының жеңімпазы атанып, математикалық ғылымдар саласында облыстың абыройын асқақтатып жүрген олимпиаданың қола жүлдегері, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Жеңісбек Бейбарыс қатысып, аймақ басшысына оқушылар атынан ризашылық білдірді. Сондай-ақ, дарынды жас «Жаңа Оқушылар сарайын аралап шықтық. Шығармашылықпен айналысуға тамаша жағдай жасалыпты. Әрбір үйірмеге арналған заманауи техникаларды көріп, қызықтық. Қаламызда осындай жеткіншектер сарайлары тағы да салына ма?» деген сауалын қойды.

– Бейбарыс, математикадан Халықаралық олимпиадада жеткен жеңісіңізбен құттықтаймын. «Математика – ғылымдар патшасы» және ойды жетілдіретін ғылым. Алдағы уақытта алар асулар көп болып, биіктен көрінеді деп сенемін.

Ал, сұрағыңызға келсек, бүгінгі таңда қосымша білім беруге өте маңызды көңіл бөлінуде. Бұл жайлы Президент жыл сайынғы Жолдауларында атап өтеді. Бұл салада бала өзіне ұнайтын нәрсені өзі таңдайды. Алдағы уақытта Пришахтинск балалары үйірмелер мен секцияларға қатысып, жаңа достар тауып, ғылым үйренуге және дамуға болатын екінші үйге айналады деп үміттенемін.

Бұл жұмысты жалғастырамыз. Майқұдық пен Теміртауда оқушыларға арналған заманауи сарайлар салу әрі биыл Балқаш пен Осакаров ауданында қосымша білім беру орталығын ашу жоспарлануда, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, баланың дағдылары мен құзыреттерін тек оқу бағдарламасы аясында ғана емес, сабақтан тыс уақытта да дамыта алатын жағдайлар жасау – міндет.

Сондай-ақ, жиында Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Екатерина Нипрук сөз алып, дарынды шәкірт тәрбиелеудің маңызды тұстарына тоқталды.

– Математика пәнінің мұға­лімімін әрі балаларға 3 тілде сабақ беремін. Бүгінгі кездесуге оқушылармен бірге қатысып отырғаныма қуаныштымын. Оқушының талантын танып, оны аша білу – әр мұғалімге берілген сын, – деді Екатерина Нипрук.

Кездесуде облыс әкімі оқушылардың қызығушылығын оятып, білімін шыңдап жүрген ұстаздар қауымына алғыс айтты.

– Бүгін жақсы кездесу болды деп есептеймін. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Білім биігінен көрініп, жетістікке жеткендеріңіз – мұғалімдеріңіздің ерен еңбегінің арқасы. Талантты тани білу, дарынды аша білу – мұғалімнің шеберлігі. Жас болса да, туған жерлерінің атын шығарып жүрген талантты, дарынды оқушыларға және оларды білім бәйгесіне дайындап жүрген ұстаздарға алғыс білдіремін, – деді аймақ ­басшысы.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button