Бас тақырып

Қарағанды мектептерінің 69 пайызында робототехника зертханалары бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды», – деп фис­калды саясаттың сарабдал қалыппен өрбуі қажеттігін баса белгілеген еді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сандық шешім – сапалы өзгеріс

Президент өз сөзінде елдің экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерді орайлы көтеріп, кез келген түйіннің шешу жолдарын нақты айқындады. Әсіресе, цифрлық экономика саясатының сарабдал қалыппен, терең стратегиялық оймен өрбуі – тұрақты дамудың кепілі екенін айрықша атап өтті. Ел басшысы парасатты пікір үстеп, уақыт сынынан өткен кемел көзқарас танытты. Президент атап өткен цифрлық экономика – тауарлар мен қызметтерді өндіру, тарату және тұтыну үшін цифрлық технологиялар мен желілік инфрақұрылымдарды пайдалануға негізделген экономика. Ол интернет, компьютерлік бағдарламалар, Сандық құрылғылар, жасанды интеллект және үлкен деректер сияқты көптеген технологияларды қамтиды. Осы ретте өңірлер де көштен қалмай, сандық технологиялар дәуіріне нық қадам басуда. Облыс цифрландыру үдерісін өмірдің барлық саласына белсенді енгізіп, мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге, тұрғындардың өмірін жеңілдетуге, қауіпсіздікті нығайтуға және кәсіпкерлікті дамыту үшін мейлінше қолайлы экожүйе қалыптастыруға күш салып отыр.

Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында десек, атаулы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар көңіл қуантады. Білім беру жүйесі жаңа мазмұнмен толығып, жаңартылған бағдарламалар негізінде 4, 9 және 10-сыныптарға арналған тың оқулықтар енгізілуде. Бүгінде облыс­тағы 242 мектепте жалпы білім беру мекемелерінің 48 пайызы – жаратылыс­тану-математика бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытылуда. Осылайша жастардың жаһандық білім кеңістігіне еркін енуіне жол ашатын айрықша бастама заманауи білім беру инфрақұрылымын жаңа белестерге көтерді.

Мектептердің 69 пайызы қазіргі заманға сай жабдықталған пән кабинеттерімен және роботтехника зертханаларымен қамтамасыз етілді. Мұнымен бірге, 71 IT-сынып ашылып, балалардың ақпараттық технологиялар әлеміне терең бойлауына мүмкіндік ұсынылды. Барлық мектептердің кең жолақты интернетке қосылуы – білім беру кеңістігін цифрлы дәуір талабына толық сай етуге бағытталды. Электронды журналдар мен құжаттарды қабылдаудың автоматтандырылған жүйелерінің енгізілуі оқу үдерісінің тиімділігін арттырып, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы байланысты бұрынғыдан да шапшаң әрі сапалы ете түсті. «Мұның экономикаға не қатысы бар?» – дерсіз, бәлкім. Алайда, мәселе тек сандар мен сызбаларда емес. Сандық технология – ең алдымен, адам игілігін еселеу, өмір сапасын жақсарту, мүмкіндікті кеңейту деген сөз. Ал, игілігі артқан адам – қоғамның белсенді мүшесі, ілгерілеудің қозғаушы күші. Бүгінгі цифрландыру – ертеңгі экономикалық серпіннің бастауы.

Электронды жүйелер арқылы уақытын үнемдеген мұғалім де, ыңғайлы сервиске қол жеткізген кәсіпкер де – бәрі өнімділікті арттырып, жалпыұлттық өсімге үлес қосады. Сандық даму – болашаққа салынған көпір ғана емес, жаңа экономиканың жүрегіне айналатын қуатты жүйе.

Сандық теңдік

Жетелі жобалардың жарқын үлгісі – «Қауіпсіз қала» бастамасы. Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған жоба бүгінде Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында және Осакаров ауылында нақты нәтиже бере бастады. Қазіргі таңда 3 056 бейнебақылау камерасы мен жол ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін 110 арнайы кешен орнатылды. Кешенді шаралар көп ұзамай, өз жемісін де көрсетті: жол-көлік оқиғаларының саны 12,7%-ға азайып, көшелер мен жолдардағы тәртіп едәуір жақсарған. «Қауіпсіз қала» жобасы – қоғамдық сана мен жауапкершілікті арттыруға, әрі қауіпсіз инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Байырқалы бастама алдағы уақытта да кеңейіп, өзге өңірлерге үлгі болары сөзсіз.

