Бүгін – Ораза айт мейрамы
Рамазан айы – сабыр мен шүкірдің, рухани тазарудың нұрлы кезеңі. Бір ай бойы ауыз бекітіп, нәпсіні тыйып, ізгілікке ұмтылған жұртшылық үшін айттың орны ерекше. Енді, міне, қасиетті ай өз мәресіне жетіп, көңілге қуаныш ұялатқан берекелі Ораза айт та келіп жетті.

Ораза айт – мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекенің бірі. Бұл күн тек оразаның аяқталуын ғана емес, адам бойындағы мейірім мен жанашырлықтың салтанат құруын айқындаса керек. Айт – өкпе-ренішті ұмытып, кешірімге жол беретін, ағайын мен туыстың арасын жақындататын татулық мейрамы.
Мерекенің рухани мәні қайырымдылықпен астасып жатыр. Айт күні жамағат болып намаз оқу, мұқтаж жандарға қол ұшын созу – әрбір мұсылман үшін үлкен сауапты іс. Биыл өңірімізде Ораза айт намазы таңғы сағат 07:15-те оқылатынын қаперлеріңізге саламыз.
Сондай-ақ, айт – ақ тілектер мен ақ дастарханның мерекесі. Бұл күні әрбір шаңырақта дәмді астар әзірленіп, ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірін құттықтап, «Айт қабыл болсын!» айтысады. Үлкендердің батасын алып, кішілерге базарлық үлестіру – қанымызға сіңген асыл дәстүріміздің бірі. Осылайша, мереке отбасылық құндылықтарды нығайтып, қоғамдағы бірлік пен берекені арттыра түседі.
Облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы барша мұсылман қауымын осынау ұлық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – Ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – мейірім мен қайырымдылықтың, кешірім мен ізгіліктің салтанат құрған сәті. Жаратқан Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл еткей. Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін, – деді бас имам.
Рамазан айында қалыптасқан игі амалдар мен жақсы әдеттер айттан кейін де жалғасын табуы тиіс. Өйткені, оразаның басты мақсаты – адамды рухани тұрғыда кемелдендіріп, жамандықтан жирендіру. Рухтың тазалығы мен жүректің кеңдігі тек бір аймен шектелмей, өмірлік ұстанымға айналса, бұл – оразаның шынайы жемісі болмақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



