Бүгін – Шаңырақ күні
Қазақтың келісті келіні атанған Ольга Худянның әкесі – қытай, анасы – украин ұлтынан. Бір қызығы, Ольганың тілі қазақша шығыпты. Әйгілі «Қоянды жәрмеңкесі» өткен жерде өмірге келген ол өлке тарихын қазақ тілінде тарқатқанда, таңдай қағып қаласыз. Осындай рухты қыздың Қарқаралыдағы Оқановтар әулетіне келін болуы жарасымды.

Тағдырдың жазмышымен Ольга әкесі Виктор Худян-Биннан, анасы Марина Оспичуктан жастайынан айырылады. Қос қанаты қырқылғанымен, өмірге деген өзгеше махаббаты қайратын мұқалтуға мұрша бермеді. Нағашы әжесі Людмиланың қолында өсіп, жылуын сезінеді. Жұдырықтай қыздың жанарындағы отты байқаған әжесі жанып тұрған жүрегіне от береді.
Ольганың қазақ тілін еркін меңгеріп кетуіне ортасының да әсері мол. Қаймағы бұзылмаған қайран орта! Қасиетті топырақ Қояндының қонысы. Ол осындағы №35 орта мектептен білім алады. Ондағы ұстаздар мен оқушылар Ольганың ана тіліне деген құрметін көріп, алақанына салады. Оқуда да озат оның ендігі ойлағаны – ұлағатты ұстаз болу.
Осы арманының ізіне түсіп, Қарағанды гуманитарлық колледжін бастауыш сынып мұғалімі және практикадағы психолог мамандығы бойынша тәмамдайды. Әрі қарай жоғары білімін тереңдетіп, Болашақ академиясында педагогика және психология мамандығы бойынша диплом алады.
Уақыт өте келе Ольга өзінің өмірлік жары Айдын Тұрсынұлымен отау құрады. Өзі өсіп-өнген қастерлі Қарқаралыға келін болады. Берекелі әулет Оқановтардың шаңырағының ақ келіні атанған оны өзге ұлт өкілі деп жатырқамай, керісінше құрметпен қарап, қолдауын көрсетеді. Бірақ, өзге ұлттың өкілі деген негізі болмаса, болмысы қазақтың қызы. Ұлттық салт-дәстүрлерді жетік білетін, келін әдебінің бәрін бойына сыйдырған ол, әрине, қайынжұртында сыйлы.
Ольга өлең оқығанды жанындай сүйеді. Және қалай оқиды? Ол осы бір бойындағы асыл өнері арқылы бірнеше телеарнадағы бағдарламаларға қонақ болып, көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Алмас Темірбай сынды лириктердің өлеңдерін жатқа соғады. Ең қызығы, осы өнері жолдасы Айдынмен танысуына сеп болыпты. Ольганың TikТok желісіндегі парақшасында кешкілік поэзия сағатын өткізіп отырғанын кезіктіріп қалған Айдын кілт тоқтап қалады. Талантына таңырқап қалған ол парақшасын ұзақ уақыт бақылап жүріп, сезімін білдіріп, алғашқы қадамын жасайды. Уақыт өте келе жарасып, сөз байласып, бақытты сәттерін бастан кешіріп келеді.
Жан-жақты Ольга – қоғам белсендісі. «Отан Орда» Қарағанды қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Мерекелік концерт жүргізеді. Театрларда өлең оқиды. Кәсіби шеберлігі сондай, Астанада өтетін ауқымды іс-шараларға да шақырту алады.
Қазіргі уақытта жолдасы екеуі отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Отағасы Айдын – жүк көлігінің жүргізушісі. Үнемі алыс сапарларға шығады. Ал, Ольга – логистика саласының маманы. Тапсырыс қабылдап, барлық құжатын заңдастырып, табысын есептеп әрі еселеп отырады.
Екеуі ата-аналарының ақ батасымен еншісін алып, қалаға қоныс аударады. Бірақ, қолдары қалт етсе қаладан қашып, ауылға қарай жол тартады. Ата-аналарының махаббатына бөленіп келеді. Онымен қоса, Ольга келіндік қызметін өтеп келеді.
Ауылға бара салысымен қазан көтеріп, ет асып, бауырсақ, шелпегін пісіреді. Ата-енесі жақсы көретін тәтті бәліштерін даярлап, дастарқанын толтырады. Ас үйдің шаруасына да пысық Ольга «Енем екінші анама айналды», – дейді.
– Анамнан ерте айырылғандықтан, үлкеннің жан жылуын аңсаймын. Енем Назира аз уақыттың ішінде ақылшыма, қамқоршыма, сырласыма айналды. Білмегенімді үйретеді, – дейді келісті келін Ольга.
Біз жақыннан таныған қазақтың ибалы келіні Ольга Худянның ізгілікті ізі жарасымды жалғасып, өнегелі өмірі сәнімен өрілуде.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