Қағазбастылықтан – онлайн жүйеге! Бүгінгі таңда облыс электронды мемлекеттік қызметтерді енгізу бойынша ел көлемінде алдыңғы қатардан көрініп отыр. Барлық мемлекеттік қызметтердің 94,5 пайызы egov.kz порталы, Telegram-боттар және мобильді қосымшалар арқылы онлайн түрде қолжетімді. Ал, қағаз түрінде көрсетілетін қызметтер үлесі 1 пайыздан да аз. Тек соңғы екі жылдың өзінде 16 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Яғни, аймақ тұрғындары цифрлы шешімдерге бейімділігін, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін іс жүзінде көрсетті. Иә, цифрландыру жай ғана техникалық жаңарту емес, заман талабына сай жаңа басқару мәдениеті, халыққа деген сенім мен ашықтықтың кепілі. Облыстың бұл бағыттағы қарқыны – ертеңгі «ақылды қоғамның» іргетасы қаланып жатқанын аңғартады.

Цифрлық теңдік дейтін болсақ, алдымен ауыл мен қала арасындағы алшақтық жойылу қажеттігін еске алар едік. Сандық дәуір тек ірі қалалар үшін ғана емес – елдің түпкір-түпкіріндегі ауылдарға да жетіп жатыр. Осы уақытқа дейін аймақтағы 39 ауылдық елдімекенде байланыс желілері жаңартылып, шалғайда тұратын халық заман талабына сай интернет мүмкіндігімен қамтылды. Ауыл тұрғындарының 91,1 пайызы интернетке еркін қосыла алады. Алайда, атқарылған жұмыспен шектелу жоқ. Биыл тағы 27 шағын елдімекенге интернет желісі тартылып, 3,6 мыңнан астам тұрғын сапалы байланыспен қамтылуда. Цифрландырудың шетсіз-шексіз игілігі ауылдық өмірге де серпін беріп, елдің барлық азаматына тең мүмкіндік ұсынуы – мемлекет саясатының басты жетістігі.

Қазыналы Қарағандыда орналасқан аймақтық IT-хаб – «Террикон алқабы» бүгінде жастар мен жаңа буын мамандар үшін тек білім алаңы ғана емес, инновациялық идеялар мен технологиялық серпілістің ошағына айналды. Цифрлық трансформация дәуірінде ордалы орталық өңірдің нағыз «ақылды жүрегі» бола білді. Бір жылдың ішінде ғана 150-ден астам іс-шара өткізіліп, 8 мыңнан астам адам қатысқан алаңда стартаптар мен заманауи жобаларға қолдау көрсетіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 140-тан астам стартап-жоба оқытудан өтіп, бірқатар ірі келісімшарттарға қол қойылды. Олардың жалпы кірісі бүгінде 450 миллион теңгеге жуықтады. Жоспар мұнымен шектелмейді. Былтыр 500 миллион теңге капиталы бар венчурлік қор құрылды. Ендігіде қосымша оқыту бағдарламалары ұйымдастырылып, талантты жастар мен технология саласындағы жаңа көшбасшыларды даярлау ісі одан әрі жалғаспақ.

Әлеуметтік қамқорлық шеңберінде аймақта он арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жаңа деңгейге көтеріліп, бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылды. Енді барлық қаржылық операциялар ашық түрде бақыланып, мекемелердің жұмыс тиімділігі нақты көрсеткіштермен өлшенуде. Мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді цифрландыру – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ізгі ниетті бастама. Арнайы қызметке мұқтаж жандар енді тез, әділ және сапалы қызметке қол жеткізе алады. Ең бастысы, Қарағанды облысында енгізілген бұл цифрлық тәжірибе басқа өңірлер үшін үлгі ретінде таратылмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button